Қазақстан ауыр атлетика федерациясы Владимир Седовтың қазасына көңіл айтып, отбасына қаржылай көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Қазақстан ауыр атлетика федерациясының мәлімдеуінше, еліміздің еңбек сіңірген спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның әлденеше дүркін чемпионы және рекордшысы Владимир Седов бала жасынан спортқа адал болды.
2008 жылғы олимпиадада 84 келіге дейінгі салмақта Владимир Седов төртінші орынға ие болды.
«Құрмет» орденінің иегері.
«ҚР ауыр атлетика федерациясының ұжымы Владимирдің отбасы мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтады. Жолдасымыздың қазасына байланысты қайғыға ортақпыз. Қазақстан ауыр атлетика федерациясы Владимир Седовтың отбасына 5 млн теңге көлемінде көмек береді, сондай-ақ ұлын тәрбиелеуге қажетті қолдау көрсетеді», - делінген мәлімдемеде.
Еске сала кетейік, ауыр атлетикадан төрт дүркін ел чемпионы Владимир Седов 27 маусым күні 35 жасында өмірден өтті.