Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Түркістан қаласында Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы өтеді.
Ұлттық құрылтай – ұйысу мінбері
1,088
оқылды

Бұған дейін Ұлытауда алғашқы отырысы өткен алқалы жиынның  қасиетті Түркістан қаласында өтуінің өзіндік мәні бар. Кезінде осы аумақтағы Қарақұм, Ордабасы құрылтайлары Жоңғар шапқыншылығына қарсы күш біріктіруге, тұтас ұлтты ұйыстыруға шақырғаны тарих бетінде таңба­ла­нып қалды. Сол секілді киелі өңірде өтетін Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысынан да күтеріміз көп. 

Осыдан тура бір жыл бұрын Ұлытауда Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өткен еді. Елдегі ауқымды саяси өзге­рістердің ізашары саналған жалпы­халық­тық референдумнан кейін ұйымдас­тырылған басқосуда ел дамуына қатысты көптеген мәселе сөз болды. Ең бастысы, құрамы еліміздің барлық өңіріндегі қо­ғам­дық кеңес мүшелері мен белсенді азамат­тардан жасақталған Ұлттық құрылтайды билік пен бұқара арасындағы берік бай­ланыс орнатудың тетігі ретінде қарастыруға болады. Әсіресе Ұлттық құрылтай халықтың үн қату мінберіне айналды. Өйт­кені бұл құрылымның мүшелері қоғамның әр санатынан іріктеліп алынды. Пре­зиденттің өзі Ұлттық құрылтай мүшелерін іріктеуге қатысты: «Біз көпті көрген ел ағаларының ақыл-кеңесіне жүгінеміз. Белсенді азаматтық ұстанымы бар орта буынның тәжірибесін ескереміз. Жаңаша ойлайтын жастардың тың идеяларын қолдаймыз», деген-ді.   

 Сонымен қатар сол жолы Мемлекет басшысы құрылтай шақыру ата дәстүр екенін алға тартып, қазақ қоғамында маңызды мәселелердің осындай алқалы жиында талқылағанына назар аударған еді.  

«Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз  маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген.  Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген.

Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары  жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құ­рылтайда Алаш автономиясы жарияланды.  

Егемендік кезеңінде Дүниежүзі қазақ­тарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Бұл жиында сырттағы қандастарымыз  Атамекенге шақырылды. Ұлы көш Тәуелсіз Қазақстанға бет алды», – деді Президент. 

Демек, Құрылтай елдегі, қоғамдағы іргелі өзгерістер мен дамудың бастауында тұрды десек қателесе қоймасымыз анық. Бұл орайда бұған дейін халық үніне құлақ түрудің платформасы  ретінде қарас­тырылып келген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін алмастырған Ұлттық құрылтайдың да ұлық істерге ұйытқы боларына күмән жоқ. Мәселен, былтырғы Ұлытауда өткен алғашқы отырыста Мемлекет басшысы елдің тарихи жадын жаңғыртудың бір жолы ретінде  ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне өзгеріс енгізу жайына тоқталған.  Сол жолы Президент ел егемендігі туралы декларация қабыл­данған 25 қазандағы Республика күніне  ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Осылайша, былтыр ұлық мереке араға 13 жыл салып қайта тойланды. Ең бастысы, бұл күн ұрпақ санасында Егемендік күні ретінде жаңғырды. Бұл сөз жоқ Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысының нәтижесі дей аламыз. 

Жалпы құрылтайдың 117  мүшесі алқалы басқосуда ғана жиналып, мәселе көтермейді. Олар келесі жиынға дейінгі аралықта жергілікті жерде, өз саласы бойынша өзекті мәселелердің астарына үңіліп, олардың өзектілігіне көз жүгіртеді. Сол үшін де Ұлттық құрылтай құрамына Парламент депутаттары, саяси партиялар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, үкіметтік емес және кәсіби ұйымдардың өкілдері ең бастысы өңірлік қоғамдық кеңестердің мүшелері тартыл­ған. Олар Ұлттық құрылтай отырысынан басқа кездерде де Президенттің қабыл­дауында болып, өзекті мәселелерді уақыт оздырмай шешу жайын талқылай алады. Сонымен қатар Ұлттық құрылтай мүше­лерін ауыстыру мүмкіндігі қарастырылған. Сол арқылы азаматтық ұстанымы бар,  кез келген отандасымыз елдік мәселелерді шешуге үлес қоса алады. 

