Түркістан тағылымы дамудың діңгегіне айналады

Сонау заманнан бергі тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған.

Ата-бабаларымыз аса маңызды мәселе­лерге байланысты бас қосып, өзара ақыл­дасып, тоқтамға келген.

Қаңтар оқиғалары саяси жүйедегі қордаланған талай мәселенің бетін ашты.  Қасіретті оқиғалардан сабақ алу үшін сан салада реформалар жүргізу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Президенттің былтырғы наурыз айындағы  Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан соң Ұлттық құрылтай құрылды. Есесіне Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз жұмысын аяқтады. Ал кеңес мүшелерінің негізгі құрамы Ұлттық құрылтай құрамына енді. Бұрын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі әлеуметтік-экономикалық проблемалар, саяси реформалар мәселесін қозғаса, Ұлттық құрылтайда жалпы­ұлттық құндылықтар, еліміздегі ұлттың өзекті жайттары талқыланады.

Осыдан 1 жыл бұрын Ұлттық құрылтайдың бірін­ші отырысы жаңадан құрылған Ұлытау облысында өтсе, биыл екінші отырыс рухани қала Түркістанда болды.

Құрылтайдың алғашқы күні жұмыс секцияла­рының отырысы өтіп, консолидация, мәдени-рухани даму, сондай-ақ білім және ғылым мәселелері тал­қыланды. Секция отырыстарын сала министрлері жүргізіп, тақырыптар аясында қоғамдағы өзекті жайт­тарды талқылады. Өткен жылы сараланған мәсе­лелер бойынша шешімін тапқан дүниелер ай­тылды. Құрылтай кеңесінің  мүшелері жыл бойы жүр­гізген жұмыстарының қорытындысы шы­ғарылды.
Қоғамдық диалог алаңы «Әділетті Қазақстан – адал азамат» атты ұлттық құрылтайдың екінші отырысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және Президент Әкімшілігінің басшылық құрамы мен басқа да лауа­зым­ды тұлғалар, құрылтай мүшелері қатысты.

 Ұлттық құрылтайды Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жүргізіп отырды. Мемлекеттік кеңесші өткен жылғы ұсы­ныс­тардың жүйелі жүзеге асып жатқа­нын, одан бергі кезеңде ел арасындағы ұлтымыздың ұйытқысы болар түйткілді мәселелер сарапшылар мен құрылтай мүшелері арасында талқыланып, ұсы­ныс­тардың бір бөлігі осы жиынның күн тәртібіне енгізілгенін атап өтті. Одан соң  сөз алған белгілі экономист, қолданбалы экономика зерттеулер орталығының ғылыми жетекшісі  Жақсыбек Құлекеев елімізде тәуелсіздіктің алғашқы  күнінен бастап мемлекеттің саясаты ынтымақ пен бірлікке негізделіп отырғанын жет­кізді. «Қазақтың қанындағы ең бірінші қасиеті бейбіт өмір сүргіштігі» деген Жақ­сыбек Құлекеев 15 жылдан бері жұ­мыс істеп тұрған ел дамуының жаңа ке­зеңінде ұлттық құндылықтар жүйесін на­сихаттауға негізделген доктринаның жаңа редакциясын дайындауды ұсынды.

Ал Заңгерлер одағы бірлестігінің тө­рағасы Серік  Ақылбай халықтық құқық­тық ағарту жөнінде ұлттық бағдарлама әзірлеу туралы ұсынысын ортаға салды.  Заң­герлер одағы әзірлеген бағдарлама қай­та қаралып, халық пен құрылтай мү­ше­лерінің талқысынан өту  қажет екенін айтты.

Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова білім беру ұйым­дарында білімнің тәрбие компонентін күшейту қажетіне тоқталды. Бала тәрбие­сіндегі отбасының рөліне, тәрбиеге тек мектеп жауапты деген қасаң түсінікті жою керек екенін еске салды. Дайын­да­лып жатқан ұлттық тәрбие концеп­ция­сында қазақтың төл ұстанымдарының қалыптасуы қажеттігі де сөз болды. Сонымен бірге баланың дүниетанымын кеңейтетін, қабілет-қарымын артты­ратын кітаптардың қолжетімді  болуы үшін кітап индустриясын субсидиялауды ұсынып, отандық баспагерлерге қолдау қажет екені  айтылды.



Ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді

Алқалы жиында сөз алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзін: «Меніңше, ұлттық құрылтай бұл – арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. Сән-салтанатпен өткізетін той да емес. Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырған» деп бастады.
Одан соң соңғы жылдары елімізде болған түрлі оқиғаға, маңызды мәселе­лерге тоқталды. Жуырда ғана Абай облы­сындағы алапат өрттен сабақ алуымыз қажет екенін ескертті. Ел басына түскен қиындықтардан береке-бірлігіміздің сыналатынын айтты.  

Биылғы құрылтайдың түркі жұрты­ның киелі шаһары Түркістанда өтуі үлкен маңызға ие екені, шежірелі шаһар қабыр­ғасында қазақтың жылнамасы түгел жазылғаны сөз болды.  

«Түркістан ғасырлар бойы  қазақ хал­қының маңызды саяси орталығы болып келді. Қазақ мемлекетінің бас қаласы ретінде тарихқа алтын әріппен жазылды. Көптеген ханымыз осы жерге ордасын тігіп, ұлан-ғайыр далаға билігін жүргіз­ген. Қара қылды қақ жарған билеріміз түрлі дау-шарға төрелік айтқан. Ел-жұртын береке-бірлікке шақырған. Мұның бәрі еліміздің ерте заманнан бері бір орталықтан басқарылған біртұтас мемлекет болғанын көрсетеді. Сондай-ақ қазақ мемлекеттілігінің тамыры тым терең­де жатқанын білдіреді. Ұлы дала төрінде Жошы хан әулеті Кенесары ханға дейін 6 ғасырдан астам уақыт ел басқарды. Тіпті, әлем тарихында мұндай мысалдар көп емес. Сондықтан осы аймақты бас­қарып отырған басшыларға зор жауап­кер­шілік жүктеледі. Қанша дәуір өтсе де, ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Кемелұлы бірінші құрылтай жалпыұлттық референдумнан кейін шақырылғанын, содан бергі  бір жыл Әділетті Қазақстанды құру жолында айрықша маңызы бар тарихи кезең болғанын ерекше атап өтті. Бұл өзгеріс­тердің  мемлекеттігіміздің тұғырын бекіте түскенін, сонымен қатар еліміздің ұзақ мерзімге арналған демократиялық бағдарын айқындап бергенін еске салды.

Ел Президенті біздің әлемдегі орны­мыз ең алдымен ұлтымыздың сапасына байланысты екенін айтып, ұлтымыздың нені армандайтыны, еліміздің басты тіре­гі не екеніне қатысты ой-пікірін ортаға салды.  
«Біздің қоғам өзгерісті біреуден мадақ есту үшін емес, ең алдымен өзі үшін жа­сауға тиіс. Мұны елдің ертеңі, ұрпақтың болашағы жарқын болуы үшін қолға алуымыз керек. Ашығын айтсақ, біз кей­де өз өмірімізден гөрі жұрттың пікіріне көбірек мән береміз. Тіпті, бұл әдет қанымызға сіңген деуге болады. Әрине, қазақтың қонақжайлығы – жақсы қасиет. Бірақ үйдің іші-сыртын қонақ келгенде ғана ретке келтіру дұрыс емес. Тазалық пен ұқыптылық күнделікті өмір сал­тымызға айналуы қажет» деген Қасым-Жомарт Тоқаев  көптің кө­кейіндегі ойын дөп басты.

Елімізде жаңа қоғамдық элита қа­лыптасу барысында әділетті Қазақстанды құру, жас ұрпақты адал азамат етіп тәр­биелеу төңірегіндегі нақты бағыт­тарды атап өтті.

