Мектеп сату мақтаныш емес

Жуырда Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Алматы облы­сындағы мемлекеттің қарауын­дағы білім ошағы бәз біреулердің жекеменшігіне айналып кеткеніне алаңдаушылық білдірген болатын.

Айтуынша, Қарасай ауданы Шал­қар ауылындағы 250 балаға ар­налған орта мектепке толығымен күрделі жұмыс жүргізіліп, артынан 15 миллионға жекеменшікке са­тылып кетіпті. Ауыл тұрғындары жаңа қожайыны балабақша ашады деп үміттеніп жүргенде, ғимаратты келесі бір кәсіпкер 80 миллион теңгеге сатып алған. Күні кеше ғана облыс басшысы қолдан-қолға өткен мектепті үшінші қожайыны мемлекетке қайтарып бергенін айтып отыр. Әрине, мемлекет меншігіндегі мектептің алғашқы бағасы нарықтағы үйден де арзан бағаға өтіп кеткені күдікті күшей­теді. Десе де, елдегі апатты жағ­дайдағы мектептер мен халық үдере көшкен елді мекендердегі жабылу алдында тұрған білім ошақтарын игілікті іске пайда­ланып, жекеменшікке берудің де қажеттілігі бар ма деген ой туады. Себебі... 

Қолдан-қолға өткен

Әңгіменің әлқиссасын алдымен әл­гінде айтқан мектептің жай-жапсарынан бастасақ, жұрттың назарын аудартқан мектептің ғимараты о баста апатты бо­лып танылған. Сондықтан оқушылар ауылдағы жаңа мектепке көшіріліп, ескі мектеп ғимаратына толығымен күрделі жөндеу жасалып, жаңадан спорт залы салыныпты. Оқу орны алғашында ау­дандық білім бөлімінен «Қарасай тұрғын үй құрылысы» деген әкімдік иелігіндегі компанияға өткен. Аумағы 1 585 шаршы метр ғимарат 75 сотық жерімен бірге 15 миллион 224 мың теңгеге бағаланыпты. Тура бір айдан соң аудан әкімдігі ком­панияның балансында тұрған ғимаратты сату туралы қаулы шығарған көрінеді. Ал бір апта өткен соң ғимарат 19 жастағы Шерхан Әлібекұлының атына рәсім­деледі. Көп ұзамай жылжымайтын мүлік Гүлмира Омарова, Нұрсұлтан Шорманов деген жаңа қожайынның қолына өт­кенімен, бір жарым жылдан соң «Ірге­тас-Құрылыс-ІІ» деген компания бас­тапқы бағасынан бірнеше есе қымбат бағаға, яғни 80 миллион теңгеге сатып алады. Жаңа қожайыны кәсіпкер Әлібек Сәрсенов Алматы облыстық мәсли­хатының депутаты болған. Ақпарат көздерінің дерегінше, ол сол жылдары ауданның құрылыс саласында түрлі тендер алып, мемлекеттік тапсырыстар орындап келіпті. Ақыры ол да мектеп ғимаратына ауыл халқына уәде етіл­гендей балалардың игілігіне жұмыс істейтін балабақша ашудың орнына сыйға тарту шартымен діни басқармаға қарасты қарилар орталығының дирек­торы Сәдуақас Олжабай деген азаматқа береді. Осылайша, ғимарат соңғы рет дін өкілінің меншігіне өткен екен. 

