«Жайлы мектепке» жайсыз сөздер ермесе жөн

Жемқорлықпен күрес ел бюджетін үнемдеуге салмақты үлес қоса бас­тады.

Әзірге коррупционер­лерден сот арқылы тартып алынған 120 миллиард теңге білім ордаларының құрылысына бағытталып жатыр. Сонымен бірге мемлекет мұнымен шектелмей, сыбайлас жемқорлардан алынатын қаржы кем дегенде 300 миллиардқа жететініне үмітті сияқты. Себебі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына бюджет пен Ұлттық қордан бұрын бөлінген қаражат осынша көлемде кемітілгелі тұр.

Аз-кем цифрларды сөйлетсек. Ел Үкіметінің 2022 жылғы 30 қарашадағы №963 қаулысымен бекітілген «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасына жалпы сомасы 2 трил­лион 606 миллиард 596 миллион теңге қарастырылған-тын. Соның ішінде 646 млрд 535,2 млн теңге – Ұлттық қордан, ал басым бөлігі немесе 1 трлн 960 млрд 60,8 млн теңге – республикалық бюджет есе­бінен бөлінді.

Енді Президенттің тапсырмасымен бұл ұлттық жобаның жаңа қаржы көзі пайда болды: сыбайлас жемқорлығы үшін сот­талған шенеуніктерден, байлардан тәр­кіленген ақша да бұдан былай мектептер салуға арна тартады. Осы мақсатта «кәм­пес­келенген» қаражат алдымен арнайы қорға құйылады. Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауындағы тапсырмасы бойынша ол қор бүгінде құ­ры­лып, іске кіріскен. Ол «Білім беру ин­фра­құрылымын қолдау қоры» деп аталады.

Нәтижесінде, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен 2023 жылғы 17 сәуірде өткен кеңесте «Жайлы мектеп» аясында тұрғызылатын білім ордаларының санын қысқарту және құрылысқа жоспарланған мектептердің жобалық қуаттарын оңтай­ландыру туралы шешім қабылданыпты. Сол жабық кеңесте Оқу-ағарту министр­лігіне «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қайта қарап, оны оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізу жүктелгені белгілі болды.

Енді міне, Оқу-ағарту министрлігі «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобаны бекіту туралы» Үкіметтің 2022 жылғы 30 қарашадағы №963 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Үкіметтің жаңа қаулысының жобасын әзірлеп шықты.

Құжатта ұлттық жобаға қатысты бір­неше өзгеріс бар: біріншіден, «Жайлы мек­тепті» жүзеге асыруға арналған бюджет шығыстарының көлемі бұрын бекітілген 2 трлн 606,6 млрд теңгеден 2 трлн 309,3 млрд теңгеге дейін, яғни бірден 297,3 мил­лиард теңгеге қысқарады.

Соның ішінде Ұлттық қор есебінен – 461 млрд 334,2 млн теңге, республикалық бюджет есебінен – 1 трлн 847,9 млрд теңге бағытталады.

Екіншіден, жылдар бөлінісіндегі қаржыландыру көлемі де қайта қаралды. Қорытындысында, жайлы мектептер құрылысына Ұлттық қор мен бюджеттен 2023 жылы – былтыр бекітілген 499 млрд 999,7 млн теңге орнына 455 млрд 583,8 млн теңге, 2024 жылы – 1 трлн 38 млрд 388,5 млн теңге орнына 968 млрд 710,9 млн теңге, ал 2025 жылы – 1 трлн 68 млрд 207,8 млн теңге орнына 885 млрд 31,5 млн теңге ғана берілмек.


Жемқорлар қаражаты тиімдірек жұмсалуда

Үшіншіден, «Жайлы мектеп» арқа­сында жаңадан бой көтеретін білім ұйымдарының саны азайтылады. Олардың орнын жемқорлардан алынған ақша-активтер негізінде салынғандары тол­тырады.

Бір қызығы, коррупционерлердің қаражатына әлдеқайда көп мектеп салуға болады екен. Салыстыра кетсек, Оқу-ағарту министрлігі жайлы мектептерге Ұлттық қор мен ел бюджетінен бөлінген қаржыны бірден 297,3 миллиард теңгеге кемітеді. Нәтижесінде, 32 мектеп салын­байды. Сонда әр мектепке орта есеппен 9,3 миллиард теңгеден келіп тұр.

Ал жемқорлардан тәркіленген 96,5 миллиард теңгеге 61 мектеп тұрғызылуда. Мұнда әрбір мектеп орта есеппен 1,6 млрд теңгеге түсті.

«Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты мектеп құрылысына жұмсалады. 2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қор қаражаты есебінен 96,5 миллиард теңге жұмсалып, ол сомаға екі ауысымда 78 мың оқушы орнын қам­тамасыз ететін 61 жаңа мектеп салынды. Құрылған қор есебінен мектеп құрылысы жүргізіліп жатқанын ескере отырып, бюджет қаражатын ұтымды және тиімді пайдалану мақсатында жаңа оқушы орындарын енгізу бойынша қажеттілікке қайта талдау жүргізілді. Оның аясында Оқу-ағарту министрлігі өңірлердің әкімдік­терімен бірлесіп, апатты объек­тілерді жою, үш ауысымды оқыту және орта білім беру ұйымдарында оқушы орын­дарының тапшылығын қайта бағам­дады» деп хабарлады министрлік.

Оның мәліметінше, ұлттық жоба аясында салынып жатқан нысандар саны бұрын бекітілген 401 мектеп орнына енді 369 мектепті құрайды. Сөйтіп, 32 мектепке азайтылады.

Төртіншіден, былтыр ел Үкіметі «Жайлы мектеп» аясында екі ауысымды қоса алғанда, жалпы саны 842 мың оқушы орны ашылатынын жариялаған. Жаңа түзетуден кейін бұл сан 738,2 мың оқушы орнына дейін немесе бұрынғыдан 104 мың оқушы орнына азайтылып отыр.

Бұл сан қазірдің өзінде коррупцио­нерлер активі есебінен 75%-ға орындалды: 61 жаңа мектепте 78 мың оқушы орны құрылды.

Бесіншіден, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2026 жылға қарай орта білім беру объектілерін салу есебінен кемінде 60 мың уақытша жұмыс орнын және 41,2 мың тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оқу-ағарту министрлігі бұл көрсеткішті де қайта қарап, тұрақтысын сәл-пәл көбейтті. Өйткені Президент Үкімет пен әкімдердің жұмыссыздық көр­сеткішін көркейту үшін оңай құрылатын әрі азырақ ресурсты қажет ететін уақытша жұмыс орындарымен тым әуестеніп кет­кенін сынаған еді. Салдарынан, таяуда ғана жұмысқа орналасқан еңбеккерге көп ұзамай қайтадан екі қолға бір күрек іздеуге тура келеді.

Нәтижесінде, Үкіметтің жаңа қаулы­сының жобасына сәйкес, «Жайлы мектеп» аясында 53,6 мың уақытша жұмыс орны және 41,7 мың тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

Алтыншыдан, сарапшылар, құрылыс мамандары нұқып көрсеткен тағы бір кемшілік жойылуға тиіс. Ұлттық жобада өңірлердің сейсмикалық ахуалы, мектептер жобаларында жергілікті климаттық және басқа жағдайлардың ескерілмегені біраз сыналды.

Мысалы, қолданыстағы ескі жоба аясында ұлттық жоба операторы саналатын Samruk-Kazyna Construction дирекциясы небары 5 климаттық аймаққа арналған 7 жобалық қуаттағы мектептердің 35 жобалау-сметалық құжаттамасын (ЖСҚ) әзірлеп жатыр.

Жаңа түзетулерге сәйкес, дирекцияға 7 типті және 5 климаттық аймаққа арналған мектептердің 37 жобалау-сметалық құ­жаттамасын әзірлеу жүктелетін болады. Тарата айтсақ, 2-ші климаттық және 3-ші сейсмикалық аймақтар үшін: 300, 600, 900, 1 200, 1 500 оқушы орны бар мектептер. 2-ші климаттық және 2-ші сейсмикалық аймақтар үшін: 2 мың оқушы орнына арналған мектептер. 1-ші сейсмикалық аймақ, яғни Алматы қаласы үшін 2 500 оқушы орнына арналған мектептер.

Мұның сыртында жалпы тұжырым­дамаға сыймайтын, жобалауға және құрылыс салуға бөлінген жер учаскелері тар болған жағдайда мектеп тұрғызудың 7 жеке жобасы әзірленеді. Мысалы, елор­дада аула ішінде мектептер бой көтеруде.

Бізге керегі – озық білім бергені

Жоғарғы аудиторлық палата білімге жауапты министрліктің ісін сынға алып отыр. Себебі Қазақстан апатты және үш ауы­сымды мектептерді толық жоймақ түгіл, олардың санын арттырып алған көрінеді.

Мәселен, палата дерегінше, білім саласында 2022 жылы 136 мың орындық 247 жаңа мектеп іске қосылған. Мектеп­тердің ашылғанына қарамастан жаңа анықталған үш ауысымды және апатты мектептердің саны 162-ден 201-ге дейін өсіп кетті. Соның кесірінен Оқу-ағарту министрлігінің «Күндізгі мемлекеттік мектептердің жалпы санынан апатты және үш ауысымды мектептердің үлесі» көр­сеткіші орындалмаған. Бұл апатты, үш ауысымды мектептер санының ұлғаюы және 60 мектептің уақытылы іске қосыл­мауы салдарынан болып отыр.

