Nur Otan партиясының Алматыдағы Алатау аудандық филиалына осы ауданның Мәдениет-Рахат ықшамауданы тұрғындары халықты газбен қамтамасыз ету мәселесі бойынша хабарласқан болатын. Бұл ықшамаудан құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіле бастаған 2011 жылдан бері газға қосылмаған. Қазіргі таңда ықшамауданда 1 460 үй бар. Онда 4 500-ден астам адам тұрады. Оның ішінде балалар, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар да бар.
Партияның Алатау аудандық филиалында Алматы қаласы энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы мен «Алматыгаз» ЖШС өкілдерінің қатысуымен магистральдік газ құбырын тарту мен оны абоненттерге қосу мәселесін шешу бойынша қабылдау ұйымдастырылды. Магистральдік газ құбырын тарту биылғы қаңтар айында аяқталды. Бүгінде құбырдың беріктігін тексеру жұмыстары жүргізілуде. Содан соң тұрғын үйлерге газ тарту жұмыстары басталады.
– Мәдениет-Рахат ауылының орталығына бұрын газ тартылған. Алатау ауданына 2014 жылы қосылды. Содан бері ауыл үлкейді. Жаңа үйлер бой көтеріп, тұрғындар саны артты. Қазіргі таңда бұл ауылда біраз қордаланған мәселе бар. Ол электр энергиясына, газдандыруға, жолға, ауызсумен қамтамасыз етуге байланысты. Электр энергиясын жекеменшік компаниядан аламыз. Өзгелер киловатына 19 теңгеден төлесе, бізге 27 теңгеден төлеуге тура келіп тұр. Сондай-ақ қызмет көрсеткені үшін айына қосымша 600 теңге төлейміз. Суды да жеке ұңғымадан аламыз. Судың сапасы жақсы, бірақ ұңғымадан алатын болған соң жаз айларында су жетпей қалады. Қалай сәуір айы келеді су тапшылығы сезіле бастайды. Адамдар бау-бақшасын да суарады. Содан тамыз айына дейін су тапшылығына ұшыраймыз, – дейді тұрғын Қатира Төлегенова.
Қатира Күздеуқызының айтуынша, ауыл тұрғындарының газ мәселесімен жүгіргеніне 4-5 жыл болған. Мәселе енді ғана шешімін таба бастапты. Алматы қаласының мәслихат депутаты Фарида Мерхамитқызы бұл істі қадағалауына алған. Ол газдандыру мәселесін жіті бақылауда ұстап отыр. Тұрғындар көмір жағып, күл шығарып, биылғы қыстан да шықты. Магистральдік құбырлар жүргізілді. Енді таяу мерзімде үйлерге газ берілсе, тұрғындар үшін үлкен мереке сол кезде болмақ.
Г.ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