Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында 20-21 маусым аралығында Халық­аралық волонтерлер форумы өтті.
Еріктілер – мейірім елшілері
643
оқылды

 Мемлекет бас­шысы Қ.Тоқаев форум ба­рысында волон­терлерді бү­гінгі адамзаттың элитасына теңеді. Форумның негізгі мақ­саты – волонтерлік қозға­лысты дамыту мен оны қолдаудағы отандық тәжіри­бені халықаралық деңгейде көрсету.

Халықаралық волонтерлер форумына 34 елден 140-тан аса шетелдік қатысушы келді. Спи­керлер қатарында БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Құрбанов, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының бас хат­шысы Сұлтан Раев, Түркітілдес елдер парламенттік Ассамблея­сының бас хатшысы Мехмет Сурейя Эр, Тәуелсіз Мем­ле­кеттер Достастығы Атқарушы хат­шысының орынбасары Дәурен Абаев, режиссер, Қазақстандағы БҰҰ-ның тұ­рақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори және т.б. бар. Халықаралық форумға ерік­тілерден басқа 50-ден астам шетелдік спикерлер келді. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров айтты.

Форум барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлерді адамзаттың элитасы деп атады.
– Бұл форум бірлескен әрекеттер маңызды рөл ойнайтынын көрсетеді. Біз әлемде бұрын-соңды болмаған түрлі проблемаларға кездесіп отырмыз. Сондықтан қазір жарқын болашаққа деген үмітті өшіріп алмау үшін ымырашылдық өте қажет. Мен халықаралық волонтерлік бағдарламалар тиімді екеніне және жеке тұлғалар арасындағы дипло­матияны ілгерілетуге мүмкіндік беретініне сенім­дімін. Өз өмірін өзгелерге арнап жүргендерге, әсі­ресе мұны халықаралық деңгейде істеп жүргендерге алғыс білдіргім келеді. Өйткені оларды адамзаттың элитасы, бейбітшілік пен мейірімінің нағыз ел­шілері деп айтуға болады, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің арнайы құттықтауын БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори форум қатысушыларына жеткізіп берді.
– Мен Халықаралық волонтерлер форумына өз құттықтауларымды жеткізіп, Қазақстанға волонтерлікті дамытуға, озық тәжірибе алмасуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға деген адалдығы үшін алғыс айтамын, – дейді құттықтау хатында.
Халықаралық волонтерлер форумында БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Курбанов халықтың жаһандық қартаюымен бірге зейнеткерлік жастың ұлғайып, біршама мамандықтарға жол ашылатынын айтты.
– Ұлы ақын айтқандай, «махаббатқа барлық жас бағынады». Бүгінде біз еріктілік махаббат сияқты жас шектеуін мойындамайтынын байқаймыз. БҰҰ-да еріктілердің жасы – 18-ден 82-ге дейінгі аралықта, – деді Тойли Курбанов.
Форумда Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров волонтерлер саны артқанын, еліміздегі волонтерлік қозғалыстың жаңа белеске көтерілгенін жеткізді.
Сонымен қатар форумда Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Сырым Шәріпханов волонтерлерге Абай облысындағы орман өртін сөндірудегі ерен еңбектері үшін алғыс айтты. Қостанай облысындағы табиғи өртті сөндіру, Екібастұз қаласындағы төтенше жағдайды жою, Түркиядағы жер сілкінісінің салдарын жою кезіндегі волонтерлердің көмегінің қаншалықты маңызды рөлге ие болғанын қоса жеткізді.

Жанел ҚҰТТЫБАЙ