Шыны керек, бүгінде статистикалық есептердің басым бөлігі шындықтан алшақтап барады. Жыл сайынғы есеп жүргізу өткен жылғымен шамалас бағытта жүргізіле беретінін ешкім жоққа шығармайды.
Түркістан облысына қарасты ауыл әкімдері елді мекендерде сүт және ет өнімдерін өндіру бойынша көрсеткіштерді жақсарту мақсатында статистикалық есептерге шаруа қожалықтарындағы мал бастарын әдейілеп қосып жазған. Бұл туралы Түркістан облыстық прокуратурасы мәлімдеді.
Осылайша, аудан әкімдері жайылым жерлерді басқару Жобасын түзу және бекіту барысында бұрмаланған есептерді қолданған.
Бүгінде аталған статистика прокурорлардың ықпалымен ретке келтіріліп, облыс бойынша нақты қажеттілік 3 есеге, яғни 2,1 млн гектардан 652 мың гектарға дейін төмендепті.
Түркістан облысының прокуратурасы анықталған деректер бойынша «Қолжетімді жайылым» жобасының аясында 174 ауыл әкімін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық-бұзушылық туралы кодексінің 498-бабы (статистиканы қосып жазу және бұрмалау) бойынша 5 млн теңгеге әкімшілік жауаптылыққа тартты.
Одан бөлек, прокурорлық актілердің негізінде қала, аудан әкімдіктерімен бұрын бекітілген осыған ұқсас жобаларды қайта қарау жұмыстары жүргізілуде.
Осы тектес кемшіліктердің алдын алу мақсатында Стратегиялық жоспарлау және реформалар бойынша агенттігіне, Ауыл шаруашылығы министрлігіне және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне мал шаруашылығы саласындағы бағдарламаларды интеграциялау бойынша бірқатар ұсыныстар жолданған.
Сондай-ақ жуырда Мәжіліс депутаттары жайылым жерлер туралы заңнамаға ауыл шаруашылығы кешендерінің құрамына жайылым жерлерді тендер өткізбей беруге тыйым салатын түзетуді бірінші оқылымда қабылдағанын атап өткен жөн.
Айта кетейік, еліміздегі қолда бар 187 млн гектар жайылым жердің бүгінде тек 82 млн гектарға жуығы ғана жа-йылым жер ретінде пайдаланылуда. Оның 61 млн гектары ауыл шаруа-шылығы мақсатында болса, 20 млн гектары – елді мекендердің жерлері.
Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының мәліметі бойынша, соның салдарынан Қазақстанның оңтүстік аймақтарында ауыл тұрғындарының тығыздығы және сәйкесінше мал басының, әсіресе жеке шаруашылықтағы мал санының жоғары болуына байланысты жайылым жер тапшылығы қатты байқалуда.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы
фото:egemen.kz