Бұл жолғы қойылымның ішкі мазмұны, сыртқы көрінісі де ерекше. Алтын орданың бастауы болған Жошы ұлысының қалыптасуы жайлы сөз етеді. Осы арқылы қалың көрерменге қазақ елі тарихының ерте замандардан бастау алғанын дәлелдейді.
Кетбұға бидің Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының қазасын естірткені туралы аңызды білмейтін қазақ жоқ. Қаһарлы хан «Ақсақ құлан» күйі арқылы ұлының өлімін естірткені үшін домбыраның көмейіне қорғасын құйғызады. Сондықтан да тарихи қойылымның шымылдығы қоңыр домбыраның үнімен ашылды. Ары қарайғы сюжет қиян-кескі ұрыс сахнасына ойысады. Жүздеген соғыста қол бастап, Шыңғыс ханның сенімінен шыққан Жошы бұл жолғы шайқасты қан төкпей, шаһарды жермен-жексен етпей алуды көздейді. Бірақ барлығын білектің күшімен шешіп үйренген бауырлары Шағатай мен Үгедейдің шыдамы жетпейді. Осылайша, Жошыға көнбей, Ұлы жасақ заңына сай әрекет етеді. Қойылымда «әділдік» принципі көбірек сөз болады. Осы уақытқа дейін жолында тұрған жанның қанын төгіп, ешкімді аямай келген қолбасшы Жошының бойында үрей пайда болады. Ол ұрпақтарының келешегі үшін уайымдай бастайды. Ақыры әкесіне ішіндегісін бүкпей айтып, жорықтың шегін сұрайды:
– Бәрін бір қалыпқа салам деп жүргенде түркі баласы өзі жұтылып, өзегінен айырылып қалмай ма? Осыншама жорықтың шегі болуы керек қой? Егер жер бетінде тіршілік тоқтамайтын болса, соғыс та тоқтамайды. Себебі әр заманның өз Шыңғыс ханы болады, – дейді Жошы. Ал Шыңғыс хан алған бетінен қайтпай:
– Бір билікке бағынғанда ғана жер бетінде тыныштық орнайды. Қателесесің, Жошы. Шыңғыс хан дүниеде жалғыз. Ол енді қайта тумайды. Адамдар тығырыққа тірелген уақытта оны іздейтін болады. Бірақ ол кезде Шыңғыс хан қол жетпейтін алыста болады, – дейді.
Осындай диалогтер арқылы автор спектакльде әке мен бала сабақтастығын да ұштастыра білген. Айта кету керек, «Жошы хан» тарихи драмасының авторы – Думан Рамазан. Белгілі жазушы бұған дейін «Кенесары – Күнімжан», «Абылай ханның арманы», «Керей – Жәнібек хандар» пьесаларын жазып, әдеби қауымның ыстық ықыласына ие болған еді. Ал қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Автор мен режиссердің тандемі тарихи сананы қайта жаңғыртуға, көркемөнерді бүгінгі ұрпақ санасына жеткізуге өлшеусіз үлес қосады. Сондай-ақ спектакльге ерекше реңк беріп, шығарманың мазмұнын аша түскен оның музыкасы. Әуендерді композитор, этномузыкант, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Еділ Құсайынов пен Қайрат Тоқымбетов жазған. Қойылымның суретшісі ретінде Ерлан Тұяқов арнайы шақырылса, хореографы – Салтанат Сұңғат, сахна сайысын Абылай Салимханов қойды. Жалпы, шығармашылық топ аянып қалмаған. Сахнаға эскалатор жүргізілген, фон 3D графикамен әрленген, тіпті қағанның айбарын көрсететін тақ та ерекше әрленген. Кезінде осындай соңғы үлгідегі техникаларды пайдалану үшін театрлар қыруар қаржыға шетелден режиссер алдыратын еді. Ал «Жошы ханда» өзіміздің режиссерлер мен мамандар қалыптасқан стереотипті бұзып, қазақ театрының мүмкіндіктерін тағы бір рет паш етті.
Шыңғыс ханды Жанқалдыбек Төленбаев шынайы сомдаған. Бұған дейінгі спектакльдерде Шыңғыс ханды тек қатыгез жағынан көрсек, бұл жолы қарттықтың қайнарына жетіп, кемелденген әке образында көбірек танимыз. Қойылымда Шыңғыс хан ұлдары арасындағы алауыздықты шешіп, сыртқы жаулардың қитұрқы ойларының жүзеге асуына жол бермеуге тырысады. Шыңғыс ханның өз қарамағындағы жерлерін төрт ұлына беріп, ұлыстарға бөлу сахнасы арқылы оның көрегендігі мен сарабдал саясаткерлігі байқалады. Заңғар таулардан асып, терең теңіздерді кешіп, таралғы созылғанша, үзеңгі қажалғанша тыным таппай, қаншама халықты қарамағына қаратып, бір ұлысқа ұйыстырған хан әке мен оғлан Жошының ел билеу жөніндегі ой ерекшеліктері, талғам-түйсіктері бой көрсетеді.
Кей сәттерде әке шешіміне қатысты өз пікірін ашық айтатын Жошы оғлан бейнесі бүгінгі Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуының ежелгі шарт-талаптарын негіздеуші ұлы тұлға Жошы хан бейнесіне дейін көтеріледі. Жошы өз иелігіне берілген Ертіс өзенінен Орал тауына, оңтүстіктен Каспий теңізі мен Арал теңізіне дейінгі жерлер, Сырдария аймағы, Қойлық пен Сақасыннан Бұлғардың шетіне дейінгі Қыпшақтың кең даласын зор мәртебе тұтады. Ұлы дала кіндігі Ұлытауда Жошы ордасы тігіледі. Спектакльде Жошы хан рөлін театрдың жас актері Қайыржан Садықов сомдайды. Динамикаға құрылған драмада хан ордасындағы алауыздықтар мен көреалмаушылықтар да көрініс тапқан. Айталық, бақсы Көкеш пен Қағанның сүйікті тоқалы Құлқа тақтан дәмеленіп, Жошы мен бауырлары арасына от салады. Жошының көзін құрту үшін бақсы Құлқаға у береді. Оны ханша көйлегіне жасырады. Алайда спектакль барысында у ішіп уланған ешкімді көрмедік. Соңында сол удың ханның қолына қалай жеткені де ашылмай қалды. Дегенмен түркі баласын бір тудың астына жинап, артынан ерген елдің тыныштығы мен біртұтастығын ойлаған оғлан бейнесі бүгінгі қазақ театрына қосылған жаңа тұлға болды. Шыңғыс ханнан кейін қаны түркі баласына бір шаңырақтың астына бас қосқызып, бір қазаннан дәм татқызған, тағдырын бір қазыққа байлаған Жошы өмірі – елдің елдігін, ділдің бастауын көрсететін құндылық.
Көктем ҚАРҚЫН