Тіпті, шетел асып, оқу бітірген жас мамандар қатары да жыл санап толығып келеді. Алайда бұл көрсеткіш елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға айтарлықтай әсер етіп жатқаны байқалмайды. Шындығы сол, жастардың жемісті жұмысы еріктілер қатысатын түрлі жиында ғана көзге көрінеді. Ал қазір жастардың арасында шекара сыртынан жұмыс іздеп кеткендер көп. Елде қалғандардың өзі алған білімін кәсіп дөңгелетуге арнаудың орнына жалдамалы жұмысқа жем қылып отырғаны жасырын емес.
Соңғы жылдарда Жастар және отбасы істері комитеті елдегі жастар және отбасы мәселелері бойынша ҮЕҰ-мен бірге мемлекеттік, жастар және отбасы саясаты саласында түсіндіру жұмыстарын, ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды бірлесе жүзеге асырады. Ал жастар ресурстық орталықтарын құру, олардың қызметін қамтамасыз ету және үйлестіру жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіреді. Сондай-ақ былтырдан бастап Ақпарат және қоғамдық даму министрінің бұйрығына сәйкес, мемлекеттік гранттарды беру үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру саласындағы Оператордың конкурс өткізуі арқылы өтеді. Биыл да Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты Жастар және отбасы істері комитеті 14 ҮЕҰ-да 11 ортамерзімді және 5 ұзақмерзімді мемлекеттік грант беруді көздеп отыр. Жобалар жастарды жұмысқа орналастыруға және оларды кәсіптік бағдарлауға жәрдемдесуге, жастарға тегін психологиялық және заңгерлік көмек көрсетуге, жастардың инновациялық және кәсіпкерлік қызметін жандандыруға жәрдемдесуге, экологиялық акцияларды іске асыру арқылы жастарды патриоттыққа тәрбиелеуге, жастарға отбасылық өмірге дайындалуға жәрдемдесуге бағытталмақ. Бірақ мемлекеттің бұл мүмкіндігін ауыл мен аудан жастары көре ала ма? Мәселе осында болып тұр. Өйткені кәсіптен нәсіп тауып, түрлі жеңілдік арқылы жеке іс бастағандардың көбі мемлекеттік қызметтен біршама хабары бар бұрынғы қызметкерлер. Өзге жастарға жігер сыйлап, кәсіп бастауына арналған әдемі жобаларымыз ауыл баласына келгенде ақсап жатыр.
Олқылығы көп ортақ бағдарлама
Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Жастар ресурстық орталығын басқарған Сая Сағынғали «ауылда әлеуметтік жобалар жүзеге асырылмайды» дейді. Статистикаға сәйкес, қазір елде 14-35 жас аралығындағы 6 миллионнан астам адам тұрады. Ал олармен жұмыс жүргізу – жастар саясатының маңызды бөлігі. Бір қызығы, қазір жастар саясатында тұжырымдама да, заң да болғанымен, оны жүзеге асыруға атсалысатын бағдарлама нақтыланбаған. Қазір де үкіметтік емес ұйымдардың жобаларын бақылайтын эксперт маман ретінде жұмыс істейтін Сая Сағынғали азаматтық бастамаларды қорғау орталықтарына жылына миллиондаған, миллиардталған ақша бөлінетінін тілге тиек етеді. Орталық үкіметтік емес ұйымдарға қаражат бөледі. Сөйтіп, жыл сайын жобалардың байқауы өтеді. Яғни, мемлекет өз тарапынан қаражат бөліп жатыр. Алайда грантты ұтып алған ұйымдардың жұмысы үйлестірілмеген. «Бізде жастар ұйымдарын атаулы мерекеде, мейрамдарда әкімшіліктің жұмыстарына пайдаланады. Шын мәнінде, жастармен жұмыс істей алмайды. Тағы бір қателік, бұл ұйымдарда жұмыс істейтіндердің көпшілігі костюм, шалбар, галстук киіп алған шенеуніктер. Меніңше, жастармен жұмыс істейтін ұйымдарда әр жастың категориясына сай жоспар, бағдарлама бөлек болуы керек. Бізде барлығына бірдей жоспар. Сондықтан жастарға сай бағдарлама жасау қажет деп ойлаймын», – дейді.
Олқылығы көп ортақ бағдарлама жергілікті жерлердегі жұмыссыз жастардың санын өсіруде. Мәселен, ірі мегаполистер мен өндірісі бар аумақтарда жұмыс болуы мүмкін. Бірақ аудан мен ауылдық округтерде кәсіп ашқысы келетін жастар болғанымен, түсіндірме жұмысы да, бөлінген қаражат та жетпейді. Осы себепті де ауылдық жерлердегі жастарды жұмыспен қамту мәселесі тасбақаның жүрісі секілді баяу. Мемлекеттік гранттың қызығын көретіндер де аз. Өйткені қаражат бөлінген жерде де «аға-көкенің» арқасы, басшылар тарапындағы бюрократия басымдыққа ие.
Қызылорда облысы Қазалы ауданының мәслихат депутаты Есет Табынбаевтың айтуынша, қазір елдегі әрбір ауданда Жастар ресурстарын қолдау орталығы бар. Бірақ осы орталықта істейтін қызметкерлердің біліктілігі – бірінші мәселе. «Бұл орталық бай-бағландардың балалары, оқуын енді ғана бітірген маманды жұмысқа тұрғызатын орынға айналған. Соңғы өзгеріске сәйкес, жастардың санаты 14-35 жасқа дейін болып өзгертілді. Қазір кез келген ресурстық орталыққа барсаңыз, басшы болып 26-27 жастағы мамандар отыр. Кеңесшілерінің жасы – 21-22-де. Оқуды кеше бітіріп келген балаларға елдегі жастар саясатын сеніп тапсырып отырмыз. Жиырмадан енді асқан жас маман мен 35 жастағы адамның ой-өрісі, интеллектуалдық деңгейін салыстыруға болмайды. Сондықтан алдыңғы кезекте жастармен жұмыс істейтін мамандарды іріктеп алу керек», – дейді ол. Себебі жастардың өзін үш топқа бөлуге болады. Біріншісі – оқып, тоқыған, азаматтық көзқарасы қалыптасқан тәжірибесі бар жас. Екіншісі – «ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда» дейтіндер. Олар қоғамдағы мәселеге басын қатырмайды. Үшіншісі – маргинал жастар. Сондықтан әртүрлі жастағы және түрлі санаттағы жастарға түсіндірме жұмысын жүргізетін маманның өзі көргені мен түйгені мол тәжірибелі маман болуы маңызды.
Сондай-ақ Есет Табынбаев мемлекеттік бағдарламалар мен түрлі жеңілдік ауылдық округтерге жетпейтінін жеткізді. Себебі, әлгінде айтқандай, түсіндірмелік жұмыс тоқырап тұр. Бөлінген қаражат та жыртыққа жамау бола алмай келеді. Оның айтуынша, кәсіп бастағысы келетін жастар бар. Бірақ мемлекеттің жеңілдігі қаражатқа қызығушылық басталмай жатып-ақ бітіп қалады екен. Бір көшенің асфальт емес, гранитін төсеуге 25-30 миллион ақша бөлетіндер ауданның жастар саясатына 5-6 миллион ақша береді. Бұл 25 мың жасқа жұғым болмайды. Сондықтан ол «Қаражат тапшылығын шешпей, құрғақ сөз бен жиындар жастардың вакуумын толтыра алмайды. Елдегі түрлі бағдарлама арқылы жас мамандарды тарту да толық тиімділігін көрсете алмай келеді. Себебі құлайын деп тұрған ауылдарға жастар бармайды. Осының барлығы мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін түсіндіруі тиіс әкімдіктер мен орталықтардың олқылығынан туындап отыр. Қазір ауылдық әкімдіктерде жастармен айналысатын маман жоқ. Бұл да жастар саясатын кері тартып келеді», – дейді.
Жұмыс жоспары ойдан шығарылады
Әлеуметтанушы Айдар Хамиттің де өз айтары бар. Оның айтуынша, елдегі жастар саясаты ойдан шығарылған дүние. Себебі қолға алынған жобаның өміршеңдігі түбегейлі зерттелмейді, ары қарай жұмыс істеуіне толық баға берілмейді. Қолға алынған бағдарламалар белгілі бір деңгейде жастардың дамуына, әртүрлі қажеттілігіне ықпал етуі мүмкін. Бірақ жастар арасындағы аймақтық, діни, тілдік, әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктер жоспардың жүзеге асуына кедергі келтіреді. Өйткені жастарға арналған жобалар жастар арасындағы ерекшелікті ескермей қабылданады. Ең қызығы, мемлекет жастарды объект ретінде қарастырады. Ал өркениетті елдерде жастар қоғамның белгілі бір мүшесі ретінде субъект болып саналады.
Сондай-ақ әлеуметтанушы жастар ресурсы орталықтарының жүктемесі көп екенін айтады. Мысалы, оңтүстік аймақтардағы орталықтың 10 қызметкерінің орташа алғанда 500 мыңдай жасты қамтуға қауқары жетпейді. Орталықтағы мамандардың жүктемесі көп болғандықтан белгілі бір санаттағы жастарға қызмет көрсету кемшін қалып келеді екен. «Біз қазір Финляндия, Эстония секілді батыс елдерінің мысалдарына жүгінгенімізбен, толық жұмысын тәжірибеде қолдана алмай келеміз. Бұдан бөлек, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы – мемлекеттік гранттардың операторы. Жылда олар азаматтық секторларға мемлекет тарапынан ұсынылатын қаражатты бөледі. Оның ішінде жастар мәселесімен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар бар. Алайда олардың жұмыс нәтижесін бағалау қиын. Жалпылай алғанда, әлеуметтік-экономикалық әсерін бергенімен, кемшілік те көзге ұрып тұр. Мәселен, қала мен ауыл арасындағы айырмашылық бар. Кейбір жобалар орыстілді сарапшылардың бағалауы бойынша жүзеге асып отыр. Әйтпегенде, қазақтілді ҮЕҰ-дың жобаларын бағалауға қатысты сұрақтар жылда көтеріледі. Демографиялық ерекшелік те ескерілмейді. Ауыл баласы қалаға келсе де түрлі кедергіге тап келеді. Мысалы, қалаға оқуға келген жастың пәтер жалдау құны қымбат. Осы қажеттілікті өтеу үшін студенттер жұмыс істейді. Бұл сапалы білім алуына кедергісін тигізеді. Сол үшін қазіргі жастарда маман болу мақсаты жоқ. Кәсіби бағдарға қатысты сұрақ көп. Яғни, саналы түрде таңдаған мамандығына қызмет етіп жатқан жастар өте аз. Өкінішке қарай, өз кәсібі бойынша жұмыс істейтін жастардың үлесі 40 пайызды ғана құрайды», – дейді Айдар Хамит. Айталық, «Серпін», «Дипломмен – ауылға!», «Жастар практикасы» бағдарламасының бір қайнауы ішінде қалды. Қазір бұл бағдарламаларға өзгерістер мен толықтырулар керек. Өкінішке қарай, елдегі жүзеге асқан жобалардың өміршеңдігіне зерттеу жасалмайды. Сәйкесінше, заманға сай қайта жаңартылмайды.
Шикі шешім шектеу қояды
Жастармен жұмыс істейтін маман даярлауға да көңіл бөлетін уақыт жетті. Әлеуметтанушының сөзінше, басқа елдерде жастармен жұмыс істейтін арнайы мамандарды оқытатын факультет бар. Бізде жастармен жұмыс жүргізетін маман тапшы. «Ал жастар мәселесін зерттеу мемлекеттік тапсырма ретінде ғылыми орталықтарға бөлінген. Яғни, байқаусыз және тендерсіз өткізіледі. Тағы бір мәселе, жастар саясатында қолға алынған кейбір жобалар мемлекеттің көзқарасына кереғар келеді. Мысалы, Мәжілісте жастарға квота берілген. Кадрлық резерв бар. Осындай квотаның болуының өзі біраз жастарға шектеу қояды. Екіншіден, квота Президент айтып жүрген меритократиялық принципке қайшы келеді. Білімі мен біліктілігі тұрғысынан жастар саясатындағы кадрлық резервке де қатысты даулы сұрақ көп», – дейді Айдар Хамит.
Мәжіліс депутаты Айдарбек Ходжаназаров қолға алынған жобалардың жемісті жүзеге асқанын жастар арасындағы теңсіздік мәселесі түбегейлі шешілгенде ғана көруге болады деп санайды. Өкінішке қарай, әлі де елдегі жастардың ресурстарға қолжетімсіздігі ала-құла. Әсіресе, ауыл мен қала арасындағы теңсіздік жер мен көктей. Қала жастарының білім алуынан бастап кәсіп таңдауына дейін мүмкіндік мол. Ал ауыл баласы атқа қонып, жоғары жалақысы бар жақсы жұмысқа тұру үшін қала баласына жасалып отырған жағдайға қолжетімділігін арттыру маңызды. Оның айтуынша, қазақтілді және орыстілділер арасындағы теңсіздік те бар. Мысалы, орыстілді жастар қажетті дүниелерді ресейлік каналдардан қарай алады. Ал қазақтілді контенттер қазақ тілін тұтынатындардың қажеттілігін толық қанағаттандырмайды.
Қорыта айтқанда, жастарға қатысты саясаттағы олқылықтар әлеуметтік жіктелуді тереңдете түсуі мүмкін. Сондықтан есеп беруге емес, жастарға арналған жобалардың жемісін бергеніне көбірек көңіл бөлінгені керек-ақ.
Жадыра МҮСІЛІМ