Nur Otan партиясының Алматы қалалық филиалында «Қолжетімді орта» мемлекеттік бағдарламасын және «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын іске асыру шеңберінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі партиялық бақылау комиссиясының жиыны өтті. Басқосуды Алматы қаласы мәслихатының хатшысы, саяси кеңес бюросының мүшесі Қалдыбай Қазанбаев жүргізді.
Талқылау барысында ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін көлік инфрақұрылымын, қоршаған ортаны дамыту туралы проблемалық мәселелер көтерілді.
Осы жылдың 17 ақпанында партияның АҚФ жанындағы ҚКП жұмыс тобы «Сайран» автовокзалы, «Алматы-1» және «Алматы-2» теміржол вокзалдарының нысандары бойынша қоғамдық мониторинг жүргізді. Жұмыс тобының құрамына Алматы қаласы мәслихатының депутаты, сарапшылар мен мүгедектер, жастар, үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Мониторинг кезінде нысандардың негізгі құрылымдық-функционалдық аймақтарына тексеру жүргізілді. Қорытынды бойынша бірқатар нормативтік талаптарға сәйкес келмеушілік анықталды. Жиында жұмыс тобы анықталған сәйкессіздіктерді жою жөнінде тиісті шаралар қабылдап, ұсыныстар енгізді және ақпаратты 2020 жылдың 1 қазанына дейін табыс етіп, осы жылдың IV тоқсанында партияның АҚФ ҚКП мәселесін қайталап қарастыру қажеті айтылды. Сондай-ақ отырыс кезінде «Сайран» автовокзалы да сынға алынды.
– Бүгінде «Сайран» автовокзалында 3 жылдан бері қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мәселелерді шешумен де айналысып жатырмыз. Бұрынғыға қарағанда біраз жұмыс істелді. Әлі де түзететін кем-кетіктері бар. Олқылықтарды ретке келтіру үшін 1 қазанға дейін уақыт берді, – дейді «Сайран» автовокзалының тасымалдау бөлімінің бастығы Ерлан Әбілдаев.
Altyn time қоғамдық бірлестігінің төрағасы Саят Омарғалиев ғимараттарға кіріп-шығудың өзі мүмкіндігі шектеулі жандарға қиыншылық тудырып отырғанын жеткізді. Жиынға қатысушылар бұл олқылықты ретке келтіру керек екенін айтты.
– Басқосуда өзімізді мазалап жүрген сұрақтарды қойдық. Қанағаттанарлықтай жауап алдық. Уәде берілді. Оны іске асыру алдағы уақыттың еншісінде. Жалпы, қоғамдық орындарда мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына ыңғайлы жағдай 5-10 пайыз ғана жасалған. Қалғаны өкінішке қарай, жасалып тұрған секілді, бірақ қолайсыз. Әлі де жақсартатын тұстары көп. Мүгедектерге арналған пандустардың басым бөлігі тік орналасқан әрі тайғанақ. Алматы қаласында өткен жылдан бері жаңа автобустар пайдалануға берілді. Олардың бәрі қазіргі талаптарға сай, ыңғайлы автобустар. Дегенмен автобус аялдамаларында мүгедектің арбасымен автобусқа отыруға қолайлы жағдай жасалмаған. Бұл жерде адами фактор де үлкен рөл атқарады. Жүргізушілердің көбі тиісті орынға тоқтамай, өтіп кетеді. Пандустарын шығарып, мүмкіндігі шектеулі жандардың автобусқа отыруына қолайлы мүмкіндік жасамайды, – деді Саят Омарғалиев.
Уәкілетті органдар кемшіліктерді түзетуді қамтамасыз ету үшін орындалған жұмыстардың сәйкестігіне қайта мониторинг жүргізеді. Нормаларға сәйкес нысандарды бейімдеу жөніндегі жұмыстардың қызметін лицензиялау, мамандандырылған ұйымдардың функцияларын іске асыру және жүргізілген жұмыстар белгіленген нормаларға сәйкес келмеген жағдайда жұмыстарды жүзеге асыру құқықтарынан айыру туралы ұсынымдар партияның орталық аппаратына жолданылуы қажет. Отырыс қорытындысы бойынша ҚПК мүшелеріне бірқатар тапсырмалар берілді.
Гүлнар ТӘЖИЕВА