Статистикалық деректерге сүйенсек, қазір елордада 1 миллион 350 мың адам тұрады.
Астананың миллионыншы тұр­ғыны мектепке барады
1,888
оқылды

Дамыған елдердің астанасына көз салсақ, халықтың ел орталығына шоғырлануы қалыпты жайт. Айталық, Токиода 38 миллион, Делиде 28 миллион адам бар. Біз елорда күніне орай Астананың миллионыншы тұр­ғыны 7 жастағы Саида Мұхамедияр туралы айтпақпыз.   

Осыдан 20 жыл бұрын Саиданың ата-анасы бірі Қостанайдан, бірі Павлодардан Астанаға арман қуып келеді. Екеуі университет қабырғасында танысып, үлкен өмірге осы қалада алғашқы болып қадам басады. Бірақ жас отбасы өздерін алдыда не күтіп тұрғанын бұл кезде білмейтін. Тағдырдың сыйымен, тұңғыш перзенттеріне Астананың миллионыншы тұрғын атану бақыты бұйырады. 2016 жылы №1 перинаталдық орталықта сағат 01.00-де дүние есігін ашқан қыз отбасына ғана емес, еліне де қуаныш сыйлады.

– Жолдасым екеуміз студент шақта таныстық. 4 жыл кездескеннен кейін отбасын құрдық. Биыл үйленгенімізге 8 жыл болды. Саидадан кейін тағы 2 қызымыз дүниеге келді. Астанада 20 жылдан бері тұрамыз, – дейді Арайлым Мұхамедияр.

Саиданың есімін ата-әжесі қойыпты. Себебі ол – әулеттің асыға күткен тұңғыш немересі. Саида есімі араб тілінен аударғанда «бақытты», «жолы болғыш» деген мағынаны білдіреді. Астананың демографиялық көрсеткішіне елеулі өзгеріс әкелгені үшін қала әкімдігі отбасына екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстаған. Осылайша, Олжас пен Арай­лымның қуанышы екі еселенеді.

–  Әкімдік қызметкерлері Саида дүниеге келген­де перзентханаға құттықтап келді. Саидаға сый­ланған ең үлкен сыйлық – қаламыздың оң жаға­лауынан берілген екі бөлмелі пәтер. Біз мұндай сый береді деп күтпедік. Өзіңіз де білесіз, елордаға келген әрбір жас осы қалада тұрақтап қалуды, баспаналы болуды армандайды. Саида біз үшін несібесі тасып туған бала болды, – дейді Арайлым Мұхамедияр.

Биыл Саида мектеп табалдырығын аттайды. Ол бой жеткен сайын қала тұрғындарының саны да өсіп келеді. Анасы Арайлымның айтуынша, қазақтың дарқан пейілі бұл балаға да дарымай қалмаған. Ол ешкімді жатырқамайды, кез келген жерде айнала­сындағылармен ойнап, тәтті қылықтарымен үйіріп алады. Өзіндік мінезі де жоқ емес. Қалаған дүниесіне ұмтылса, соңына дейін қол жеткізбей қоймайды.

– Саида биге қатысады. Арманы – мың бұралған биші атану. Кішкентайынан өкшесін көтеріп, аяғының ұшымен жүріп, балериналар секілді би­лейтін. Өскен сайын шығармашылыққа жақын екенін байқап жүрміз, – дейді анасы.
Үйдің үлкені болу – үлкен жауапкершілік. Себебі өзіңнен кейінгі бауырларыңа үлгі болуың, ата-анаңа демеу болуың қажет. Саида 7 жаста болса да өзіне артылған сенім жүгін қазірден түсінеді. Анасының айтуынша, Саида артынан ерген сіңлілеріне қамқор. Әрқашан оларды ойнатып, қасында жүреді.

– Саиданың Әмина, Рамина есімді екі сіңлісі бар. Ол спорттан да кенде емес. Қазірдің өзінде «Жастар» клубының атынан таэквондодан өтіп жүрген қалалық сайыстардың жүлдегері атанып, бізді қуантып жүр, – дейді Арайлым Мұхамедияр.

Миллионыншы тұрғын Саида кішкентайынан халықтың көз алдында өсті. Ол жайлы бұқаралық ақпарат құралдары да талай рет жазды. Сондықтан ба, Саиданың мінезі ашық.

– Бұрын Саида журналистер келіп фотоға түсірген кезде түсінбейтін. Қазір есейген сайын өзін ерекше қабілетті бала деп санайды. Ешкімнен қысылмайды. Біз бала тәрбиесінде адамгершілік пен бауырмалдықты бірінші орынға қоямыз. Қызда­ры­мыз­ды ешкімнің ала жібін аттама деп тәрбиелеу­деміз, – дейді анасы.

Арайлым қазір үш баланың тәрбиесімен өзі айналысып жүр. Қыздарының елге сыйлы, халыққа құрметті азамат болғанын қалайды. Сол үшін де Саиданы қазақ сыныбына беруді жоспарлаған.

– Қазір Саида қазақша, орысша еркін сөйлейді. Ағылшын тілін де меңгеріп жүр. Біз оның қалауын әрқашан бірінші орынға қоямыз. Мектеп таңдайтын кезде ойланбастан қазақ сыныбын таңдадық. Себебі Саиданың ұлт болашағын ойлайтын азамат болғанын қалаймыз, – дейді Арайлым Мұхамедияр.

Иә, жыл өткен сайын Астана да құлпырып, дами түсуде. Саида да елордамен бірге өсіп келеді. Миллионыншы тұрғынның миллиондарды өзіне қаратар, асқақ арман иесі боларына біз де сенеміз.

К.ҚАРҚЫН