Өткен жылы Президенттік жастар кадр резервіне құжат қабылдау басталғанда мені мына үш сұрақ толғандырған болатын. Бірінші, бұл идея қайдан шықты? Екінші, мемлекет қызметкерін халыққа жаппай сұрау салу арқылы таңдау мүмкін бе? Үшінші, неге жастар?
10 ғасыр бұрын жазылған идея
Кейде жаңадан бір нәрсе ойлап тапқаннан гөрі тарихи жадыны жаңғыртқан әлдеқайда құнды. Бәлкім, рухани жаңғыру деген осы шығар? Қызық, мына тарихи сабақтастықты қараңыз. Жоғарыдағы идеяны осыдан он ғасыр бұрын Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтадғу білік» атты еңбегінде жазыпты. Иә, кәдуілгі көне Тараздың маңындағы бір ауылда туып, сонда өсіп, ханның кеңесшісі дәрежесіне дейін көтерілген Жүсіп ақын. Ол мемлекет басқарудың қыр-сырын, кадр жасақтаудың озық үлгісін, ең маңыздысы, демократиялық басқарудың моделін жазды! Жазып қана қойған жоқ, Қарахан қағанының бас кеңесшісі бола жүріп, ойларын өз қолымен жүзеге асырды. Баға жетпес еңбегін сол кездің өзінде әлем билеушілері оқыған. Мұндай мазмұндағы еңбек Жүсіптен 20 жыл кейін Селжұқ мемлекетінде пайда болды. Демек, бабаларымыздың мемлекет құруы былай тұрсын, оны басқару жүйесінің өзі мыңжылдықтарға жететін мұра. Осы тұста кадр мәселесі «Құтадғу білікте» қалай көрініс тапты деген заңды сұрақ туады. Шығармада Қарахан билеушісі Бұғра қағанның прототипі «Күнтуды Еліг» деп беріліп, ол жан-жақты суреттеледі. Сонда қағанның өзіне көмекші, қызметкер іздеген сәті былай көрініс табады: «Мемлекеттің барлық ісін бір өзім атқара алмаймын, жаныма істің ретін білетін таңдаулы, ақылды, білімді, озық ойлы, елге жаны ашитын, әділ, шыншыл, мінезі дұрыс және сөзі мен көңілі түзу ерлер керек» (422-424 бәйіттер). Мұндай ой шығармада Күнтуды қаған мен Бас уәзірі Өгдүлміштің мемлекетті одан әрі жақсарту және ел басқаруды жетілдіру туралы сұхбаттасып отырған сәтінде жиі айтылады. Сол кезде Бас уәзірге ел ішінен мемлекетке жаны ашитын, қағанға адал қызмет ететін білімді, парасатты қызметкерлер табу тапсырылады. Бұл бір қарағанда қалыпты жағдай секілді көрінгенімен, астарында үлкен мән жатыр. Яғни, тарихи тәжірибеге сүйенсек, мемлекет тұтастығын сақтау – қызметкерлерді ел ішінен дұрыс таңдауға тікелей байланысты. Міне, сол дәстүрдің жалғасы іспеттес бүгінгі «Президенттік жастар кадр резервіне» 13 мыңнан астам жас өтініш тапсырып, соның 300-і іріктеуден өтіп отыр.Неге жастар?
