Себебі түсінікті. Әлемде ғылым өркен жайған сайын адамзат та уақыттан оза түседі. Қазақ елінің де осы жарыс жолынан шығып қалмай, алға қарай дамығаны жөн. Әйтпесе, өркендеуде артта қалып, өркениет көшінің шетіне шығып қалуы мүмкін. Сондықтан мемлекет отандық ғылымды дамытуға баса мән беріп отыр. Бұл ретте ғылымды қаржыландыру соңғы үш жылда үш есе артты.
Дүниежүзінде, әсіресе дамыған елдерде ғылымға қаншалықты көңіл бөлінетінін келесі қызықты деректерден байқауға болады. ЮНЕСКО дерегінше, бес жылда жаһандық ЖІӨ 14,9 пайызға өсіпті, ал осы кезеңде ғылыми зерттеулерге арналған жаһандық шығыстар одан көпке, 19,2 пайызға артқан. Жер-жаһанда ғылыми зерттеушілер санының өсуі планета халқының өсуінен үш есеге асып түскен: 5 жылда адамзат саны 4,6 пайызға өссе, ғалымдар саны 13,7 пайызға көбейген.
Заманауи ғылым адамзаттың болашақ дамуын айқындайды. Сондықтан жаһандық тұрғыда бір жыл ішіндегі ең көп ғылыми жарияланымдар 10 негізгі ғылыми бағытқа тиесілі болып отыр: жасанды интеллект және робототехника (257,5 мың жарияланым), энергетика (215,8), материалтану (193,6), нанотехнология (87,1), оптоэлектроника және фотоэлектроника (56,7), биотехнология (35,3), қорғаныс және қауіпсіздік (25,9), биоинформатика (19,1), заттар интернеті (6,9), блокчейн технологиясы (0,29).
Қазақстанда ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты және ведомстволық салалық ғылымды әкімшілендіруді 11 министрлік жүзеге асырады. Дегенмен отандық ғылымды дамытуға серпін беру үшін былтыр елімізде бұл салада жеке министрлік құрылды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, ғылым мен инновацияны өркендету – дамудың жаңа экономикалық бағытының негізгі басымдықтарының бірі. Сол себепті ғылымды қаржыландыру артты.
«Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасына сай, ғылымды қаржыландыруды кезең-кезеңімен ұлғайту бойынша мақсатты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ғылымды қаржыландыру соңғы үш жылда үш есе артты. Сондай-ақ ғылыми жобаларды коммерцияландыру қаржысы төрт есеге артты. Биыл базалық қаржыландыру 54 ғылыми ұйымға берілді», – деді министр.
Ол ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобалары табысты іске асырылып жатқанына сендірді.
– Біріншіден, коммерцияландыруға арналған жобалар нәтижесінде инновациялық өнімдерді сатудан түскен табыс 22,6 миллиард теңгені құрады. Екіншіден, бюджетке салық төлемдері түрінде 5,7 миллиард теңге төленді. Үшіншіден, 465,5 миллион теңгенің өнімі шетелге экспортталды. Төртіншіден, жеке инвесторлар құйған қаржы көлемі шамамен 6,8 миллиард теңгені құрады, 1 400-ден астам жұмыс орны құрылды, – деді С.Нұрбек.
Ғалымдардың жалақысы өседі
Соңғы мәліметтерге сәйкес, бүгінде елімізде 22 мың ғылыми кадр бар. Зерттеушілердің 37 пайызы ғылыми немесе академиялық дәрежеге ие.
Қазақстандық ғылым айтарлықтай жасарыпты: ғалымдардың 35 пайызын 35 жасқа дейінгі жастар құрайды екен.
Соңғы жылдары жас ғалымдарды қолдау және оларды ғылымға тарту шаралары пәрменді жүргізіліп жатыр. Ғылым және жоғары білім министрлігі конкурстық құжаттамаларға жаңа талап енгізді: өз ғылыми жобасын бюджет есебінен жүзеге асырғысы келетін команда, ұжым өз қатарындағы жас ғалымдар мен зерттеушілердің үлесін кем дегенде 40 пайызға жеткізуі керек.
«2022 жылдан бастап «Ғылым туралы» заңға енгізілген өзгерістерді практикада іске асыру басталды. Ұлттық ғылыми кеңестердің шешімдерін апелляциялау институты енгізілді. Ғылыми тағылымдамадан өтудің нормативтік базасы бекітілді. Жүргізілген шаралар нәтижесінде ғалымдардың жалақысы 2 есе ұлғайтылды. Сонымен қатар Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілді», – деді министр С.Нұрбек.
Мемлекет басшысының тапсырмасы-на сәйкес және халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, Президент жарлығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Оның аясында да жас ғалымдарға зор қолдау көрсетіледі. Мысалы, былтыр мыңнан астам жас ғалым мен зерттеуші жұмыс істейтін 631 ғылыми жобаға бюджеттен жалпы сомасы 19,1 миллиард теңгеден астам қаражат шығындалды. Ал енді гранттық қаржыландыру конкурстары нәтижесінде жас ғалымдардың 881 жобасы қаржыландырылуда.
Жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 қазақстандық ғалым тағылымдамадан өтіп отырады.
Елдің ғылыми әлеуеті қандай?
Қазақстанда ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті іске асыратын 650 кәсіпорын мен 485 жеке тұлға аккредиттелген. Бірақ олардың 438-і ғана ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүзеге асырады. Олардың 101-і – мемлекеттік секторға, 95-і – жоғары білім беру секторына, 202-сі – кәсіпкерлік және 40-ы – коммерциялық емес секторға жатады.
Ғылыми ұйымдардың желісі 11 өңірде артты. Оның ішінде Астана қаласында – 14, Қарағандыда – 9 және Шығыс Қазақстан облыстарында – 7 белсенді жұмыс істейтін жаңа ұйым қосылыпты.
Қазір ғылыми әлеует 11 салалық министрлік пен ведомстволарға бағынады. Ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүзеге асыратын ведомстволық бағынысты мемлекеттік ұйымдардың 34-і – Ауыл шаруашылығы министрлігіне, 17-сі – Денсаулық сақтау министрлігіне, 6-ауы – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне, 5-уі – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне, 3-і – Экология және табиғи ресурстар министрлігіне, 2-і – Энергетика министрлігіне тиесілі. Төтенше жағдайлар, Қорғаныс, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері – бір ғылыми ұйымнан еншіледі.
Салалық мемлекеттік органдардың қарамағында ғылыммен айналысатын 12 жоғары оқу орны бар. Тарата кетсек, АШМ – 3, Денсаулық сақтау министрлігі – 5, Мәдениет және спорт министрлігі – 4.
Өз кезегінде Парламент жаңа «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасына бастамашылық жасады. Депутаттар Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Мәдениет министрлігінің жоғары оқу орындарын – Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің қарамағына, ал педагогикалық жоғары оқу орындарын – Оқу-ағарту министрлігінің қарамағына тапсыруды ұсынып отыр. Бұл білім берудің барлық деңгейі үшін педагогтерді даярлаудың тұтас моделін құруға мүмкіндік береді.
Ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының ғылыми зерттеулерге және жұмыстарға қажетті тауарларды сатып алуы үшін мемлекеттік сатып алуды жүргізудің ерекше тәртібін белгілеу ұсынылды. Әйтпесе, парадоксты жағдай қалыптасты: ғылыми-зерттеу институттары және жоғары оқу орындары ғылыми жобалар мен бағдарламаларға арналған конкурстарды жеңіп алады. Бірақ ары қарай зерттеудің өзін бастау үшін олар жабдықтарды, реактивтерді, зерттелетін объектілерді сатып алу бойынша тағы конкурстар өткізуі керек. Кейде бұл тендерлер жылдап өтпей қалуы немесе жабдықты жеткізу бірнеше айға созылуы мүмкін.
Жаңа заң жобасы қабылданса, қазақстандық ғалымдардың ғылыми журналдары мен монографияларын басып шығаруға арнайы гранттар бөлінеді.
Республикада базалық қаржыландыру аясында жобаға жетекші ғалымдарға жеке еңбекақы төлеу енгізілді. Бұрын олар негізінен атақ пен марапат үшін жетекші болатын. Ғылымды қаржыландырудың жаңа түрі – іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру енгізілді. Ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар енді мемлекеттен бұрынғыдай бір-екі жыл емес, 5 жыл бойы қаражат алып тұрады.
Яғни, ғылымның дамуына кең өріс ашылды, мол мүмкіндік берілді. Ендігі сөз – қазақстандық ғалымдарда. Олардан ел дарыны мен әлеуетін жарқырата жүзеге асыруды, ғылыми жетістігімен Қазақстанның жақсы атын шығаруды күтіп отыр.
Елдос СЕНБАЙ