Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру бағдарламасы аясында өнімді қадағалаудың салалық жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Яғни, сатып алушы сөредегі азық-түлік туралы толық ақпаратты смартфонның көмегімен анықтай алады. Ол үшін арнайы QR-кодты сканерлесеңіз болғаны, мәлімет – алақаныңызда.Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, жаңа жүйе арқылы тұтынушы дүкендегі азық-түліктің қайдан келгенін, қайда өскенін немесе кім өсіргенін, қай жерден тасымалданғанын біле алады. Одан бөлек, ет өнімі болса, малдың егілген, егілмегенін және иесі кім екені жөнінде қалта телефоныңыз арқылы түгел анықтай аласыз. Бір сөзбен айтқанда, азық-түліктің шаруадан бастап дүкен сөресіне дейінгі жолын көруге мүмкіндік туады. Бұл ақпаратты алу үшін арнайы «мобильді қосымша» жасалады.
Айта кетейік, қадағалау жүйесі тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізіледі. Сондай-ақ аталған жүйе Қазақстанға өз өнімін экспортқа шығаруға мүмкіндік бермек. Бұл тұрғыда министрлік қадағалау жүйесін сүт өнімдері және тауық жұмыртқасынан бастауды көздеп отыр, себебі ЕАЭО елдерінде де ауыл шаруашылығы өнімдерінің аталған түрлерін таңбалау бойынша жоба жүзеге асырылуда.
Мәселен, Ресейде биылғы 1 маусымнан бастап сүт өнімдерін міндетті таңбалау жүйесі енгізіледі. Сәйкесінше, қазақстандық тауар да сол уақыттан бастап ресейлік нарыққа шығу үшін жаңа талапқа сай болуы тиіс.
Рас, қадағалау жүйесін енгізу тауар өндірушілерден қосымша шығындарды талап етеді. Осыны ескерген Ауыл шаруашылығы министрлігі бастапқы кезеңде жүйені пилоттық жоба ретінде отандық сүт зауыттарының бірінде іске қосуды ұсынды. Бұл нарыққа қатысушылар үшін қаржылық шығындарды есептеуге және барлық тәуекелдер мен салдарды бағалауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, сүт өнімдерін таңбалау бойынша тәжірибе Ресейде 15 шілдеде басталған болатын, пилоттық жоба 2020 жылдың 29 ақпанына дейін созылуы тиіс. Дегенмен ірі ресейлік сүт өндірушілер өз өнімдеріне жаңа таңбалау жүйесін енгізу құнын 25 миллиард рубльден астам бағалады. Мұндай ақша маркаларды басып шығару үшін принтерді сатып алу және орнату үшін қажет делінген еді. Алайда Ресейлік кейбір сарапшылар тұтынушы күнделікті сатып алатын бөлшек тауарларды таңбалау өнімнің өзіндік құнын едәуір арттыратынын әрі өнімнің бағасының өсуіне әкелетінін айтқан.
Ал бізде ол қаншаға бағаланатыны жайлы ресми ақпарат кездестірмедік.
Дастан ДУМАНҰЛЫ