Мұндағы тәрбие мықты болса, мемлекет те мықты болмақ. Әйтсе де, бүгінде жаһандану заманында ұрпақ тәрбиесіне ықпал етуші факторлар көп болып тұр. Бұл отбасылық құндылықтарды сақтау күннен-күнге маңызды ете түседі.
Мамандар отбасылық құндылықтарды үш топқа бөліп қарастыруға болатынын айтады. Олар – дәстүрлі, заманауи және тәрбиелік құндылықтар. Десе де, бұларды бір-бірінен бөле-жаруға болмайды. Дәстүрлі отбасылық құндылықтар дегеніміз атадан келе жатқан салт-дәстүрлер, қария адамдардың ақылымен, жол көрсетуімен жүзеге асып жататын игі шаралар. Ал заманауи құндылықтарға уақыт ағынына сай өзгеріп немесе жаңадан пайда болып отыратын түрлі жаңаша өмір салты жатады. Мәселен, жоғары білім алу, онда да халықаралық дәрежеде білім алу, бүгінде отбасы құндылығы болып берік орнықты. Сол сияқты өркениеттің барлық игілігіне кенелу де заманауи құндылыққа жатады. Технологиялық озық жетістіктер адам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған уақытта материалдық әл-ауқат рухани құндылықтармен қатар бағаланады. Осы ретте тәрбиелік құндылық осылардың бәрінің өзегі боп қала бермек. Өйткені қоғам өзгеріп, либералды ұстанымдар мен діни көзқарас күшейе түскен сайын олардың отбасы құндылығын әлсіретуге ықпалы да артып келеді. Тағы бір алаңдатарлық жайт – жас отбасылардың ажырасу статистикасының өсіп келе жатқаны. Мәселен, елімізде жылына орта есеппен 140 мың отбасы шаңырақ көтерсе, оның 50 мыңы ажырасып кетеді екен. Яғни ажырасу үлесі 34,4 пайызды құрап отыр. Осы тұста, отбасы институтын нығайта түсу қажеттігі айтпаса да түсінікті. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтырдың өзінде 44,5 мың отбасының шаңырағы шайқалған. Десе де, бұл алдыңғы 2021 жылмен салыстырғанда 7,7 пайызға аз. Сондай-ақ ауылдық жерлерден гөрі қалаларда ажырасу деректері үш есе артық болып келеді. Мәселен, былтыр 33,2 мың ажырасу қалада, 11,3 мың ажырасу ауылда тіркеліпті.
«Осыдан бірнеше ондаған жыл бұрын некелесу және бала сүю ерлер мен әйелдерді қоғамның толыққанды мүшесі ретінде танудың маңызды шарттарының бірі болатын. Ата-ана, әсіресе дәстүрлі құндылықтарға жақын отбасыларда, тұрмысқа шықпаған немесе ажырасқан қызын туыстары мен таныстарының алдында ұятқа қалдыратын себеп ретінде қабылдайтын. Некені бұзу үшін өте дәлелді себептер қажет еді. Көбіне әйелдерде ата-анасы мен қоғамның алдында «ұят» деген ұғым басым болды. Сондай-ақ ер адамға айтарлықтай экономикалық тәуелділік болды. Соның себебінен ажырасу аз, тіпті сирек болатын. Енді құндылықтардың өзгеруі елімізде ажырасудың көбеюіне бір себеп болып отыр. Бұл жерде себептерді кешенді тұрғыда қарастыру қажет, соның ішінде әйелдердің экономикалық эмансипациясы да бар. Отбасының бұзылуында жас отбасылардың экономикалық мәселесі үлкен рөл атқарады. Нәтижесінде, өз баспанасының болмауы және күйеуінің немесе әйелінің ата-анасымен бірге тұруы өз кезегінде туыстардың араласуымен байланысты мәселелердің тұтас тізбегін тудырады. «Қазақстандық отбасылар» ұлттық баяндамасында осы «туыстарының отбасы өміріне араласуы» тармағы 61 пайызы екені айтылады. Одан кейінгі орында ең көп дауыс жинаған тармақ – «мінез-құлықта моральдық шектеулердің болмауы, жүгенсіздік» 41 пайызды, «отбасы институтының дағдарысы» 35,9 пайызды жинады. Бұл тұста біздің еліміздегі бір парадоксқа назар аудартқым келеді. Отбасы – қазақстандықтар үшін жұмыстан да, достардан да, тіпті дін мен бос уақыттан да ең жоғары құндылық. Бірақ елдегі ажырасулардың үлесі жоғары. Қазақстандықтар арасында отбасы мен оның құндылықтарының жоғары бағалануы күшті консервативті және патерналистік көңіл күйді көрсетсе, ажырасулардың көбеюі олардың біртіндеп әлсірегенін аңғартады», – дейді әлеуметтанушы Жұлдызай Ысқақова.
Отбасылық құндылықтардың өзгеруі – мемлекеттің ұдайы назарында болатын объективті және көп қырлы процесс. Ол көп жағдайда елдегі әлеуметтік-экономикалық, саяси және құқықтық даму деңгейіне байланысты. Еркіндік деңгейі жоғары болған сайын қоғамдағы толеранттылық деңгейі де жоғары болады. Өз кезегінде толеранттық отбасылық құндылықтардың қазақстандық үлгісіне өзгерістер әкелуге септік етіп отыр. Бұл тұста жаһандану үрдісінің де әсерін ұмытпау керек. Технологиялық дамумен бірге адымдап жүріп келе жатқан бұл үрдіс қазақстандықтардың қалыптасқан отбасылық өміріне теріс әсер етуде. Осы ретте діни көзқарастың күшеюі және оның озық технологияларды оңтайлы пайдалануы қазақ қоғамына шариғатқа негізделген шығыс өмір салтын тықпалап келеді. Мұнда көп әйел алушылық, әйел баласына екінші «сортты» деген көзқараспен қарау, «бауырластар» арасында «талақ» айтылған бір әйелдің бірнеше рет некеде болуы, жыныстық жауапкершіліктің төмендігі – дәстүрлі отбасылық құндылықтарға қайшы өмір салты екенін атай кеткен жөн.
Осы реттен алғанда, отбасылық құндылықты дәріптеу мәселесі өткір тұр. Сондықтан да алдымызда тұрған үлкен мақсат – ұлттық мұра құндылықтарын қазіргі таңның мәдени жетістіктерімен үйлестіру. Өйткені халықты мемлекеттің отбасыларға деген материалдық-ресурстық қолдау деңгейі ғана емес, құндылық жағы да толғандырып отыр. Ендеше отбасы – шағын мемлекет десек, шын мемлекеттің мықты бола түсуі ондағы дәстүрлі құндылықтармен тығыз байланысты.
Нұрлан ҚОСАЙ