Қас қағым сәт – бір ғұмыр

Сырдың шежіресін суретпен бейнелеуде қас қағым сәттің хас шебері атанған Болат Омарәлиевтің өмір жолы тұнып тұрған тарих.

Облыстық газетте табан аудармастан жарты ғасырға жуық қызмет еткен белгілі фототілшінің сурет әлеміне көз жүгіртсеңіз, өзгеше күйге бөленеріңіз хақ.

Бүгінде 75 жастың желкенін керген ағамыздың фото­мұрағатында өткен күндер өрнегінен сыр шертетін сырлы дүние көп. Небәрі 15 жасында қолына фото­аппаратын ұстап, табиғат тамашаларын таспалауға әуестенген бала Болаттың бойынан ерекше қабілеттің бүгіп жатқаны бір көргеннен аңғарылып тұрса керек. Сол кездің өзінде ересек адамдардың қолынан келе бермейтін қас қағым сәттің көріністерін дер кезінде түсіріп, басылым беттеріне бере бастаған. Әлі де буыны бекімеген баланың фотоэтюдтері үлкен басылымдарда ойып тұрып орын алыпты.

Қалам ұстаған қауымның төл мере­кесі күні қарттықтың асыл қа­сиеттерін бойына сіңірген абыз ақса­қалдың қара шаңырағына арнайы ат басын бұрдық. Жастайынан сурет әлемінің сырына терең бойлаған фото­тілші өткен күндер өрнегінің боямасыз сәттерін бүкпесіз баяндай жөнелді.

Талай тарихи сәттің куәсі болған Болат Омарәлиев Қызылорда облысы Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылында кіндік қаны тамған. Бала кезде табиғат тамашаларына тамсана қарайтын оның бойынан қас қағым сәтті қалт жібермей бақылап отыратын қырағылығы байқала бастапты.

Он бес жасында бала кездегі қызығу­шылығы үлкен арманға жетелеп, сурет сырына үңіліп, Қызылорда қаласындағы фотостудияға шәкірт болып орналасады. Фотосалонда екі еврей ұлтынан шыққан мамандармен жұмыс істеп, тәжірибе жинақтайды. Еңбек жолын ерте бастаған фототілші бұл жерден көп нәрсе үйреніп шығады. Кәсіби маманның бойына қажетті дүниенің біразын меңгереді.

«Небәрі 15 жасымда қаладағы фото­студияға шәкірт болып жұмысқа орна­ластым. Сол уақытта менің бұл қызығу­шылығыма үрке қарағандар аз болмады. Өйткені ол кезде суреттерді таспалау өнері қазақтарға таңсық көрінетін еді. Ешқандай қызығушылық туғызбайтын. Сол кездері маған газетке фототілші болып жұмыс істеуге  лайықты екенімді айтқандар аз болмады. Содан көптің қолдауы қанат бітіріп, Алматыға келдім. Сол жерде Юрий Редкин деген ұстазым­нан үш айлық курстан өттім. Алғашқы ұстазым кәсіби деңгейімді біршама шыңдауға айтарлықтай үлесін тигізді. Содан елге оралып, облыстық «Сыр бойы», сол кездегі «Ленин жолы» газе­тіне жұмысқа орналастым. Еңбек жолым осылайша өріліп кете барды», – деп  фототілші өткен күндерін еске алды.

Табиғаттың тамаша көріністері мен ерекше эмоцияларды таспалауды кәсіпке айналдырған Болат ағаның бала күнгі арманы осылайша ақиқатқа айнала бастапты. Өз ісіне деген сүйіс­пен­шілігі алға жетелеп, суретке түсірудің қыр-сырына кәсіби түрде зерттеу жүргізе бастайды.

Болат аға Сыр өңірінің бас басылы­мында еңбек еткен жылдары облыстың бірінші басшыларын суретке түсіріп, аймақтың әр күнінен көрініс беретін тарихи дүниелерді жасай білді. Сыр өңірінің ауылдарын түгел аралап, тамаша көріністерді бейнелейтін дү­ниелерді өмірге алып келді. Нәти­жесінде, 19 жасынан бастап фото­суреттерінің мұрағатын қалыптастыра бастайды.