Қазір ғимараттың сатып алу-сату шартына қол қойған сол кездегі аудан әкімі Махаббат Бигелдиев бұл жерде ешқандай заңбұзушылық болмағанын алға тартыпты. Айтуына қарағанда, балаларды жаңа мектепке көшіргеннен кейін лицензиясы бар мекемені ша­қыртып, талапқа сәйкес бағалау жүр­гізілген. Олардың бағалауынша, ғимарат 15 миллион 224 мың теңге болған. Сөйтіп, облыстық Білім басқармасы қаңырап тұрған ғимарат бұзылып кеткенше, балабақша жасаймын деген адам болса, су тегін беруге келісім берген. Алайда тегін беру деген механизм жоқ болғандықтан, ауданда кәсіп­керлікпен айналысып жүрген адамға 15 миллион теңгеге сатылыпты. Ғимарат­тың екінші қожайындары «балабақша ашамыз» деп кәсіпкерден сатып алып, жөндеу жұмысын жүргізеді. Алайда құрылысты ары қарай жалғастырудан бас тартып, сатқан қожайынына қай­та­рып береді. Бірінші иесі құжат бойынша студент болғанымен, ол мектепті екінші қожайындарынан сатып алған Әлібек Сәрсеновтің ұлы. Шыққан шығындарын төлеп, ғимаратты 80 миллион теңгеге қайтара сатып алған Әлібек Сәрсенов құрылыс жұмысын өзі аяқтаған. Бірақ балабақшаны жүргізуге мемлекеттен тиісті қолдау болмағандықтан, ауыл хал­қының қажеттілігін өтеуден бас тартқан көрінеді. Сондықтан былтыр ғимаратты қарилар орталығының директоры Сәдуақас Олжабайға су тегін сыйға тартқан. Себебі қыруар қаржыға сатып алынып, күрделі жөндеу жұмысы жүр­гізілген ғимарат қаңырап бос тұрғанша, қажетке жарасын деп ойлағанын жет­кізіпті. Өкінішке қарай, соңғы қожайын­дары да бірнеше рет аудандық, облыстық әкімшілікке хабарласып, хат жазады. Тағы да қолдау болмаған соң олар да балабақша ашу ойынан айнып, амал жоқ, биыл наурызда әкімдікке ғима­ратты қайтарып алу туралы ұсынысты өздері тастапты. 

Істің ақ-қарасын білетіндер апатты мектеп мемлекет қаражатына жөндел­мегенін айтады. Керісінше, қолдан-қолға өтіп, қожайындардың қалтасынан күрделі жөндеу жүргізілген ғимараттың өзін қажетке жарату мүмкін болмаған көрінеді. Сондықтан мүлік иесі жақында ғана сенімхатын алып, әкімдікке ғи­маратты тегін қайтару туралы өтініш қалдырған. 

Бір теңгеге бағаланған білім ошағы

Есте болса, осыдан бір-екі жыл бұ­рын еліміздің солтүстігінде үш оқушысы бар мектеп жабылған. Сөйтіп, ғимарат­тың бастапқы бағасы 3,7 миллион теңгемен аукционға қойылған болатын. Мектеп ғимаратын сату бойынша аук­цион төрт рет өткізілгенімен, жаңа қо­жайын табылмапты. Кейіннен су тегінге беру мүмкін болмаған соң аук­ционға 1 теңгеге бағаланады. Алайда бір теңгеге бағаланған білім ошағын ешкім сатып алмағаны туралы ақпарат тараған еді. 

Соңғы жылдары өңірлердегі шағын елді мекендер мен шекара маңындағы ауылдардың қаңырап қалуынан мек­тептер жаппай жабылып жатыр. Статистикалық деректерге көз салсақ, бір жылдары жылына елдегі 100 мек­тептің есігіне құлып салынған екен. Кезінде бұл мәселе Парламентте де айтылып, депутаттар шет аймақтағы мектептердің ахуалына алаңдаушылық білдірген. Мәселен, Ақтөбе облысында да алдыңғы жылдарда бастауыш мектептері жаппай жабылған. Оның себебін облыстық Білім басқармасы ауылдардағы бала санының аздығымен түсіндірген болатын. Мұндай мек­тептердің тағдырын кейінгі жылдары Ақмола облысындағы білім ошақтары да бастан өткізуде. Мұнда да сол, 90 орынға есептелген мектептің өзінде бала санын толтыру  өзекті болып отыр. Бүгінде өңірде жалпы орта білім беретін білім ошағына қарағанда шағын жи­нақты мектептер саны артып келеді. Айналдырған үш жылда өңірде 17 мек­теп жабылған кездер болыпты. Кейінгі жылдары білім ошағынсыз қалуы мүм­кін мұндай ауыл саны артпаса, ке­мімейтін түрі бар. 

Әсіресе, шекара маңындағы ауыл халқы үдере көшіп, талай балаға рухани азық берген білім ошақтары жабылып жатыр. Алматы облысы Райымбек ауданындағы жабылған мектептер туралы айтқан қоғам белсендісі Мақпал Шадан: «Аудандағы 3-4 ауылда адам санының жетіспеушілігіне байланысты жабылған мектептер бар. Сондай-ақ бала саны аз жабылу алдында тұрған мектеп те баршылық. Осыдан 3-4 жыл бұрын Сарыкөлдегі мектептің есігіне қара құлып салынатыны туралы ай­тылған. Бірақ «шықпа жаным, шық­памен» келе жатқан мектепте қазір 7 бала білім алып жатыр», – дейді. Сөзінен ұққанымыз, бұл аймақта да бала санын толықтыру бас ауруға айналып, жабылу алдында тұрған мектеп мәселесі күннен-күнге өзекті бола түскен. 

Бұл мәселе Шығыстағы ауылдардың да басында бар. Өңірдегі қоғам бел­сендісі Дарын Нұрсапардың айтуынша, аймақта адамы жоқ ауыл көбейіп келеді. Оған сәйкес, тұрғындары көшіп кеткен ауылдардағы мектеп қараусыз қалады. «Біздің аймақта оқушы санын толтыру мүмкін бол­мағандықтан, жабылып жатқан мектеп көп. Сондықтан ғимарат жекеменшіктің қолына беріледі. Бұл амалсыздан жа­салған дүние деп ойлаймын. Себебі ғимаратты қажетке жаратып, пайдаға асыру керек. Әйтпегенде, ішіндегі құрал-саймандары қирап, бұзылып жатқан мектеп ғимараттары бар. Мы­салы, өзім оқыған Ұлан ауданында Ақтау деген мың кісілік елді мекен бол­ған. Қазір сол ауылдағы мектеп ғи­маратының быт-шыты шыққан. Алға­шында фабрика болып іске қосылған ғимарат 1996 жылы жабылып, кейіннен 3 қабатты мектеп болды. Кейін жартылай қалашық статусы бар ауылдан да халық үдере көшіп кетті. Қазір ауылдағы үлкен мектеп пен бес қабатты үйлер қаңырап бос тұр. Бір барғанда қашасы, бір бар­ғанда терезесі жоқ. Келесі барғанда мектептің өзі де қалмай ма деп ой­лай­мын. Мұндай ауылдар Шығыс Қазақстан облысында өте көп. Шекара маңындағы ауыл халқы екі қолға бір күрек таппай қалаға кетті. Ақтау елді мекеніндегі мектепте 2013 жылдың өзінде 11-сы­ныпты бір бала бітірген», – дейді ол. Сондықтан қоғам белсендісі талай шә­кіртті түлеткен тарихы терең мектеп ғимаратын ит пен құсқа талатпай, же­кеменшікке берудің де қажет тұсы бар екенін тілге тиек етті. 

Оқушыларға обал жасады

Шалғай ауылдағы білім ошақтары ғана емес, қаладағы қазақ мектебінің де төбесіне қара бұлт үйірілген екен. Орал қаласының тұрғыны Динара Қыдыр­байқызы қаладағы өзі қызмет еткен қазақ мектебін жабудың қандай қажет­тілігі болғанын білмей дал. Айтуынша, жергілікті әкімдік қатар тұрған екі мек­тепті жауып, оқушыларға обал жасапты. «Іргелес тұрған екі мектептің бірі қа­лалық жалпыға ортақ білім беретін мектеп, ал біздің облыстық мектеп «Сауықтыру мектеп-интернаты» болып аталды. Қазір жабылған мектептің оқушылары қасымыздағы жалпықа­лалық білім беретін мектепке қабыл­данды. Сөйтіп, жабылған мектепте қазір қалалық мектептің бөлімшесі ретінде бастауыш сыныптар оқып жатыр. Ал қалалық мектептегі балалар үш ауы­сымда білім алуға мәжбүр. Себебі бала саны көп. Мектептің жабылуына не түрткі болғанын ешкім нақты түсіндірген жоқ. Білім ошағы сауықтыру мектебі болып аталғандықтан, бізде өкпе ау­руымен ауыратын ата-аналардың ба­лаларын үй ішінен оқшаулау мақсатында құрылған. Бір білетініміз, «қазір өкпе ауруымен ауыратын адамдар жоқ» деген желеумен жапты», – дейді қала тұрғыны. Оның сөзінше, бөлімше ретінде ұстап, оқушыларды да үш ауысыммен қина­ғанша даңғарадай мектепті түгел пайдаға асыру қажет. Өкінішке қарай, кезінде Оралдағы қазақ мектептерінің қара шаңырағы болған мектептің ғимараты толық пайдаланылмай, тоз-тозы шық­қан. Махамбет мектебінен қалған жал­ғыз белгі сол, мұғалімдердің өз күшімен жасақталған музей материалдарының осы білім ордасының негізі қаланған Бөкей Ордасы ауданының тарихи мұражай кешеніне өткені ғана болып тұр. Бүгінде 59 жыл ішінде бірнеше буын ұрпақ біліммен сусындаған мектеп ғимаратының бастауыш сыныптарын оқытатын бөлімшеге айналғаны орал­дықтардың да жанына батып отыр. 

