Мұнайлы өңірдің ел экономикасына қосар үлесі қомақты.
Мұнайлы өлкеде  өнеркәсіптік аймақ құрылады
407
оқылды

Бұл туралы аймақта атқарылған шаруалардың есебін беріп, әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштеріне тоқталған Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов мә­лімдеді. Облыс әкімінің айтуынша, әкімдікте Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау үшін жүйелі шаралар қабылданып жатыр.  

Облыстың жыл басынан бергі бес айдағы әлеуметтік-эконо­микалық даму қарқынын тілге тиек еткен өңір басшысы баян­дамасын әуелі макроэ­кономи­калық көрсеткіштерден бастады.  Былтыр жалпы өңірлік өнім 14,1 триллион теңгені, ал респуб­ли­каның жалпы ішкі өніміндегі облыс экономикасының үлесі 13,7 пайызды құрап отыр. Сонымен бірге өнеркәсіпті дамытудағы ат­қарылған шаруалардың нәтижесі байқалады. Мәселен, елдегі ең алғашқы ірі инвестициялық жо­балар Атырау облысында жүзеге асырылыпты.

Былтыр қаңтар-мамыр айла­рында өңірдегі өнеркәсiп өнiмiнің көлемi былтырмен салыстырғанда 5,8 пайызға өсіп, 4,6 триллион теңгені құрапты. Оның ішінде 4,3 триллион теңге тау-кен өнер­кәсiбiне тиесілі. Ал өңдеу өнер­кәсібі 290,5 миллиард теңгеге дейін өскен. Сондай-ақ соңғы бес айдың өзінде ғана 22,4  миллион тонна мұнай, 11,5  миллиард тек­ше метр ілеспе мұнай газы өн­дiрілген екен. Бұл дегеніңіз, рес­пуб­лика бойынша барлық өнер­кәсіптің 24,5 пайызы Атырау об­лысына тиесілі екенін көрсетіп отыр.

Бұдан кейін инвестициялық жобалар туралы жеткізген аймақ басшысы:

«Атырау өңірі инвестиция көздерін тарту жағынан респуб­лика бойынша бірінші орында тұр. Жүйелі жұмыстың нәтиже­сінде жыл басынан бері негізгі капи­талға салынған инвестиция­лар көлемі 6,7 пайызға артып, 1,1 триллион теңгені құрады. Оның ішінде сыртқы инвестиция 474,3 миллиард, ал ішкі инвестиция 665,2 миллиард теңгеге жетті. Жалпы, елімізге тартылған жалпы инвестицияның 22,5 пайызы Атырау аймағының үлесіне тиіп отыр. 2021-2025 жылдарға ар­налған кәсіпкерлікті дамыту жө­ніндегі Ұлттық жоба бойынша биыл бюджеттен 9,4 миллиард теңге қаражат бөлініп, қазір несие сомасы 20,9 миллиард теңге бо­латын 208 жоба қолдау тапты», – деді Серік Жамбылұлы.

Биыл бірыңғай индустрия­ландыру картасы аясында тағы да үш жобаны іске қосу жоспарла­ныпты. Осылайша, облыста бас-аяғы 207 жұмыс орны ашылмақ. Одан бөлек, бизнеске қолайлы орта қалыптастырылып, ынталан­дыру шаралары да жүйелі қолға алынуда.

Облыс әкімінің айтуынша, өңірдегі өндіріс орындарын бір жерге шоғырландыру көзделген. Ол үшін Атырау қаласында шағын өнеркәсіптік аймақ құру жоспарға енген. Мұндай тәжірибе өңірдегі өңдеу өнеркәсібін, оның ішінде мұнай-химия саласын дамытып, орта бизнестің инвестициялық жобаларын іске асыруға септігін тигізе алады. Қазір Атырау қаласы аумағынан 22 гектарды құрайтын өндірістік жер телімі бөлініп, шағын аймаққа орналастыры­ла­тын жобаларды айқындау бойын­ша кешенді жұмыстар қолға алынған.

