Барлық салада серпін байқалады

Елорданың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика байқалады.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, соңғы бес айдың өзінде ғана инвестиция көлемі 20,9 пайызға артқан. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес мөлшері айтарлықтай артып, 25,2 пайызға өсім көрсетіп отыр. Сондай-ақ тауар айналымы – 10,6, құрылыс жұмыстарының көлемі 2,2 пайызға ұлғайыпты.


24 кәсіпорын іске қосылады

Жыл басындағы жағдайға сәйкес, елорда халқының саны 1 млн 370 мың адамды құрайды. Бұл көрсеткіш бас жос­пардың болжамынан бірнеше есе көп. Өйткені халық саны жыл санап өсіп келе жатқан бас қаланың бас ауруы баспана болып отырғаны жасырын емес. Сон­дықтан қала әкімдігі тұрғындардың тала­бын басты назарға алып келеді. Айталық, бес айда 1 215 шаршы метр тұрғын үй іске қосылып, былтырғы осы кезеңмен салыс­тырғанда көрсеткіш 35,4 пайызға өскен.  

Қала әкімі атап өткендей, жылына елордаға 50 мыңға жуық жаңа тұрғын келеді. Одан бөлек, 30 мың бала дүниеге келеді. Ал күн сайын Талапкер, Қосшы, Қоянды сияқты қала маңындағы елді ме­кен­дерден елордаға 150 мың адам келіп-кетеді екен. Сондықтан қаланың тез дамуы мен халық санының өсіміне бай­ланысты елорда алдында бірқатар жаңа міндет тұрғанын айтқан әкім: «Бұл – тұ­рақты экономикалық өсімді сақтау, тұр­ғын­дардың өмір сүруіне қолайлы жағ­дайлар жасау, инфрақұрылымдық даму және экологиялық тұрақтылықты қам­тамасыз ету,  миграциялық ағымды бақы­лау. Осыған орай біздің алдымызда күрделі міндет тұр. Бұл дегеніміз – миграцияның жоғары қарқыны жағдайында жаңа жұмыс орындарын құру бойынша тиімді шаралар кешенін қабылдау. Бірінші кезекте, бұл – тұрақсыз жұмыспен қамтылған адам­дарды тіркеу және анықтау, жеке атаулы қолдау шараларын ұсыну, сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқамерзімді тегін курстар және ары қарай жұмысқа орналастыру. Жылдың соңына дейін 60 мың жаңа жұмыс орнын құруды жоспарлап жатырмыз», – деді.

Негізі, жұмыс орындар шағын және орта бизнес саласында құрылады. Қазірдің өзінде салада елорданың экономикалық белсенді тұрғындарының 70 пайызы жұмыс істейді. Шағын және орта бизнестің қала экономикасына қосқан үлесі шама­мен 69,5 пайызды құрайды екен. Былтыр шағын және орта бизнес 11 триллион 400 миллиард теңгенің өнімін шығарған. Биыл кәсіпкерлердің төрт мың жобасына жалпы сомасы 29,5 млрд теңгені құрайтын қар­жылай көмек көрсету жоспарлануда. Сон­дай-ақ елордада 154 инвестициялық жоба­дан құралған пул жасалып, биыл қалада 24 кәсіпорынды іске қосу күтіліп отыр.

Маңызды мәселелердің бірі – елор­даның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қазіргі кезде әкімдік Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстарымен көкөністерді жеткізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгінде 30 мың тонна өнім көлемінде келісімшарт жасалған. Қызылорда облысында күріш бағасын тұрақтандыру үшін өндіруші­лермен ынтымақтастық туралы меморан­думға, Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша Меркі зауытымен 3,5 мың тонна қант жеткізу туралы шартқа қол қойы­лып­ты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы­ның тапсырмасы бойынша азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін өндірістік қуаттарды құру бойынша бірқатар инвестициялық жоба іске асырылып жатыр.

Елорда басшысының айтуынша, қаланы дамытудың 2035 жылға дейінгі жаңа бас жоспары әзірленіп жатыр. Онда барлық тұрғындар үшін қолайлы орта құруға басты назар аударылатын болады. Сумен жабдықтау мәселелеріне де ерекше назар аударылады. «Қабылданған шара­лардың арқасында біз су қысымын қал­пына келтіріп, қаланы сумен қамту мәсе­лесін шеше алдық. Маусымның бірінші онкүндігінде Астана су қоймасынан су құбыры іске қосылды. Бұл қалаға тәулігіне 90 мың текше метр көлемінде бастапқы су беруді қамтамасыз етті. Бұдан бөлек, маусым айында ауыз судың жаңа сорғы-сүзгі стансасы кезең-кезеңімен іске қосыла бастады. Жүйе реттелгеннен кейін тәулігіне 35 мың текше метр судың бірінші блогын іске қосу қамтамасыз етіледі. Тамыз айында қуаттылығы тәулігіне 70 мың текше метр болатын тағы бір блокты іске қосуды жоспарлап отырмыз. Осы­лайша, сорғы-сүзгі стансасын тәулігіне 105 мың текше метр судың жалпы жобалық өнімділігіне шығарамыз. Бұл ауызсу тапшылығын жояды және бірнеше жыл бойы қуат қорын жасай алады. Сумен жабдықтауды одан әрі тұрақтандыру үшін Нұра жерасты сулары кен орнынан су құбырын, Тельман сорғы стансасынан техникалық су құбырын салу жөніндегі жобаларды әзірлеу аяқталуға жақын. Ол бойынша құрылыс-монтаждау жұмыс­тарын бір жарым жыл ішінде аяқтау жос­парланып отыр. Қаланы үздіксіз сумен жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында оның одан әрі дамуын ескере отырып, каналдан су алу нүктесі бар төртінші сорғы-сүзгі стансасын салу жөніндегі жобаны әзірлеуді бастау қолға алынбақ», – дейді Жеңіс Қасымбек.

Қыстың қамын жаз ойлаған   

Қала әкімдігі жылыту маусымының басына дейін жалпы қуаты сағатына 1 130 гигакалорияны құрайтын үшінші жылу электр орталығының бірінші кезеңі мен екі газ жылу стансасының құрылысын аяқ­тауды мақсат етіп отыр. Бұл жылу энергиясының профицитін қалыптас­тыруға мүмкіндік береді екен. Ал газға 12 мыңнан астам абонент қосылып, бірінші және екінші жылу электр орталықтарының 16 қазандығы газға ауыстырылыпты. Одан бөлек, 17 автономды жылу стансасы газға қосылды.

 Жаңа бас жоспарда қалалық ортаны абаттандыруға ерекше назар аударылды. Негізгі қалалық саябақтар мен скверлерді қайта жөнде у, қала көшелерін көгалдан­дыру қоғамдық кеңістіктер мен қасбеттерді біркелкі дизайн-кодқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Мәселен, қалада жаңа қо­ғам­дық кеңістіктер мен аулаларды салу бо­йынша да ауқымды жұмыс қолға алын­ған. Биыл 165-тен астам аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланып отыр.

«Біз елорда тұрғындары мен қонақтары бос уақытын пайдалы өткізе алатын орын­дар санын кеңейту үшін ғана емес, соны­мен қатар қаладағы саябақтар мен гүлзар­ларды қайта құру үшін де жұмыс істеп жатырмыз. Биыл 165-тен астам аула мен қо­ғамдық кеңістікті абаттандырамыз. Олардың бір бөлігі «Халық қатысатын бюд­жет» жобасы бойынша аяқталды. Мысалы, Амман және Абылай хан көпір­лерінің астында жаяу жүргіншілер өткел­дері ашылады. Олар Ақбұлақ өзенінің бойын­дағы саябақ кластерін байланыс­тырады. Сондай-ақ Сәтбаев көшесі Қажымұқан көшесінен Петров көшесіне дейін жөнделеді. Орталық жағалаудың тарихи көшелері (Желтоқсан, Бейбітшілік, Бұқарбай батыр көшелері) қайта құ­рылады. Бұл жаңа абаттандырылған орын­дарды бұрынғы орындармен біріктіруге мүмкіндік береді, сол арқылы серуендеуге арналған үлкен кеңістік ашылады», – деді елорда әкімі.

Сондай-ақ ол қаланы абаттандырумен қатар көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Биыл да 1 мил­лион­нан астам жасыл желек отырғызу жоспар­лануда. Оның ішінде 452 мың жасыл желек қалада, қалғаны елорда жанындағы «Жасыл белбеу» аумағында отырғызылады. Оның ішінде ағаш, бұта, көпжылдық сәндік бұталар мен гүлдер, қайың, бал­қарағай, тал, қарағай, ұсақ жапырақты қара­ғаш, сирень, акация, тау күлі, шым­тезек, раушан рибоза, тау қарағайы, жапон спиреясы, сұр спирея секілді көптеген көшет түрі бар.


Үлескерлер үлкен үміт артады

Қаладағы құрылыс көлемі 103 пайызды құрады. Жыл басынан бастап 1 миллион 215 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. «Жалпы жыл соңына дейін үш миллион шаршы метрден көп тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Бұл шамамен 40 мың пәтер, оның ішінде 6 мың пәтер мемлекет тарапынан халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі. Мемлекет басшы­сының тапсырмаларына сәйкес, ұзақ құрылыстарды аяқтау елорда әкімдігінің ерекше бақылауында тұр. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасының екінші кезеңі аясында салынып жатқан барлық даулы үлескерлік құрылыс нысандарын  аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бұл 16 даулы үлестік нысан немесе 30-дан астам көппәтерлі тұрғын үй», – деді Жеңіс Қасымбек.

Астанада нүктелік құрылысқа қарсы күрес жүріп жатыр. Қазір қалада осындай 22 нысан бар. Биыл қаңтар айынан бастап инженерлік желілерсіз және бас жоспар­сыз құрылысқа рұқсат берілмейді. Егер қан­дай да бір құрылыс компаниясы құрылысты техникалық шарттардың то­лық пакетінсіз жалғастырса, құрылыс учас­келеріндегі жұмыс толығымен тоқта­тылады және компания жосықсыз компа­ниялардың «қара» тізіміне енгізіледі. Ен­ді­гі жерде 20-ға жуық учаскеде көп­пәтерлі тұрғын үй кешендерінің орнына әлеуметтік нысандар пайда болатынын айтқан ол: «Қалада осындай 22 нысан бар. Барлық нысаннан хабарымыз бар. Олар бойынша көрші үйлердің тұрғындарының бастамашыл топтарымен және құрылыс салушылардың өкілдерімен белсенді жұмыс істейміз. Қазір екі нысанның ісі сотта, қалғандары бойынша шешім бар. Учаскелер тұрғындардың пікірін ескере отырып, әлеуметтік нысандарды салу үшін пайдаланылатын болады. Мысалы, Есіл өзенінің жағасында, Косыгин көшесінің ауданында егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына өзгерістер енгізілді. Көппәтерлі тұрғын үй кешендері гүлзарға ауыстырылды, Copenhagen ТК ауданында көппәтерлі тұрғын үй кешені алаңға ауыстырылды. Nova city ТК ауданында көппәтерлі тұрғын үй кешені білім беру орталығына, Қалалық романс ТК ауда­нында – мектеп, балабақша мен сквер се­кілді қоғамдық маңызды әлеуметтік нысан салынады», – деді.

Биыл наурыз айында 2030 жылға дейін қалалық жаңарту бағдарламасы жаңар­тылды. Оның шеңберінде 206 апатты үйді немесе 14 мың тұрғынды қоныстандыру жоспарлануда. Бүгінде елордада 16 тұрғын алабы бар, онда елорда халқының төрттен бірі тұрады. Бұл негізінен қаланың шет аймақтары. Қаланың үш жылдық бюджетінде шет аймақтарды инфрақұры­лымдық дамытуға – жолдар, желілер, әлеуметтік нысандар салуға ерекше назар аударылды. Биыл тұрғын алаптарда 30 көшені асфальттау, 7 қоғамдық кеңістікті жайластыру, 13 шақырым кәріз желілерін, 2 кәріз-сорғы стансаларын, 5 шақырым нөсер кәрізін, 20 шақырым электрмен жаб­дықтауды, 27,5 шақырым сумен жаб­дықтау желілерін, 7,4 шақырым газбен жаб­дықтау желілерін салуды аяқтау, тұрғын алаптарда 2 өрт сөндіру депосын салуды аяқтау көзделген.

Сондай-ақ қала әкімі биыл Теміржол­шылар және Үркер елді мекендерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін ашу, Көктал және Үркер елді мекенінде екі өрт сөндіру депосының, Кирпичный елді мекенінде және Интернациональный елді мекенінде мектеп құрылысын аяқтау жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұдан басқа елді мекендерде 30 көшені асфаль­ттау, 7 қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланып көзделген. Себебі елді мекен­дердің дамуы қала әкімдігінің ғана емес, Мемлекет басшысының да тікелей бақылауында.

Қуанышты хабар көп

Көлік ағынын түсіру мақсатында биыл 31 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Сон­дай-ақ Жеңіс Қасымбек биыл Астанада Тәуелсіздік даңғылында автомобиль көпірі ашылатынын тілге тиек етті. Сол секілді биыл қоғамдық көлік паркі 400 автобусқа ұлғайып, 70-тен астам көше жөнделсе, қосымша алты жаңа бағыт ашу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, аялдама­ға бұрылатын орындарды, пандустарды, тротуарларды және әлеуметтік нысандарға кірме жолдарды ыңғайластыру жұмысы жүріп жатыр.

«Қала тұрғындарының өсуін ескере отырып, қоғамдық көліктер санын ұлғайту жұмысын жүргізіп жатырмыз. Жуырда 20 электроавтобус жеткізілді, оған дейін 50 автобус болатын. Шілде айында тағы 70 автобустың жеткізілуін күтіп отырмыз. Жыл соңына дейін барлығы 400 автобус жеткізіледі. Бұл жаңа бағыттарды іске қосуға, күту уақытын қысқарту, ескі автобустарды алмастыру секілді өзекті мәселенің шешімін табуға мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін Есіл өзені арқылы Тәуелсіздік даңғылындағы көпірді ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл көпір жолдардағы көлік нөпірін едәуір жеңіл­детуге мүмкіндік береді: Тәуелсіздік даң­ғы­­лымен, жаңа теміржол бекеті ауданы­мен, Қошқарбаев даңғылымен, Нәжіме­денов көшесімен, Әзірет Сұлтан мешіті ауданымен, Байтұрсынов, Қордай, Айна­көл көшелерімен, Момышұлы даңғы­лымен қосымша байланыс қамтамасыз етіледі», – деді қала әкімі.

Нөсерлі кәріз желісін дамыту бойынша жұмыс та жалғасын тауып келеді. Биыл «Нұрлы жол» вокзалы ауданында және Қорғалжын тас жолының солтүстігінде тазарту құрылыстарының 2 кешенін пайдалануға берілмек. Бұл өз кезегінде су жинаудың жалпы ауданын 20 пайызға ұлғайтады.

Тұрғын саны тұрақты өсіп келе жатқа­нын ескерсек, қаладағы әлеуметтік нысан­дарға деген қажеттілік те күн өткен сайын өзекті бола түсті. Сәйкесінше, балабақ­шалар жетіспейді, мектептерде бала саны шамадан тыс толық. Қазір елордада оқушы орындарының тапшылығы 26 мың орынды құрайды, 8 мектептің оқушылары үш ауысымда оқыса, 18 мектептің жұмыс режимі шамадан тыс жүктемемен жұмыс істейді. Бала туу көрсеткіші мен қалаға қоныс тебушілердің өсуі балабақша тап­шылығын да тудыруда. Сондықтан жеке инвестициялар есебінен 30 балабақша салу туралы келісім жасалыпты.

Астанада екі жыл ішінде 40 мектеп салу жоспарланған. Қазір 14 мектептің құрылысы жүріп жатса, 11 мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тағы 24 мектеп салынады. «Жыл сайын қалада ішкі көші-қон мен бала туу есебінен халық саны артып келеді. Мысалы, егер мектепті орта есеппен 8-10 мың түлек бітірсе, жаңа оқу жылында 24-25 мың бала мектеп табал­дырығын аттайды. Оқушы орындарымен қамту үшін мектептер салу бойынша жүйелі жұмыс жүргіземіз. Жаңа оқу жылын­да 11 мектеп өз есігін айқара ашады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 90 мыңға жуық оқушы орнын құрамыз», – деді Жеңіс Қасымбек. Оның айтуынша, мектептер барлық аудандарда, соның ішінде елді мекендерде де салынып жатыр. Жаңа оқу жылында тапсырылатын 20 мектеп Алматы, Байқоңыр, Есіл аудан­дарында орналасатын болады. Сондай-ақ қала әкімі Есіл және Нұра аудандарының тұрғындарына жақсы жаңалығымен бөлісті. Себебі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бұл аудандарда 15 мектеп салынады. Бұл ғана емес, осы айда әкімдік 15 заманауи балаларға білім беру орта­лықтарын салуға Мемлекет басшысының қолдауын алыпты. Осылайша, елорда әкімдігі үш жыл ішінде үйірмелер мен бөлімдерге деген негізгі қажеттілікті жауып, алдыңғы кезеңде әр ауданда бір-бір орталық бой көтермек.

 

Жадыра МҮСІЛІМ