Бүгінде республикада 59 апатты және 137 үш ауысымды мектеп бар.

Қазақстанда қазіргі кезде бес баланың төртеуі екі ауысымды мектептерде оқиды. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымына мүше дамыған елдерде екінші ауысым тек төтенше жағдайларда ғана қолданылады. Әйтпесе, одан олар бас тартқан. Өйткені екінші ауысым балаларға лайықты білім сапасын қамтамасыз етпейтіні анықталған.

Ұлттық жобаға нұқсан келтіруі мүмкін кемшіліктерді Премьер-Министрі Әлихан Смайылов та атап өтті. Мәселен, жаңадан салынатын жайлы мектептерді сапалы интернетпен жабдықтауда, білікті мұғалімдер табуда қиындықтар бар.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бей­сембаевтың мәліметінше, 2020-2022 жыл­дары республикада түрлі қаржыландыру көздері есебінен 340 мың оқушыға ар­налған 626 мектеп пайдалануға беріліпті. Биыл 130 мың балаға арналған тағы 146 мектеп ашу жоспарланып отыр, оның 62-сі сыбайлас жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен салынады.

– Сонымен қатар Мемлекет басшы­сының тапсырмасын орындау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру басталды. Оның аясында 2024–2025 жылдары 740 мыңға жуық оқушыны қамтитын жаңа форматтағы 369 мектеп салынбақ. Бұл оқушы саны тым көп сыныптар, апаттық мектептер және үш ауысыммен оқыту мәселесін түпкілікті шешуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Бүгінде жаңа оқу орындарын жиһазбен және технологиялық жабдықтармен жарақтандыру стандарттары әзірленді. «Атамекен» палатасымен бірлесіп, отандық тауар өндірушілерді ұлттық жобаға тарту мәселесі пысықталды. «Білім беру өзгеріс­терінің 1000 көшбасшысы» жобасы бо­йынша жайлы мектептер директорла­рының корпусын дайындау жүргізілуде. Оларды кадрлармен уақытылы қамтамасыз ету үшін мұғалімдер базасын қалыптастыру жалғасуда, – деді министр.

Үкімет басшысы ұлттық жобаны іске асыру аясында мердігерлік ұйымдар мен жер учаскелерін анықтау, сондай-ақ қажетті жобалау-сметалық құжаттаманы дайындау жұмыстарын жеделдету қажет­тігін ескертті. Шабан жүруде.
«Жер учаскелерінің дайындығы бойын­ша құрылыс жұмыстарын дереу аяқтау қажет. Бұл инфрақұрылым, жолдар салуға және абаттандыру жұмыстарын жүргізуге қатысты. Әр өңір бойынша тиісті жол карталары дайын, осы мәселелердің бәрін жедел шешу қажет», – деді Ә.Смайылов.

Ол сапалы интернетсіз жайлы мектеп­тер өз атауына сай болмайтынын баса айтты. Тапсыру кезінде жаңа мектептер сапалы интернет байланысына қосылмаса, олар қабылданбауы тиіс.

Қазірдің өзінде мектептерде педагогтер тапшы. Бұл енді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке бағытталған өткір сын. Білім ордаларының ескі, жай­сызы сыртында жайлысы да тапшылыққа тап болмақ. Министрдің сендіруінше, алдағы жылдары жақсартылған стандарттар бойынша жаңа формациядағы 49 мың педагог даярланады. Саясат Нұрбек бұл сөзінде тұра ма, әлде басқа қызметке ауыса сала ма, белгісіз. Қалай болғанда, Үкімет басшысы оған жаңа білім ордалары тек жарақтандыру бойынша ғана емес, сондай-ақ білім сапасы бойынша да мықты болуға тиіс деген міндет қойды.

Жалпы алғанда, ел Үкіметі осы бес­жылдықта қолайлы оқу жағдайлары жа­салған 1,5 миллион оқушы орнын ашуды жоспарлап қойды. Демографиялық өсім қарқыны сақталса, бұл да жеткіліксіз болуы мүмкін.

Әлихан Смайыловтың пікірінше, президенттік жоба аясында салынып жатқан жайлы мектептерге жұртшылық көп үмітпен қарап отыр. Сондықтан онда сапалы білім беру үшін сапалы кадрларды жұмысқа алу мәселесіне барынша назар аудару қажет болады. Астарлағанда, «сырты бүтін, іші түтін» мектептер билік беделіне тек дақ түсірмек. Халыққа әдемі ғимарат емес, ең алдымен алдыңғы қа­тарлы, озық білім керек.

Айхан ШӘРІП