Елорда – болашағы зор қала.
Бас қала сусыз қалмайды
832
оқылды

Бірақ келешегі кемел болуы үшін қаланың кәусардан еш тарықпағаны абзал. Астананың 25 жылдық мерей­тойына арналған бауырлас қалалар форумында ел Президенті бас қа­ланың табысты болуының басты көр­сеткіші оның тұрғындарының өмір сүру сапасымен өлшенетінін баса айтты. Яғни, елордамыз, ең алдымен, тұрғындарға ыңғайлы болуы керек. Ал бұл – қаланы ауызсумен қамтумен тікелей байланысты. Соңғы жылдары Астанада осы тұрғыда тапшылық бай­қала бастаған еді. Түйткілдің түйіні қалай тарқатылуда?

Ғалымдар Ақмола қаласының аума­ғында ауызсу қат екенін 90-жылдардан бастап ескертіпті. Бұл маңдағы өзен-көл­дің біразының суы адамның тұтынуына жарамайды. Техникалық су.

Целиноград, бертінде Ақмола қаласы­ның тұрғындарын сумен жабдықтау үшін кеңес кезінде Вячеслав су қоймасы (қазіргі атауы «Астана су қоймасы») салынды. Ақмола облысының Аршалы ауданында, Есіл өзенінің жоғарғы ағысында орналас­қан жасанды су қоймасы 61 шаршы ша­қырымды алып жатыр. Көлемі – 410 мил­лион текше метр, ұзындығы  11 шақы­рым ғана. Тереңдігі небәрі 6,8 метр болды. Бұл 1996 жылы 270 мың адамды құраған Ақмола қаласының халқы үшін жеткілікті еді.

Бірақ өткен ширек ғасырда еліміздің бас қаласының аумағы 3 есе ұлғайып, халқының саны төрт есе өсті. Сарапшы­лардың болжамынша, елорда тұрғындары­ның саны 2030 жылға қарай 2 миллионға жетеді. Астаналықтардың миллионнан асқаны 2016 жылғы 4 шілдеде жарияланды.

Қалада су мәселесі өткір тұрғанын Эко­логия және табиғи ресурстар министр­лігінің Су ресурстары комитеті де растады.

«Есіл өзенінің су шаруашылығы бас­сейнінің жергілікті су ресурстарына жо­ғары ауыртпалық түсіп тұр. Оның суының 96 пайызы шаруашылық-тұрмыстық қа­жеттіліктер үшін шығындалады. Құбыр­лардың тозуы, шұрық тесік болуы салда­рынан сумен жабдықтау жүйелерінде судың тағы 15-20% босқа ысырап болады. Өңірдегі топтық су құбырларының жүйелері 50-60 жыл бұрын пайдалануға берілген, тиісінше, физикалық, моральдық жағынан тозған. Сондай-ақ елорданың қарқынды дамуына, оның тұрғындары санының үнемі, тоқтаусыз өсіп отыруына байланысты Астана қаласын сумен қам­тамасыз ету өзекті мәселеге айналды», – деп хабарлады Су ресурстары комитеті.

Салыстырсақ, 2018 жылы елорда тұр­ғындарының су шығыны тәулігіне 269 мың текше метр болса, 2022 жылы  тәулігіне 311 мың текше метрге жетті. Болжам бо­йынша 2026 жылға қарай су тұтыну тәу­лігіне 340 мыңнан асады.
Комитет Астананы сумен жабдықтау жал­ғыз көзден – 1969 жылы салынған және әрі кетсе 500 мың адамға есептелген Астана су қоймасынан жүзеге асырылаты­нына назар аудартты. Елорда халқы енді 1,3 млн адамға жетті. Ендеше «таяу жыл­дары Астана үшін ауызсудың резервтік көзін құру жөнінде шаралар қабылдау қажет болады».

Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылы бас қаланы сумен қамту бойынша қолайлы жобаны таңдау үшін зерттеулер жүргізіледі. «Қазсушар» кәсіпорнына 2025 жылғы желтоқсанға дейін «Астана су қоймасын» реконструкциялау жүктелмек. 2027-2029 жылдары осы су қоймасының тостағанын шамамен 47 млн текше метр көлемінде түптік шөгінділерден тазарту жұмыстарын іске асыру қажет.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қа­сым­бектің айтуынша, соңғы уақытта қалада шынымен де су тапшылығы мәселесі күн тәртібіне шықты. Тәулігіне 25 мың текше метр су жетіспеді. Мұның сыртында көк­тем мен жазда бақша суару басталады. Жазғы аптап ыстық та тұрғындарды суға жиі түсіп, көп су шығындауға мәжбүр етеді.
Су тапшылығын жою үшін осыдан 2 жыл бұрын әкімдік 2 жаңа нысанның құрылысын бастады. Бірінші нысан – сорғы стансасы. 2023 жылғы 29 маусымда, яғни өткен аптада әкімдік жаңа ауызсу стансасының (ССС-3) бірінші кезеңі іске қосылғанын жария етті. Ол қалаға тәулігіне 35 мың текше метр су беруге жол ашады. Стансаның құрылыс-монтаждау жұмысы аяқталып, гидро сынақтар жүргізілді. Іске қосу-баптау жұмыстары іске асырылып, су дайындау жүйесіне тестілеу жүргізілген.

Екінші нысан – «Астана су қойма­сынан» қалаға тартылатын жаңа су құ­быры. Таяуда оның да құрылысы аяқталып, іске қосылды. Бұл судың қысымын арт­тыруға және жүйенің тұрақтылығын қам­тамасыз етуге мүмкіндік берді.

Осының арқасында әкімдік ағымдағы су тапшылығы мәселесі толығымен шешілгенін мәлімдеді. Ал тамыз айында ССС-3 стансасының екінші кезеңінің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Сонда бірінші кезеңді қоса алғанда, бұл қалаға тәулігіне 100 мың текше метрден астам су беруге жеткілікті болады.

Ж.Қасымбек бұл алдағы 3-4 жылға жеткілікті деп сендірді. Ар жағында жаңа резервтік су қоймасын салу мәселесі шешілгені жөн. Әкімдік дерегінше, Нұра өзенінен су құбырын тартуды жобалау және Тельман елді мекеніндегі сорғы-сүзгі қуатын кеңейту аяқталуда. Бұл жобалар келешекте Астананы ауызсумен қамтама­сыз ету бойынша қосымша қуат береді.


Үкімет не дейді?

Ел Үкіметі болашақта Астананы тұрақты сумен қамту үшін 3 жоба қара­с­тырып жатыр. Біріншісі, «Астана су қой­масын толықтыру үшін құрылыстар салу» деп аталады. Оның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Жоба Қ.Сәтбаев атындағы арнадан Есіл өзенінің арнасына су құбырын сала отырып, арнаға су беруді қарастырады. Құрылыстың болжамды мерзімі 2023-2025 жылдар аралығы. Сонда су тапшы жылдары Қаныш Сәтбаев каналынан Астана су қоймасына шамамен 62,3 млн текше метр қосымша су беріледі.

Екінші жоба аясында Астананы сумен жабдықтаудың резервтік көзі ретінде Нұрадан 67 шақырымдық су құбырын салу жоспарланған. Ол бойынша техникалық-экономикалық негіздемені түзету қажет. Сараптаманың оң қорытындысы болса, Экология министрлігі жобаны одан ары іске асырады.

Үшінші жоба Қ.Сәтбаев арнасынан Астана қаласының 4-ші сорғы-сүзгі стансасына дейін су құбырын салуды қарастырады. Бұл жоба елорданың ұзақ­мерзімді даму перспективасы мен халық санының ұлғаюын ескереді.
Қазір «Астана су қоймасы» жобалық 410 миллион текше метрдің орнына 334 миллион текше метрге толды.
Қорыта айтқанда, мемлекет өз аста­насын ауызсусыз қалдырмайды.

Айхан ШӘРІП