«Құтадғу білікте» бас уәзір қағанның тапсырмасы бойынша Одғұрмыш есімді жігітті мемлекеттік қызметке шақырады. Сонда екеуара сұхбат барысында жастарға қатысты мәселе көтеріледі: Екі түрлі қызметкер бар. Олардың бірі – жас кезінен қызметке кіргендер, тағы бірі – есейгенде қызмет қылып жүргендер. Екеуінің ішіндегі жақсырағы және таңдаулысы – жас кезінен қызмет қылған әрі мансапқа мастанбағандар (4031-4033 бәйіттер). Мұнда Жүсіп Баласағұн айтар ойын екі кейіпкердің сұхбаты арқылы жеткізіп отыр. Яғни, ел басқару ісіне жастай араласуды құп көреді. Оған жалпы қызметкерлердің ішіндегі «жақсырағы және таңдаулысы» деп ерекше екпін беріп айтады. Басқа бәйіттерде жас маман қызметті әуелі төменнен бастасын дейді. Содан кейін ақылы толысып, білімі жетіліп, қабілеті артып, тұлға ретінде қалыптасып, өзінің мықтылығын, адалдығын, әділдігін дәлелдеп жатса, ары қарай лауазымын жоғарылатуды ұсынады. «Қызметті кіші дәрежелі лауазымнан бастасын. Одан соң бек оның қабілетіне қарай қызмет тапсырады. Егер қызметші зерек, табиғаты дұрыс адам болса, ол арыз-өтінішті Елігке жеткізуші қызметіне жарайды. Мерген және батыр болса, оқшы немесе садақшы болады. Турашыл болса, мөр басушы болады. Мінезі түзу, ұяты бар, жүзі көрікті болса, ыдыс тасушы қылады. Оқу-жазу мен есепке жүйрік болса, қазынашы болады. Парасатты, түсінігі мол, ақылды болса, хатшы болады (4044-4048 бәйіттер). Бәйіттің жалғасында әрбір жастың білім-парасаты мен үздік тәжірибесіне қарай қарапайым қызметкерліктен бас уәзір дәрежесіне дейін, яғни қағаннан кейінгі лауазымға көтерілуге болатынын айтады. Мұндай лауазымға Жүсіп Баласағұнның өзі жетіп, заманында Хас Хажыб атанған еді. Іріктеуден өткен 300 жас маманды таңдауда қандай критерийлерге басымдық бергені маңызды. Ал шығармада Жүсіп Баласағұн қойған талаптарға тоқталсақ.Жүсіптің талабы
«Құтадғу білікте» биліктегі қарапайым маманнан бастап жоғары дәрежеге дейінгі бас-аяғы 30-дай мемлекеттік лауазым туралы сөз болады. Сонда мемлекет қызметкеріне ортақ талаптар да бар және әр лауазымның ерекшелігін ескереді. Ол талаптардың дені әлі күнге өзекті. Мәселен, жалпыға ортақ үш талап: 1) тегі мен тәрбиесі, 2) ақыл-білімі 3) сырт келбеті. Енді осы талаптарды әрі қарай тарқатып көрсек. 1) Жүсіп мемлекет қызметкерінің тегі мен тәрбиесіне бірінші мән береді. Тегіне мән беруінің себебі, Қарахан мемлекетінде әртүрлі халықтың, яғни кірме тайпалардың да қатар өмір сүргені болса керек. Мысалы, солардың бірі – соғдылар. Оларды мемлекеттің маңызды, ең жауапты қызметіне алмаған. Жүсіппен замандас Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінде де өзге халықтан сіңген тайпаларға билік тізгіні берілмегені туралы деректер жетерлік. Жүсіп Баласағұн мемлекет қызметіне отбасында тәрбие көрген, мінез-құлқы жақсы, сыпайы, сұғанақтығы мен өтірік сөзі жоқ, әділ, шыншыл, әдепті, ізгі адамдарды таңдауды ерекше тапсырады. Өйткені «Ізгі адамнан әрқашан ізгілік келеді. Әлем халқы одан тек жақсылық көреді (878-бәйіт)» дейді. Ал дөрекі, тәрбие көрмеген, өтірікші, зұлым адамдар мемлекеттің іргесін ыдыратады. Сол себепті де «Залым және жаман кісілерді жоғарылатпа, елде оның беделін өсірме, соңында сені зар қақсатады (5521-бәйіт)» деп ескертеді. Сондай-ақ сатқындық, нәпсіқұмарлық, жемқорлық та солардан келеді дейді. 2) Жүсіптің айтуынша, мемелекет ісін жүргізген адам күніне мың түрлі қиындыққа тап болады. Олардың бәрін шешу үшін ақыл, білім және қабілеттің орны ерекше. Мемлекет қызметкері кез келген жағдайдың алдын алып, мәселені әріден ойлауы керек. Ақылды адам мемлекеттің құпиясын жаймайды, елін сатпайды, халық пен биліктің арасына дәнекер болады дейді. Әсіресе, халықпен тіл табысу үшін тілге шешен, халықты риза қылатындай сөзі жылы болуын міндеттейді. 3) «Құтадғу білікте» мемлекет қызметкерінің сырт келбеті де маңызды саналған. Мәселен, қызметкер өте ірі немесе өте майда емес, орта бойлы болсын дейді. Нәзік емес, қуатты, айбарлы, сондай-ақ көрген көз сүйінетіндей келбетті болуы тиіс. Жіңішке, қыз дауысты емес, дауысы жарқын шығатын, сөзі анық естілетіндей болсын деп талап қояды. Осыдан 950 жыл бұрын жазылса да, «Құтадғу біліктегі» мемлекет қызметкеріне қойылған бұл талаптар әлі де өзекті. Демек, адами ізгі қасиеттердің бағасы қай заманда да жоғалмақ емес. Іріктеуден өткен 300 жас та осы үдеден шығады деген үміттеміз. Бекарыс НҰРИМАН, PhD докторы