Тараз қаласында ашылған Zerbulaq мәдени-сауықтыру демалыс аймағы талайды тамсандырып келеді.
Тараздағы  теңдессіз жоба
863
оқылды

Орта Азияда баламасы жоқ деп баланған кешенге бүгінде ағылған жұрттың қарасы қалың. Балалардың бірі биіктен су сырғымасынан сырғыса, үлкендер теңіздегідей жасанды толқыны бар бассейнде тынығуда.

Жалпы ауқымды жоба өңір тури­змін дамыту бағдарламасы шеңберінде қолға алынған. Құны 1,2 миллиард теңге болатын демалыс аймағы 1,9 гек­тар аумақты алып жатыр. Сыйым­дылығы бір мезетте  4000 адамды қамтуға қауқарлы. South Holiday ЖШС-нің басшысы Айбек Оршу­бековтің айтуынша, Орталық Азия­дағы ірі аквапарктердің бірі саналатын бұл кешенде алдағы уақытта бес жұл­дызды қонақ үй, ойын-сауық және өзге де сервистік орталықтар іске қосылмақ.

– Бұл – құрылыстың бірінші кезеңі ғана. Қазірдің өзінде кешенде төрт бассейін, түрлі әткеншектер, биік­тен сырғитын сырғыма сияқты орындар жұмыс жасап тұр. Қондыр­ғының барлығы түрік елінен әкелінген. Қауіпсіздігі өте жоғары. Бассейндегі су халықаралық стандартқа сай келеді. Әрбір екі сағат сайын ауыстырылып тұрады.

Енді екінші және үшінші кезеңде сервистік кластерімізді дамытамыз. Бес жұлдызды қонақ үйлер мен түрлі тынығу орындары келушілерге қызмет көрсететін болады, – дейді South Holiday ЖШС-нің басшысы Айбек Оршу­беков.

Кешенде демалу құны ересектерге 5 мың, балаларға 4 мың теңге болып белгіленген. Алайда бұл бағаны қым­бат­сынғандар алғашқы күннен ішкі қынжылыстарын білдіруде.

«Бағасы ұшып тұр. Бес мың теңгені біздің қалта көтермейді.  2000-2500 теңге көлеміндегі ортақ бағаға келу керек. Ойлаңыз,  бір отбасыда  4-5 бала бар болса, 20-25 мың ақша шығады. Бала болғасын ішке кіргенде «су – пу», «оны-мұны» ішіп-жегісі келеді. Оған тағы 10-15 мың қосыңыз. Сонда бір отбасынан аквапаркке бір барып қайту құны 50-55 мың теңгеге шығып кетеді.  Сондықтан бағаны халықтың қалтасы көтеретіндей қыл­ған жөн.  Және көпбалалы отбасылар үшін 50 пайыздық, тіпті «Алтын алқа» мен «Күміс алқалы» аналардың бала­лары үшін  тегін жасаса, нұр үстіне нұр бо­лады», –  деп өнер қайраткері Ас­қар­бек Сейілханов әлеуметтік желіде өз ойын білдірді.
Алайда бұл оймен бәрі бірдей келі­сіп отырған жоқ. Бұл тараздықтар үшін жасалған теңдессіз тарту дей­тіндер бар.
– Тараз қаласында «Зербұлақ» мә­дени-сауықтыру отбасылық демалыс аймағының пайдалануға берілгені шаһар тұрғындары үшін теңдессіз тарту болғаны анық. Халықаралық дең­гейдегі кешен туризмді дамыту ба­ғы­тына жасалған үлкен қадам бо­лып отыр.

Ауқымды жобаның құны – 1,2 мил­лиард теңге,  кешен бір мезетте   4000 адамды қамтуға қауқарлы екені қуантуда. Себебі мұнда үлкендерден бастап, балаларға  арналған түрлі әткеншектер мен толқынды бассейн секілді заманауи құрылғылар қызмет көрсетуде. Бұл өз кезегінде қала тұр­ғын­дары мен қонақтарының еркін демалуына бар мүмкіндікті туғызып отыр.

Шыны керек, бұрын отбасыңмен демалу үшін Алматы немесе Шымкент қаласындағы демалыс орындарына көз тігіп, аңсарымыз ауып отыратын. Енді міне, өз қаламызда осындай тең­дессіз кешеннің ашылуы көне шаһа­ры­мыз дамудың даңғыл жолына түс­кенін айғақтауда, – дейді қала тұрғыны  Гүлнар Каримсакова.

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков те шаһарда 26 бассейн бар екенін, тұрғындар теңгесіне қарай өз таңдауын жасай алатынын айтады.  Десе де «Зербұлақ» демалыс аймағына келушілердің қарасы  үзілмей тұр. Онлайн түрінде түске дейін 2000, түстен кейін 2000 адам билет сатып алып жатқанын кешен әкімшілігі ай­тып отыр. Әзірге бұл демалыс айма­ғының бірінші кезеңі ғана екенін ескерсек, құрылыс жұмыстары то­лық­тай аяқталғанда «Зербұлаққа» ағылған жұртта есеп болмайтыны анық.



Жамбыл облысы
Саятхан Сатылған