Қарағандыдағы Балқаш өңірі туристік аймақ ретінде танымал.
Тораңғалық туристі магнитше тартады
897
оқылды

Жаз шыға Балқаш көліне ағылатындардың қарасы қалың. Жақында тағы да бір жағымды жаңалық жария болды. Енді Ақтоғай ауданына қарасты Тораң­ғалық ауылы бұдан былай Ақтоғайға емес, Балқаштың шекарасына кіреді.

Бұған дейін Тораңғалық курорттық ауылын дамытып, туристер үшін жайлы жағдай жасау мәселесі талай көтерілген болатын. Осы мәселені облыстық мәсли­хаттың депутаттары кезекті сессияда қайта көтеріп, ауылды қаланың шекарасына қосып берді.

«Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы мен Балқаш қаласының әкімшілік-аумақтық құрылысына мынадай өзгеріс енгізілсін: Ақтоғай ауданының Тораңғалық ауылдық округі жойылсын, кейіннен оның аумағы Балқаш қаласының әкім­шілік бағынысы-на енгізіле отырып, оны есептік деректерден алып тасталсын» делінген құжатта.

Айта кету керек, Балқаш қаласының шекарасын өзгерту мақсатында үкіметтік қаулы шыққан болатын. Бұл қаулы Тораңғалық ауылдық округін Балқаштың шекарасына кіргізу үшін әкімшілік рет­теуді шешу мақсатында ұйғарылған. Бү­гінде облыстық Экономика басқарма­сының басшысы Татьяна Аблаева жасалуы керек барлық рәсім заң жүзінде жүргізіл­генін атап өтті.

Тораңғалық – Тораңғалық ауылдық округінің орталығы. Балқаш көлінің жағасында, Балқаш қаласының солтүстік-батысында 25 шақырым жерде орналасқан. Іргесі 1937 жылы каланған. 1968 жылы Балқаш кұс фабрикасы ашылып, 1998 жылы жекешелендірілген. 1977 жылы Тораңғалық ауылдық кеңесі атқару комитеті кұрылған. Тораңғы ағашының көп өсуіне сай Тораңғалық деп аталған. Ауылдық округ бұрын Тоқырауын ауда­нына қараған. 1997 жылы ауданның тарауына байланысты Ақтоғай ауданына қосылды. Халкының саны – 0,6 мың (2005). Жерінің жалпы ауданы – 3,5 мың гектар. Шаруашылықтың мамандан­дырылған негізгі бағыттары – балық аулау, көкөніс, құс өсіру, қосымша – сүтті ірі қара, шошқа өсіру болды. Округте мектеп, ФАП, клуб, кітапхана, 14 демалыс орны, «Балқашқұс» ЖШС, АТС, пошта басқа да мәдени-тұрмыстық мекемелер бар. Ауыл басқа елді мекендермен автомобиль жол­дары арқылы байланысады.

Тораңғалықты қалаға қосудың басты себебі бар. Бірнеше жыл бұрын Балқаш курорттық аймағын дамыту бойынша арнайы жоба да құрылған болатын. Бұл жоспарға сәйкес, бюджеттік және жеке құйылатын инвестиция сомасы – 30 млрд теңге.

Бұл жерде жағажай туризмі басты орында. Балқаш көлі жағасындағы 40-тан астам демалыс орны мен пансионатқа жыл сайын 30 мыңнан астам турист келеді. Балқаштың туристік әлеуетін арттыру мақсатында іске асырылатын кешенді шаралар қатарында бос жер учаскелерін пайдаға жарату, Балқаш қаласы әуежайын қайта жаңғырту, Бертіс шығанағының туристік объектілеріне, Шұбартүбек және Тораңғалық кент­терін­де инженерлік инфрақұрылым жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары тұр. Сонымен қатар ұзындығы 360 шақырымды құрай­тын төртжолақты Қарағанды – Балқаш күрежолы толық іске қосылады. Жеке инвестициялар есебінен 9 жаңа демалыс аумағының құрылысы басталады.

Аталған аймақтарда туризмді дамытуда басты басымдықтар инфрақұрылымды дамытуға бағытталса, туристер саны артады. Турист – жергілікті жерге келетін қаражат көзі.


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы

фото: Андрей Исаев