«Қазір қолымда жұмыс істеген жылдары түсірген 8 қап фото еңбегім бар. Оның әрбірі мен үшін қымбат, басым көпшілігі Қызылорданың тарихын бейнелейді. Осы күнге дейін фотомұрағатымнан 500 суретімді ғана жарияладым. Соның ішінде 1965-2014 жылдар аралығында қызмет атқарған министрлер мен шенеуніктердің суреттері бар. Атап айтсам, Сыр өңірінің дамуына өзіндік үлес қосқан Сейілбек Шаухаманов, Бердібек Сапарбаев, Икрам Адырбеков, Серікбай Нұрғисаев, Мұхтар Құл-Мұхаммед және Болатбек Қуандықовтың фотолары сақтаулы. Бұған қоса, аңыз адамдар мен өнер жұл­дыздары, оның ішінде, Құман Тастан­беков, Меруерт Өтекешова, Әмина Өмірзақова, Нұрғали Нүсіпжанов, Дос-Мұқасан сынды белгілі адамдардың суреттерін де кезіктіресіз. Мен көптеген тарихи суреттің авторы болғанымды мақтан тұтамын. Мұны халықтың игілігі үшін тынбай жасаған есіл еңбегімнің айқын жемісі деп білемін», – дейді ол.

Оның айтуынша, бүгінде фотомұра­ғатында 2 000 негатив бар. Осы күнге дейін 500 суретті жарияласа, қалған 1 500 суретті рет-ретімен жарыққа шығаруға ниетті. Оның әрбірі өткен шақтан сыр тартатын тарихи сәттерге толы дейді.Бұған дейін Болат Омарәлиев жа­йын­да Тілеген Бекарыстановтың «Қоға­лы­көлдің құлагері» атты кітабы жарық көріпті. Бұл еңбек оқырмандар тара­пынан жоғары баға алғанын да айта кету керек. Фототілші «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Қазақ әде­биеті», «Известия» газеттерінің, «Совет­ский фото» журналының және басқа да басылымдардың фотобайқауларының лауреаты атаныпты. Сондай-ақ еңбек­тері 2012 жылы өткен фотокөрмелерге қойылыпты. Сол сияқты 1989 жылы Мәс­кеуде өткен фотокөрмеге Қазақ­станның атынан арнайы қатысқанын да айта кеткен артық болмас.

Жалпы, оның еңбектері 20-дан астам кітапқа иллюстрация ретінде пайда­ланыл­ған. Қас қағым сәттің хас шебері әр туындысы арқылы өткен жылдардың атмосферасын, әрбір кезеңнің боямасыз бейнесін дәлме-дәл жеткізе білді. Фототілшінің қолынан шыққан туған өлкенің өткені, маңызды оқиғалар мен тарихи тұлғалардың жарқын бейнелері көпке танылды деп айтуға негіз бар.

«Ең алғаш рет облыстық газетте

2 жылдай қаламақы негізінде жұмыс іс­те­дім. Сол уақытта айлық 50 сом болатын. Маған сондай мөлшерде қала­мақы төленіп тұрды. Осы орайда менің суреттерімді жоғары бағалап, қызметке алған сол кездегі «Ленин жолы» газетінің бас редакторы Ұзақ Бағаевтың еңбегі ерен. Бертін келе, 1969 жылы, яғни 18 жасқа толған шағымда штатқа алындым. Алдымен хат бөлімінде 4 жыл хат тір­кеуші болдым. Кейіннен фототілші болып, зейнетке шыққанша тынымсыз қызмет атқардым. Газеттің талай редак­торы­мен қызметтес, көптеген игі жақ­сы­лармен табақтас болдым. Тарихи сәттердің әрбірі фотомұрағатымда сақтаулы.  Сол уақытта журналистиканың қызығынан қиындығы басым болатын. Тілшілер бір мақала дайындау үшін күн-түн демей еңбек ететін. Ол уақытта газет қызметкерлерінің қолында қарапайым жазу құрылғысы да болмайтын. Тіпті, ісса­­парға шығуға көлік те таппай қалатынбыз. Қазір техника қарыштап дамып кетті. Айлық жерден көзді ашып-жұмғанша жедел ақпарат алуға мүмкіндік зор. Кабинеттен шықпай-ақ көлемді мақала дайындап жатады. Сол кездері тілшілердің жұмысына қызыға қарайтын едім. Қолыма қалам ұстап, мақала жазу­ға да мүмкіндігім болды. Бірақ фото­аппарат­тан ажырамай, тарихи сәттерді таспалап, мұрағатымды толықтыра бердім. Бұл өз мамандығыма деген шексіз сүйіспеншілігімнен болса керек», – деп ол өткен кезеңдерді қимастықпен еске алды.  

Өңіріміздің 50 жылдық тарихын бей­не­лейтін мұрағаттық  туындыларымен көпшілікке танылған Болат аға бүгінде құрметті еңбек демалысында. Қазыналы қария ұлы мен қызынан немере-шөбере сүйіп, бақытты да бақуатты тұрмыс кешіп жатыр. Әлі күнге дейін әлеуметтік желіде белсенді. Уақыт көшінен қалмай, замандастары мен жазылушыларына әлеуметтік желі арқылы тарихи сәттерге толы суреттерімен үзбей бөлісіп оты­рады.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы