Классикада нең бар еді, құлыным?!

Соңғы кезде «Қыз Жібек» фильміне қатысты пікір көп айтылып жүр.

 Бірі қазақ ки­но­сының жауһарына ай­налған туындыға ремейк тү­сіруді қате деп санаса, енді бірі мұны әлемдік үрдіске балайды. Remake жанры қайдан шыққан? Жаңа нұсқа классикалық картиналарды қайта жаңғырта ала ма?

Tiger Films продюсерлік ком­паниясы «Қыз Жібек» фильміне ремейк түсіріп, ау­қым­ды тарихи жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Ком­пания өкілдерінің айтуынша, Қыз Жібек пен Төлегеннің аңыз­ға айналған махаббат дас­танын экранда танымал қа­зақстандық актерлер сомдайды. Ал барлық іс-қимыл жаппай шай­қас сахналарымен сүйемел­денеді. Ғабит Мүсіреповтің түпнұсқа мәтіні негіз ретінде пай­­даланылмайды, Қанат Ра­ма­­зановтың басшылығымен жаңа сценарий әзірленіп жатыр. Компания картинаны жүзеге асыруға 2 миллиард теңге жұм­сауды жоспарлап отыр.
– Осылайша, біз өткенімізге, ұлы эпостың кейіпкерлеріне және культтік театр нұсқасын жасағандарға құрмет көрсетіп қана қоймай, шығарманың жаңа инкарнацияға ие болып, жастардың назар аударғанын қалаймыз, – дейді Tiger Films өкілдері.
Алтын қордағы «Қыз Жібек» фильмін режиссер Сұлтанахмет Қожықов 1969-1970 жылдары Ғабит Мүсіреповтің сценарийі бойынша түсірген. Қазақ киносының биік шыңына айналған туындыда басты рөлдерді Меруерт Өтекешева, Құман Тастанбеков, Асанәлі Әшімов, Кененбай Қожабеков және басқалар ойнайды. Сұлулық символына айналған Жібек пен шынайы махаббат майданын суреттеген фильм көптің санасында жарты ғасыр бойы жаңғырып келеді. Көрерменнің қор­қынышы да осында. Олар сүйікті фильм­дерінің жаңа нұсқасы түпнұсқадан сәтті шықпайтынына сенімді. Себебі бұған дейін таспаланған Fantastic Four, The Wicker Man сияқты ремейк фильмдер жан­күйерлерінен көп сын естіген еді. Көп жағ­дайда көрермендер мен сыншылар сюжеттегі өзгерістерді, актерлік ойынды түпнұсқадағыдай қабылдай алмайды.

Remake – заман талабы
Дегенмен Remake бүгін пайда болған термин емес. Әлем киногерлері әлдеқашан көрерменнің көзайымына айналған, әлі күнге сүйіп көретін ескі фильмдерді «ремейк» жасаудан жарысқа түсіп кеткен. Жалпы, remake –сюжет, кейіпкерлер, эстетика немесе техникалық сипаттамалар сияқты түпнұсқаның кейбір аспектілерін өзгертетін бұрын шығарылған фильмнің жаңа нұсқасы. Ремейктер жаңа аудитория­ны тарту үшін, классикалық танымал оқи­ғаларды жаңарту мақсатында шығарылады. «Сұлу мен құбыжық», «Жұлдызды соғыстар», «Матрица», «Арыстан патша» сияқты сәтті шыққан ремейктер де бар. Дегенмен ремейктер әрқашан оң пікірге ие бола бермейтінін ескеру керек. Түпнұсқа фильмдердің кейбір жанкүйерлері ремейк­тер қажет емес және олардың сүйікті фильмдерінің бірегейлігіне нұқсан келтіруі мүмкін деп санайды. Ал белгілі режиссер Жандос Құсайынның пікірінше, «Қыз Жібекті» қайта түсіру тек коммерциялық мақсат үшін жасалып отыр. Ешқандай да тарихи шығарма мен классиканы жаңғырту үшін емес. Tiger Films бұған дейін 20-дан астам фильм түсірген кинотеатрлар желісі. Сондықтан қандай да бір өнімді сатып, пайда табу нарықтық экономиканың заңдылығы.
– Бұған байланысты айтылып жатқан пікірдің көбімен келіспеймін. Мысалы, Ромео-Джульеттаның бірнеше нұсқасы бар. Керек десеңіз, испандық, ағылшын­дық, америкалық нұсқалары да кездеседі. Макбет фильмін де қаншама рет түсірген. Сол сияқты «Қыз Жібекті» де болашақта триллер, мюзикл жанрларында түсіруі мүмкін. Сахналанған Қыз Жібек жырының да бірнеше нұсқасы бар. Сондықтан бұған өре түрегеліп қорқа қараудың керегі жоқ. Сұлтан Қожықов түсірген Алтын қордағы Қыз Жібек классика болып қала береді,– дейді Жандос Құсайын.
Режиссер батыста ревизионизм үрдісі жүріп жатқанын да айтты. Яғни, класси­калық кейіпкерлерді қара нәсілді немесе ЛГБТ өкілі етіп трансформация жасау арқылы қиянат жасауда.
–Егер «Қыз Жібек» фильмінің түпнұсқасын монтаждап, арасындағы сахнасын кесеміз десе, қарсы тұруға болар еді. Ал әртүрлі интерпретация жасауға құқылы. Қайта әртүрлі нұсқа болатынына қуану керек. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, ремейк табысты болады деп күтудің қажеті жоқ. Сәтті шыққан ремейктер өте аз, – дейді режиссер.
Елімізде ремейк түсірумен киноре­жиссер Тимур Бекмамбетов те бел шеше кірісіп көрді. Ол «Қызметтестер хикаясы», «Тағдыр тәлкегі немесе жеңіл буыңызбен» секілді кеңестік киноларды қайта жаң­ғыртты. Осылайша, кинематографияда өз соқпағын салды. Алайда әлі күнге дейін көрермендердің көпшілігі фильмдердің қайта жаңғырмағанын, керісінше, көр­кемдік әрінен айырылғанын айтып жүр.
– Ремейкке бет бұрған шығармашылық топтың мақсаты – клиптік сана, яғни ақпаратты, оның ішінде бейнеконтентті үзік-үзік қабылдауға бейімделген ұрпақтың сұранысын өтеу. Мысалы, Бекмамбетовтің ремейктері соның куәсі. Классикаға айналған кинолардың ремейкі динамика, темпо-ритмі, кадрдың ауысуы мен әуенмен әрлеу жағынан өте жылдам. Өнердегі бұл бағытты кинодағы посылды, терең ойды ұзақтау бір кадрменен-ақ беретін арт-мәдениетті көріп қалыптасқан ересек буын даттаса, китч-мәдениетімен ержеткен ұрпақ шабыттана қабылдап жатыр. Ремейк– нарықтың көрінісі. Сұраныс бар жерде ұсыныс та бар, – дейді кинотанушы Лязиза Керімқұлқызы.

Түпнұсқадан
асып түсуі екіталай
Киносыншы Дана Әмірбекованың айтуынша, ремейк түсіру үшін батылдық қана емес, мол тәжірибе де керек. «Қыз Жібек» сияқты халықтың сүйікті фильмін қайта түсіруге бел буу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Қыз Жібекті түсіруге режиссерлік біліктілік пен кәсіби білім жеткіліксіз. Режиссер ең бірінші қазақтың фольклорымен, әдебиетімен, дүниетанымымен толыққанды таныс болуы керек. С.Қожықовтың туындысы жырдың экранизациясы емес, қазақ бол­мысын аңқытып көрсеткен, ұлт жауһарына айналған туынды. Дәл сондай туындыны қайта алып шығу бүгінде мүмкін емес.
– Себебі қазір қазақтың жанын, философиясын түсінетін, өз деңгейінде жеткізе білетін ешбір режиссер жоқ. Шамасы келеді-ау деп ешкімді атап айта алмаймын. Бұл жаңалықты алғаш естіген кезде «қалжың» деп қабылдадым. Бұған дейін «Менің атым Қожа», «Тақиялы періште» фильмдері қайта түсірілді. Бірақ олардың барлығы сәтсіз болды. Бізде әлі ашылмаған кейіпкерлер де, тарихи тақырыптар да баршылық. Бұған дейін экранизацияланбаған, ашылмаған тақырыптарды неге түсірмеске? Бұрын түсіріліп, көрерменнің көзайымына айналған туындыны қайта түсіруге тырысу режиссердің өз идеясының жоғын көр­сетеді. Бұл ремейк хайп үшін немесе ком­мерциялық мақсатта жасалып жатыр, – дейді киносыншы.
Ал кинотанушы Лязиза Керімқұлқы­зының пікірінше, «Қыз Жібек» фильмінің лейтмотиві – махаббат. Мейлі, ол Төлеген мен Жібек арасындағы не болмаса Беке­жанның Жібекке деген озбырлық ар­қылы көрсетілген сезімі болсын – фильмнің өн бойына қан жүгіртіп тұрған – махаббат атты ұлы сезім. Әрине, ру аралық қақтығыс, «төртеу түгел болмаса» байтақ жерді ие­ленген қазақтың күні не боларын киноның тілімен жеткізген ұлылардың қолтаң­ба­сында айқын көрсетілген. Бұл – дра­матур­гиядағы қақтығыс. Дегенмен махаб­бат тақырыбы осы фильмдегі катарсис. Осы орайда, көрнекті сыншы Әшірбек Сығай­дың: «Төлегендер жинақы жүру үшін, Бекежандар болуы керек» деген сөзі ойға оралады. Бекежанның Төлегенді өлтіріп алып Жібекке келген сәтін еске түсірейік­ші? Меруерт Өтекешованың Қыз Жібегінің шарасыз көзқарасы... Жібектің Төлегені­нен айырылғандағы күйін көзімен көріп не бүлдіріп алғанын түсінген Бекежан үшін бұл сәт катарсис, тазару.
– Режиссер Сұлтан Қожықов осы сәтті ірі планмен көрсетеді. Құман Тастан­бековтің Төлегенінің болмысындағы бек­заттығы қандай тазалықпен таспаланған?! Жаңғырған нұсқадағы актерлік құрам жарты ғасыр көрерменнің көзайымы болған осындай нәзік иірімге толы актерлік шеберліктің деңгейінен кем түспей ойнап шыға ала ма? Оны, әрине, уақыт көрсетеді. Кастингтен өткен актерлік құрам өмірден өткен ұлылармен көзі тірі аңыз актерлердің алдындағы, көрерменнің алдындағы жауапкершілікті сезіне ала ма? Бүгінгі актер қауымы айыпқа бұйырмасын, бірақ актерлік ойында олардың көбінде техника басым, ойын бар, бірақ образ жоқ, сөз бір, бірақ посыл жоқ, көзқарас бар, бірақ тереңдік жоқ. Дегенмен шығармашылық топ тәуекелге барған екен, сәттілік тілейік. Көрермен үшін кино – сынау нысанасы емес, көрермен үшін кино – атмосфера. Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібегінің» өміршеңдігі соның дәлелі. Ал ремейктің сондай құдіреті бола ма? Бұл шығарма­шылық топтың кәсібилігіне тікелей байланысты,– дейді Лязиза Керімқұлқызы.
Ремейкті Tiger Films-тің түсіретіні белгілі болғанымен, фильмнің шығарма­шылық құрамы мен актерлердің кім екені туралы әлі нақты ақпарат жоқ. Алтын қор­дағы «Қыз Жібек» сұлулықтың символына айналған образ. Ал дәл сондай жауапкер­шілігі мол рөлді алып шыға алатын актриса бар ма? Жалпы, актерлік құрамды таңда­ғанда нені ескеру керек?
– Кинода актер таңдаған кезде оны жұлдыз, танымал емес деп бөлуге қарсы­мын. Кинода типажға, актердің образға сәйкестігіне қарау керек. С.Қожықов фильміне актер таңдаған кезде кәсіби білік­тілігіне қараған жоқ. Ең бірінші, кейіп­кердің бейнесін, жан дүниесін аша­тын актерлерді алды. Соңғы кезде фильмге көрермен тарту үшін блогерлер мен таны­мал адамдарды тартады. Жібек – қазақ қызының бейнесі. Бүгінде қолдан сұлулық жасап жүрген актриса көп. Сондықтан Жібектің рөліне жас, ұяң, нәзік, таза бей­нелі қызды алу керек шығар. Бірақ бәрібір фильмді қайта түсіруге келіспеймін. Қан­шалықты сұлу қызды түсірсе де, Меруерт Өтекешованың орнын баса алмайды, – дейді Дана Әмірбекова.
Кинотанушы Лязиза Керімқұлқызы­ның пікірінше, әр дәуірдің руханият өкілдерінің сұранысын өтеу тек сезіммен, эмоциямен өлшенбеу керек. Нарықтың талабы – киноның өндірісіне жұмсалған қаржыны ақтау. «Қыз Жібектің» қайта жаңғыртылған нұсқасын продюсерлік орталық өз қаража­тына түсіреді екен. Сондықтан бұл «мей­нстрим» болары анық. Ал осы уақытқа дейінгі жаңғырған фильмдерге сараптама жасайтын болсақ, өкінішке қарай, отандық коммерциялық кино түсірілсе, эстетика мен символика жайына қалып, арзан күлкі мен қарабайыр эмоция тудыруға басым­дылық беріледі. Нарық пен өнердегі нәзік иірімдерді ұштастыру – отандық коммер­циялық киноның әлсіз жері болып тұр.
– Ғ. Мүсіреповтің түпнұсқасы болмаған соң, бәлкім ремейк демей-ақ дастан негізінде жазылған жаңа сценарий деу дұрыстау шығар. Сериал, фильмдер болсын бүгінгінің ең үлкен мәселесі диалог екені көрерменге аян. «Қалауыңыз қарлығаштың қаны не адамның жаны емес шығар?», «Жауыңа атар оғыңды жақыныңа атсаң, ел бетіне қалай қарайсың?», «Қайран қаза­ғым- ау, дүниеден еншіңе тигені осы ма еді?» деген секілді Қожықовтың «Қыз Жібе­гіндегі» қанатты сөздер неше буын­ның жадында жатталып қалды емес пе? Ал жаңғырған нұсқадан көрерменнің жадында не қалмақ? Бұл – шығармашылық топ пен уақыт еншісінде, – деп түйіндеді Лязиза Керімқұлқызы.
Қазақша айтсақ, ремейк – қайта жаң­ғырту. Ал «Қыз Жібектің» ремейк нұсқасы көрерменнің көңілінен қаншалықты шығады? Оны уақыт көрсетер.

 

Көктем ҚАРҚЫН