Сауд Арабиясының туризм министрлігі 28 ақпанда Қытай, Италия, Оңтүстік Корея, Жапония, Малайзия, Сингапур және Қазақстан азаматтарына электронды түрде туристік виза беруді тоқтатты. Қазақстаннан басқа алты мемлекетте коронавирус табылған. Қара тізімге еліміз қалайша еніп кетті?
Негізі, Сауд Арабиясына арналған визаның екі түрі бар. Біреуі – умра қажылық үшін жасалған виза. Міне, осы визаны Сауд Арабиясы ешбір елдің азаматтарына бермейтін болды. Бұл тыйым қажыларға ғана қатысты. Екіншісі – электронды түрдегі туристік виза. Биыл бұл виза дамыған 49 мемлекетке, оның ішінде Қазақстанға да ашылған. Осы 49 елдің 22-іне (Қытай, Иран, Италия, Оңтүстік Корея, Жапония, Таиланд, Малайзия, Индонезия, Пәкістан, Ауғанстан, Ирак, Филиппин, Сингапур, Үндістан, Ливан, Сирия, Йемен, Әзербайжан, Қазақстан, Өзбекстан, Сомали, Вьетнам) тыйым салынды.
Көпшілік бұл тізімге еліміздің енуін сан-саққа жүгіртті. «Бізде коронавирус жұқтырғандар бар екен, билік әдейі жасырып отыр екен» деп отқа май құйғандар да табылды. Кей сарапшылар Қазақстан ауру ошағына жақын орналасқандықтан, Сауд Арабия алдын ала сақтық шараларын қарастырған деп санайды. Көңілге қонымды нұсқа осы сияқты.
Жаңағы жаңалықтан кейін Сауд Арабиясы корольдігінің Қазақстандағы елшісі Абдулазиз бен Абдулла әл-Дауд Сыртқы істер министрлігіне шақырылды. Елші мырза визалар коронавирус індетіне байланысты тоқтағанын растады. Оның пікірінше, бұл – уақытша шектеу және корольдікке баратын әлемнің барлық мұсылманын қорғауға бағытталған. Сондай-ақ елші визаның іскерлік және басқа да түрлері әлі де жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді. Сауд елшісі қара тізімге Қазақстан қалай кіргенін ашып айтпады.
Аталмыш мәселеге қатысты ресми позициясын білейік деп мүфтиятқа хабарластық.
– Діни басқарма тек үлкен қажылықты бақылауында ұстайды. Ал умра – бәсекелес ортаның, яғни туристік фирмалардың құзырында. Болашақта умраны да қолға алу жоспарда бар. Сондықтан Сауд Арабиясы туристік фирмаларға шектеу қойса, олар адамдарды корольдікке апара алмайды, – дейді ҚМДБ Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов.
Мүфтият жөн сілтеген соң туристік фирмаларға қоңырау шалдық. Неге екенін қайдам, біз сөйлескен Hickmet travel мен Qazaq travel компаниялары қарапайым сауалдарға жауап қатудан бас тартып, ат-тонын ала қашты.
Айтпақшы, ақпанның 26-сынан 27-сіне қараған түні Нұр-Сұлтан қаласынан 140 адам кіші қажылыққа аттанып, Стамбұл әуежайынан кері қайтарылған. ҚМДБ қажылық бөлімінің меңгерушісі Жанділда Бекжігітовтің пікірінше, Сауд Арабиясының бұл тыйымы 10-15 күнге созылуы ықтимал.
– Сауд Арабиясының климаты ыстық. Жылы жерде инфекцияның өсіп-өнуіне қолайлы жағдайлар қалыптасып, тез таралуы мүмкін. Сондықтан Мекке және Мәдина әуежайларына жолаушыларды тексеретін медициналық құрал-жабдықтар орнатылғанша шектеу созылады. Қажылар содан кейін ғана қасиетті қалаларға кіре алады, – дейді мүфтият өкілі.
Қасиетті қалалар демекші, Иранның мінәжат етушілер көп баратын Кум қаласында да коронавирус табылған. Онда құлшылық жасайтындар әдетте діни орындарды қолмен ұстап, ернін тигізеді. Алайда Иран билігі қажыларды, яғни ақша әкелетін туристерді үркітпеу үшін коронавирус туралы ақпаратты әдейі жасырды деген дерек бар. Рас-өтірігін кім білсін, әйтеуір Иранда жұқпалы ауру күннен-күнге өршуде. Осы орайда, Сауд Арабиясының тыйымына түсіністікпен қараған дұрыс.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.
«Құрметті, отандастар! Сізде жөтел пайда болып, бойыңызда дене қызуының жоғарылауы байқалса немесе тыныс алу қиынға соққан жағдайда, дер кезінде дәрігерге жүгінуге, сондай-ақ қоғамдық орындарға, тіпті мешітке келуді тоқтатып, құлшылықтарыңызды үйлеріңізде орындауға кеңес береміз!» деп жазылған мүфтияттың ресми сайтында.
Рас, шариғатта жұқпалы аурулардың көзге көрінбейтін зиянды күші, білінбей тарайтыны және аурудың етек алуын тоқтатуда карантин қажет екені атап айтылған. Өйткені Пайғамбарымыз адам баласының өзіне де, өзгеге де зиян келтіруіне қатаң тыйым салған.
Әзірге біздің білетініміз – осы. Шілде соңындағы үлкен қажылықтың қалай өтетіні әлі беймәлім. Токио Олимпиадасы сияқты дүниежүзілік дүбірлі жарыстардың болу-болмауы да белгісіз. 2 наурыздағы ақпарат бойынша әлемде коронавирус жұқтырғандардың ұзын саны 90 мыңға таяған. Желтоқсан айынан бері 3 046 адам өліп, 45 113 адам жазылып шыққан. Әйтеуір, қазақты құдай сақтап тұр. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда коронавирус анықталған жағдайда «В жоспары» әзір дейді. Лайым солай болғай.
Ерсайын БАҒДАТ