Орал қаласының шенеуніктері қолда бар алтынның қадірін кетіріп отырғанда Қызылорда облысы атқамінерлері апатты үйлерді жеке инвесторлардың көмегімен күрделі жөндеуден өткізіп, халық игілігіне қайта беруді қарастырып, көрегенділік жасап отырған көрінеді. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, аймақта жекеменшікке са­тылып кеткен мектеп жоқ. Керісінше, ай­мақтағы қалталы азаматтар өз қара­жатына білім ошағын салып, өңірдегі рухани дамуға өз үлесін қосып келе жатқанын айтқан облыс әкімі: «Үш ауысымда білім беретін, сондай-ақ алты апаттық жағдайдағы мектебіміз бар. Оның біразын алдағы уақытта жеке кәсіпкерлердің инвестициясы арқылы шешеміз деп отырмыз», – дейді. 

Сенат депутаты Руслан Рүстемов те апатты мектептерді азайтып, үш ауы­сымды оқыту мәселесін түбегейлі шешу үшін жеке кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау ауадай қажет деп отыр. Себебі қазіргі жүйенің тиімді жүзеге асып отырғанын байқау қиын. Мәселен, жыл сайын мемлекеттік бюджеттен әлеу­меттік салаға бөлінетін қаржы көлемі өскенімен, қаражатты тиімді жұмсаудың тетігі жоқ. Айталық, Оқу-ағарту ми­нистр­лігі 5,2 млрд теңгені тиімді игер­меген. Былтыр білім саласында 136 орындық 247 жаңа мектеп іске қосылған. Алайда жаңа анықталған үш ауысымды және апатты мектептердің саны 162-ден 201-ге дейін өскен. «Министрлік үш ауысымды және апатты мектептердің үлестік көрсеткішін дұрыс орында­мауынан және 60 мектептің дер кезінде іске қосылмауынан қазір елде 59 апатты және 133 үш ауысымды мектеп бар. Ал Президент тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін екі ауысымды 842 мың оқушы орынды қамтитын 401 жайлы мектеп салынуы керек», – дейді ол. Осылай деген депутат елімізде үш ауы­сымды мектеп мәселесін жоя алмай отыр­ғанда әлемдік тәжірибе екі ауы­сымды мектептердегі балалар толық сапалы білім алуға мүмкіндік ала алмай­тынын айтып дабыл қағып отырғанын жеткізді. Айтуынша, бүгіннің өзінде бірқатар ел екі ауысымды мектепті тө­тенше жағдайда ғана қолданады. Тіпті, экономикасы дамымаған елдердің өзі екі ауысымды мектептерден жаппай бас тартып жатқанға ұқсайды. Ал біздің елде 5 баланың 4-уі екі ауысымды мектептерде білім алады. Сондықтан Руслан Рүс­темұлы қазір жеке инвестор тарту ар­қылы мектеп санын арттыру қажет екенін айтады. Қажет болса, олардың қызығушылығын арттыру үшін Үкімет инвесторға жерді тегін беріп, инженерлік коммуникация желілерін жеткізу, жеңіл­детілген несие беру, салықтық пре­фе­ренция қарастыру секілді қолдауды да аянып қалмау қажет деген пікірде. 

Демек, жоғарыда айтылған апатты әрі жабылу алдында тұрған мектептерді тегін пайдалануға беріп, білімді ұрпақ қалыптастырудың қажетті тетігін қарас­тырудан ұтарымыз көп секілді. Сон­дықтан қолдан-қолға өткен ескі ғима­раттардың есігіне қара құлып сала бергеннен гөрі жұрт игілігі үшін жарата білетін кәсіпкерлерге беріп, қайырлы іс қылса қателік пе? Мүмкін, туған жерінен үдере көшкен халыққа үміт сыйлаудың жалғыз амалы осы болар, кім білсін.

Жадыра МҮСІЛІМ

Қуаныш САПАРБАЕВ (коллаж)