Whatsapp желісі арқылы коронавирустан сақтанудың шаралары туралы «Жақсылық Досқалиев айтыпты-мыс» деген хабарлама тараған еді. Онда қауіпті вирустан сақтанудың алғышарты ретінде ашқарынға сарымсақ жұту, қайнаған су ішу қажеттігі айтылған. Мәселенің анық-қанығын білу үшін Жақсылық Досқалиевке қоңырау шалдық.
– Мұндай хабарламаны кім таратқанын білмеймін. Бұл – ақымақ адамдардың ісі деп қабылдаймын. Мұндай хабарламаны кімнің не үшін жасап отырғаны белгісіз. Әлде елді адастыру үшін істеп отыр ма, ол жағы да белгісіз. Мәселенің ақ-қарасын құқыққорғау органының өкілдері анықтайтын болар. Ондай адамдар жауапқа тартылуы керек. Мұндай хабарламаға менің қатысым болуы да мүмкін емес. Коронавирус – өте қауіпті инфекция. Бұл вирус бүкіл әлемге тарап кетті деп айтуға болады. Одан 3 мыңға жуық адам қайтыс болды деп жатыр. Бұл адамзатқа төнген қатер деп қабылдау қажет. Сондықтан уатсап, мессенджер арқылы тарап жатқан «ақпараттың» бәріне сенуге болмайды. Күнбе-күн бас дәрігер Жандарбек Бекшин нақты ақпараттар беріп жатыр. Қай елге бару керек, қай елге бармау керек екенін де айтуда. Бұл – бір. Денсаулық сақтау саласы күнде 24 сағат демалыссыз жұмыс істеп, елге осы індетті кіргізбеу үшін жанталасып жатыр. Барлығымыз бірдей жұмылып, осы індетке қарсы тұруымыз керек. Бұл біздің қолымыздан келеді.