Бүгін Астанада Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ірі параспорттық турнир – отырып ойнайтын волейболдан Азия чемпионаты басталды.
Елорданың 25 жылдығына арналған Азия біріншілігінің ашылу салтанатына Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов қатысты. Министр көрермендер мен турнир қатысушыларын спорт мерекесімен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды. Президент Қазақстанда волейболды дамыту үшін барлық жағдай жасалып жатқанын және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға үлкен көңіл бөлінетінін атап өтті. Мемлекет басшысы жарысты ұйымдастыруға атсалысқандардың барлығына алғыс білдірді.
Волейболдан Азия чемпионаты елімізде алғаш рет өткізіліп отыр, оған 8 ел – Қазақстан, Жапония, Таиланд, Иран, Ирак, Оңтүстік Корея, Моңғолия және Үндістаннан 200-ден астам спортшы қатысады. Жарыс ерлер мен әйелдер командалары арасында өтеді. Біздің құрама екі санатта да ұсынылған. Қазақстанның ерлер құрамасы – құрлықтағы ең мықты командалардың бірі (әлемдік рейтингте 7-ші және азиялық рейтингте 2-орын), ал қыздар үшін бұл – осы деңгейдегі тұңғыш турнир.
«Жеңімпаздар Париждегі XVII Жазғы Паралимпиадаға жолдама алады. Волейболдан Азия чемпионатының өзі 8 шілдеге дейін жалғасады. Елорданың барлық тұрғындары мен қонақтарын жігіттеріміз бен қыздарымызды қолдауға шақырамын, ал спортшыларымызға алтын медаль жеңіп алуды тілеймін. Қазақстанның ерлер командасы біріншіліктің ашылу матчында жапониялық волейболшыларды ұтып, құрлықтық чемпионат аясында алғашқы жеңіске жетті. Бұл – жақсы бастама», – деді Мәдениет және спорт министрі.
Сонымен қатар, Асхат Оралов Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында жаттығып жатқан жас палуандармен де кездесті. Балалардан жаттығу барысы туралы сұрап, олардың жаттықтырушыларымен сөйлесті. Министрлік болашақ чемпиондарды әрқашан қолдайтынын мәлімдеді.