Бүлдіршіннің тілі былдырлап шығып, сөзді мағынасымен бірге қабылдауды үйреніп, әлемді тани бастағанда ақ пен қараның аражігін ажыратуға тәрбиелейтін бірден-бір құрал – ол ертегі.
Қазақ әдебиеті ертегі мен жыр, дастан, қисса, аңызға бай. Көзімізді ашқалы тыңдап, оқып келе жатқан ертегілердің ұрпақ тәрбиесіне сіңірген үлесі өлшеусіз. Өйткені өсіп келе жатқан өскін ертегі арқылы өз тарихымен, тілімен танысып, тынысы ашылады. Жаһандық жайлаған заманда еш өзгеріссіз қалған дүние кемде-кем. Салт-дәстүрдің жалпылай алғанда көнекөз дүниенің барлығының дерлік тоз-тозы шыққан. Асыл жауһарлардың жай-күйі үнемі қолданылмаған соң тот басып қалған темірдей. Ертегі сол жауһардың бірі де бірегейі. Алайда қазақ ертегілерінің қазіргі жағдайы қалай екен? Бала тәрбиелеп отырған отбасыларда қазақ ертегілері оқыла ма?
Ертегінің басты мақсаты – жақсылыққа баулу. Сондықтан ертегідегі кейіпкерлер мен құрал-саймандары өзгеріске ұшырағанымен, мәні мен мағынасы жойылған жоқ. Тек кітаптағы салт-дәстүр, салт пен сана, дүние-мүлік өзгерді. Мысалы, бүгінгінің ертегісінде киіз үйдің орнын ғимарат, ал қазан-ошақтың орнын газ бен плита басқан. Бүгінгі балалар әдебиетінің мазмұны сол қалпы. Қысқасы, жеткізу жолы ғана өзгеше. Ұлттық ғылыми кітапхананың балалар әдебиеті бөлімінің жетекшісі Клара Көпжасарқызының айтуынша, балаларға арналған қысқа ертегі, әңгімелерді жазып жүрген Серікбол Хасан мен Жандос Әуелбекұлын ерекше айтуға болады. Олардың тұрақты оқырмандары кітапхананың балалар бөліміне де жиі бас сұғады екен.
«Мұнда мектеп оқушылары үнемі келіп тұрады. Балалар тек кітап оқып қана қоймай, бөлім меңгерушісі мен мектеп мұғалімдерімен біріге отырып авторлармен кездесулер өткізіп, ойындар жүргізеді. Мектеп жасына дейінгі балалар да ата-анасымен бірге келіп осында уақыт өткізеді», – дейді бөлім меңгерушісі. Кітапхана қызметкері әр келген баланың қызығушылығы мен деңгейіне байланысты кітаптар ұсынады екен. Смартфонға қызығушылық артқан заманда кітапханаға келіп, ертегі оқитын бүлдіршіндердің бар екендігі қуантады. Тек қазіргі балалардың талғамы тарихы мен салт-дәстүрді санасына тоқытудың құралына айналған бұрынғы ертегілерді, кейіпкері өзгергенімен тектілікке тәрбиелейтін қазақ тіліндегі әңгімелерге келгенде әуестігі төмен. Кітапхананың кішкентай оқырмандарының көбісі шетел балалар әдебиеті мен орыс, ағылшын тіліндегі кітаптарға қызығады. Клара Көпжасарқызы заманның талабына сай көп тілді білуде шетел әдебиетіне қызығу да дұрыс шығар дегенді айтады. Алайда шетел әдебиетінің өн бойында өз ұлтының әдеті мен ғұрпы, салты мен дәстүрі көрініс табатынын білеміз. Өкінішке қарай, өзге елдің әдебиетіне үйірлік өз тарихынан жеруге, өзінің тілі мен ділінен, дінінен адасуға алып келмес пе екен. Себебі басқа тілде кітап оқитын балалар ертегіні тәрбиенің құралы емес, тек әдебиет ретінде ғана қарайды. Ал қазақ ертегісінің бойында ақ пен қараның айырмасы ғана емес, елге, жерге, отанға деген сүйіспеншілікке баулу жатыр. Шындығы сол, бүгінің үлкендері балаларына «Алиса ғажайыптар елінде», «Гарри Поттерді» емес, қазақтың «Ер Тарғыны» мен «Ер төстігін», «Қобыланды» мен «Махамбетін» оқытып, құлағына сіңіре берсе, әр баланың бойында Отанына деген сүйіспеншілік оянары анық.
Күлзира АХИРАТ,
ЕҰҰ студенті