Өңірдің инвестициялық әлеуеті өте зор. Сондықтан облыс әкімдігі инвесторларды тарту жұ­мыстарын одан әрі жалғас­тыруды көздеп отыр. Өйткені әрбір тар­тылған инвестиция мен іске асы­рылған жобаның артында жаңа жұмыс орындары тұр. Бұл алдағы уақытта аймақтағы жұмыс­сыз ха­лықтың азаюына мүмкіндік береді.

Атырау өңірінің климаты ауыл шаруашылығын дамытуға қолай­сыз. Дегенмен бұл саланы одан әрі өркендету үшін өңірде бірқатар жүйелі шара қабылданыпты. Нәтижесінде, биыл жылыжайлар көлемі 30, ал су үнемдеу техноло­гия­лар алқабы 4,8 мың гектарға дейін ұлғайған. Мал азығын да­йындау көлемін арттыру да об­лыстың алға қойған мақсаты. Ол үшін облыс әкімдігі былтыр мал азығына берілетін субсидия кө­лемін өсірген.  

«Балық өңдеу және одан дайын өнім шығару – Атырау эко­номикасында маңызды рөл ат­қаратын сала. Жергілікті кәсіп­орындар 200 тоннадай балық өсірді. Қазір облыста балықты өсіруге және оны өңдеуге ден қойып отырмыз. 2025 жылға дейін қолдан өсірілетін балықтың кө­лемі 7 мың тоннаға дейін жетеді деп жоспарлап отырмыз. Ал терең өңделетін балық көлемі 8 мың тоннаға дейін жетеді деген болжам бар»,  – деді Серік Шәпкенов.

Өңірдің маңызды мәселе­ле­рінің бірі – инфрақұрылымды жаңғырту және олардың қуатын арттыру. Бүгінде Атырау облысы тұрғындарының өмір сүру сапа­сын жақсарту үшін инженерлік-инфрақұрылым жүйелі дамып келеді. Облыстағы 2 қала және 132 ауылдық елді мекен таза ауызсу­мен қамтылса, 2 қала және 135 ауыл газға қосылған.

Аймақтың көлік инфра­құ­рылымын дамытуға да барынша ден қойылған. Биыл облыстың көлік инфрақұрылымын да­мытуға 55,2 миллиард теңге бө­лініп, 41 елді мекенде 172 ша­қы­рым авто­мобиль жолын жөндеу жоспар­ланып отыр. Халықты қол­жетімді тұрғын үй­мен қам­та­ма­­сыз ету де аймақтағы аса маңыз­ды әлеумет­тік міндеттің бірі­не жатады. Осылай деген об­лыс әкімі өңірдегі 29 437 тұр­ғын үйге мұқтаж адам­ның қажетін өтеу үшін көпқабатты тұрғын үй құ­рылысына көңіл бө­лінгенін жеткізді. Бұдан бөлек, халықты тұрғын үймен қамтама­сыз етудің қосымша тетіктері қол­данылып жатыр.

Өңір басшысы білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет саласында да серпін берер кешенді шаралар көп екенін атап өтті. Сондай-ақ өңір бас­шысы экология мәселесі де өзекті болып отырғанын жасырмады.

«Атырау қаласы үшін экология мәселесі өте өзекті. Негізгі лас­таушы көздері – «Тухлая балка» булану алаңы, «Квадрат» булану алаңы, тұрмыстық қалдықтар полигоны, Атырау мұнай өңдеу зауыты. Сондықтан біз экология­лық ахуалды жақсартып, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану үшін жүйелі шараларды қабыл­дадық», – деді.  Бұл орайда өңірдің экологиясына зерттеу жұмыстары жүргізіліп, ауа ластануының ал­дын алу шаралары қабылданып келеді.

Мәселен, келер жылы Атырау қаласында Ботаникалық саябақ­тың құрылысы басталады. Жасыл желек аймақтың ажары ғана емес, ауаның ластануын алдын алады. Әкімдіктің жоспары тиімді жүзеге асса, әлеуеті артқан мұнайлы өңір халқының тұрмысы түзелмек.

Жадыра Мүсілім