Мәселен, Ұлытаудағы кездесуден кейін Президент Ұлттық құрылтайдың Т.Әубәкіров, С.Ақылбаев, А.Байменов, Р.Баталов, Б.Ізмұхамбетов, Ж.Күлекеев, С. Худяков, И.Салжанов, Д.Тұрлыханов, Т.Қалиев сияқты мүшелерін қабылдады. 

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бұл алаңда қоғамдағы өзекті мәселелер ұдайы талқыланатынын айтады. 

 «Ұлттық құрылтай – Президент жа­нындағы негізгі консультативтік-кеңесші орган. Мемлекет басшысы бұл ұйымды құру туралы бастаманы өткен жылғы Жолдауында көтерген болатын. Қазіргі уақытта Ұлттық құрылтай Мем­лекет бас­шы­сының қоғам белсенділерімен және сарапшылармен арадағы тікелей диалогын орнатып, оны дамытып отыр», – дейді Е.Қарин.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайда үш құндылық негізге алынатынын атап өтті. Бұл институт өз қызметінде  идеологиялық тұжырымға сүйенеді. Яғни Ұлттық құрылтайдың мемлекет тарихындағы рөліне көңіл бөлінеді. Сонымен қатар Ұлттық құрылтай ұлтты ұйысуға шақырады. Осы тұрғыдан алып қарағанда құрылтайдың бірінші отырысының Ұлытауда өтуі бекер емес.  

«Үшінші ой – мемлекет мүддесі бәрінен биік. Республика күнін қайта жаңғыртып, оған ұлттық мереке мәрте­бесінің берілуі – Тәуелсіздік идеясы мен мемлекеттік құндылықтарды берік орнық­тыра түсуге бағытталған. Осы үш құнды­лық, атап айтқанда, біздің мемлекетіміздің тарихи тамыры тереңде екенін таныту, ұлтты ұйысуға үндеу, мемлекет мүддесін бәрінен биік қою жаңа қоғамдық шартты қалыптастыру кезінде біздің ең басты бағдарымыз болады», – дейді Е.Қарин.

Ұлттық құрылтайдың Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесінен тағы бір айырма­шылығы сол мұнда  жергілікті маңызға ие мәселелерге де баса назар аударылады. Бұл іске Ұлттық құрылтайдың өңірлердегі мүшелері атсалысады. Сондай-ақ  «Хабар» және «Qazaqstan» телеарналарындағы арнайы бағдарламалар да аймақ тұрғын­дарын алаңдатқан  мәселелерге басымдық береді. 

Былтыр желтоқсанда Quryltai мобильді қосымшасы іске қосылды. Бұл плат­фор­маға азаматтар көкейлерінде жүрген мәсе­лелерге қатысты  өз ойлары мен ұсы­ныстарын жолдай алады. 

Қазақстандық қоғамдық даму инсти­тутының сарапшысы Бауыржан Серік­баев­тың пікірінше, құрылтай  дала демо­кратиясының ажырамас бөлігі саналады.

«Кезінде тарихымызда ел басына күн туған заманда елдің бетке ұстар азаматтары жиналып, құрылтайда елде туындаған мәселелерді көтеріп, дер кезінде шешіп отырған. Осынау алмағайып сәтте елді толғандырған мәселелерді құрылтайда елге танымал тұлғалар көтеріп, шешу жолын қарастырғаны  бірлігімізді арт­тыратын дұрыс бағыттардың бірі.  

Мемлекет басшысының бастамасымен құрылғаннан кейін Ұлттық құрылтайдың Қазақстан заңдарының шеңберінде нақты әрекет ететін мүмкіндіктері пайда болады. Алдағы уақытта бұл институт еліміздің ұзақмерзімді даму перспективаларын анықтайтын құрылымға айналады деп сенемін», – дейді ол. 

 

Ұлттық құрылтайдың кешегі секция­ларында талқыланған өзекті мәселелер алқалы жиында бұл жолы да қоғам наза­рын­дағы  түйткілдер талқыланатынын аңғар­тады. Ал күллі қазақстандыққа «Кеңесіп пішкен тонның келте болмасына» иек артады.

Шынболат КҮЗЕКБАЙ