Әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің үшінші айналымына шықты. Елена Рыбакина «Уимблдон – 2023» турнирінде Кэти Бултермен ойнайды.
Өткен жылы осы жарыстың жеңімпазы атанған қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 74-ракеткасы, франциялық Ализе Корнемен шеберлік байқасты.
Осыған дейін қарсыластар екі рет кездесіп, екеуінде де Елена басым түскен еді.
«Бұл жолы бірінші партияда Рыбакина бірден брейк жасап, алға кетті – 6:2. Екінші сет әлдеқайда тартысты өрбіп, есеп 5:5 болып, Рыбакина доп бергенде, Корне медициналық көмекке жүгінді. Тай-брейкте қазақстандық спортшы жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:2)», – деп хабарлады Қазақстан Теннис федерациясы.
Бір сағат 43 минутқа созылған бәсеке барысында Елена 4 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды.
Елена Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 89-ракеткасы, ұлыбританиялық Кэти Бултермен кездеседі.
Былтыр осы жарыстың жеңімпазы атанған қазақстандық теннисші Елена Рыбакина осы турнирде өз атағын қорғап жатыр.