 

Ономастика саласын тәртіпке келтіру қажет

Оның біріншісі мемлекеттік нышан­дарды жетілдіру болса, екіншісі ұлты­мыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту. Онда Қазақстанның академиялық үлгі­дегі жаңа тарихы жазылмақ. Қазақ­стан тарихының көптомдық жинағын келесі жылдың ортасына дейін әзірлеу тапсы­рылды. Сонымен бірге ономастика сала­сы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екенін айта келіп,  кейбір адамдардың қалауымен жал­ған өмірбаяны әдейі қолдан жазыл­ғанын,  ономастика саласын тәртіпке келтіру қажеттігін ескертті.
Нақты бағыттардың тағы бірі – мә­де­ни мұрамызды жан-жақты дәріптеудің қажеттігі.  Осы орайда Ясауи  еңбектерін жан-жақты зерттеп, дәріптейтін «Ясауи­тану» ғылыми орталығын немесе инсти­тутын құру мәселесін ойластыру керегін атап өтті.
Маңызды саланың бірі – өскелең ұрпақтың тәрбиесі екенін еске салған Мемлекет басшысы «Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен үл­кен­дердің кінәсі. Біз жастарды жаһан­данудың қатерлі ықпалынан ба­рын­ша сақтауға міндеттіміз», – деді.
«Мен былтырғы құрылтайда ұрпақты ең­бекке баулуға қатысты бірқатар тап­сыр­ма бердім. Соның негізінде мектеп­терге еңбек пәні қайтарылды. Осы бағыт­тағы жұмысты одан әрі жалғастыруымыз керек. Сондай-ақ біз ел болып қарапайым еңбек адамын қадірлей білуіміз қажет. Қажетсіз мамандық болмайды, біліксіз маман болады. Ерінбей еңбек еткен жан өз ісінің майталманы атанады. Ал кәсібін толық меңгерген адам қашанда сұра­нысқа ие болады», – деп атап өтті Пре­зидент.
 


Халықтың ой-пікірі ескерілуі тиіс

Ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрияны дамыту мәселесі де Мемлекет басшысы атап өт­кен бағыттардың біріне айналды. Ақ­па­рат саясатын түбегейлі қайта қарау ке­регін айтты.  Мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметі сапалы жүргізілуі, шешім қабылдарда халықтың ой-пікірі ескерілуі тиіс екені де алқалы жиында айтылды.
Одан соң еліміз үшін стратегиялық маңызы бар тағы бір мәселе – шекаралас аймақтарды дамыту. Бұл бағытта Мемле­кет басшысы жердің шетелдіктерге са­тылып жатыр деген сөздің жалған екенін, елімізде жерге қатысты мәселенің шешімі түбегейлі қабылданып қойғанын атап өтті. Сонымен бірге мемлекеттік тілді дамытуға баса мән беріп отырғанын да жеткізді.
«Мен қоғамда мемлекеттік аппарат­тың жұмысына қатысты біраз сын-пікірлер бар екенін білемін. Олардың басым көпшілігі орынды. Ең бастысы, біз мемлекеттік аппарат өкілдерінің сана-сезімін өзгертуге баса мән беруіміз қа­жет. Олар туған-туыстарының ара­сын­да не болмаса қоғамда абырой-беделге ие болуды емес, ең алдымен халыққа, елге адал қызмет етуді мақсат тұтуға тиіс. «Адал азамат» дегеніміз – осы. Мемлекет басшысын мадақтаудан гөрі жұмысты адал атқарып, халықтың алдында абы­ройлы болу әлдеқайда маңызды. Барлық мемлекеттік қызметшіге осыны айтқым келеді» деген Мемлекет басшысы өзінің атап өткен бағыттарының бір тармағын осы жайттарға арнады.
«Бір сөзбен айтқанда, мемлекет пен қоғам бірге жұмылып жұмыс істеуі қажет. Бұл ұлтымыздың бойына орасан зор күш-қуат дарытады, өзгеріске деген құл­шынысын оятады. Сонда ғана еліміз көз­де­ген мақсатына жетеді. Осылайша, алдағы онжылдық еліміздің нағыз өрлеу дәуіріне айналмақ. Мен бұған кәміл се­не­мін» деген Президент барша қатысу­шының бойына сенім ұялатып,  жігер беріп, сөзін аяқтады.
Сонымен қатар сөз соңында әйгілі Ма­рал ишанның Кенесары ханға сыйла­ған Құраны табылғанын, бұл  еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға екенін қуана жеткізді.
Ендігі ұлттық құрылтайдың отырысы ел тарихында айрықша орны бар Атырау облысында өтетін болды.


Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы