Дау шекараны жүкпен кесіп өту үшін қажетті рұқсаттарды пайдаланбаған жағдайда кері қайтармағаны не бүлдіргені үшін қомақты айыппұл салу туралы бастаманың айналасында өрбуде. Құзырлы орган бұл қадамға бармасына амалы қалмағанын алға тартады. Ал кәсіпкерлер Үкіметтің бұл шарасы онсыз да титықтаған қазақстандық тасымалдаушыларды тоқырауға ұшырататынын айтады. Тайталастың мәнісі неде?
Рұқсаттар алаяқтардың жемсауына айналды
Жүк ағыны мен транзитті дамытудың стратегиялық маңызы барын, оның табысы тіпті мұнай түсімінен де асып түсуі мүмкін екенін Мемлекет басшысының өзі айтып келеді. Бірақ осы жолда қаптаған кедергі бар. Мысалы, соңғы жылдары отандық жүк тасымалдаушылар мен трейдерлер өзге елдерге жүк жеткізуге рұқсаттың тапшылығына шағымданып келеді. Сала бизнесмендері жаргонында бұл құжат «дозвол» аталады.
MR Logistics директоры Рустам Мартасовтың түсіндіруінше, бұған сыртқы ахуал да ықпал етіп отыр: Батыс елдері Ресей мен Беларуське санкциялар енгізді, соның аясында Еуропалық одақ осы екі елдің жүк тасымалдаушыларының өз аумағына кіруіне қатаң тыйым салды. Жұмыссыз отырсын ба, ресейлік және беларустік алпауыт көлік компаниялары төл мемлекеттерінің қуатты қолдауымен Еуразиялық одақ аумағында және Қытайға жүк жеткізуге қайта бағдарланды.
Салдарынан, бұл бағыттарда Қазақстандағы автокөліктер ағыны шектен тыс артты. Бұл бір жағынан ұсыныстың сұраныстан асып түсуіне, тиісінше тарифтер мен табыстардың күрт құлдырауына соқтырды. Екінші жағынан, «дозволдардың» тапшылығын туындатты. Себебі Кеден одағы мен Қытайдың шекаралық өткізу бекеттерінің, теміржол стансаларының өткізу қабілеті шектеулі. Рұқсаттар да соған қарай беріледі.
Бұған басқа проблема жамалды. Амалын білген, қолынан келіп, қонышынан баса алған компаниялар шетелдік рұқсаттарды тым көп көлемде, артығымен алады. Бірақ артынан пайдаланбай тастайды. Көбісі оларды соған мұқтаждарға сатумен айналысады екен. Сөйтіп, жасанды тапшылық туғызылады.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әлеуметтік желілер және мессенджерлер арқылы шетелдік рұқсаттардың саудасы жолға қойылғанына назар аудартты. «Литва, Өзбекстан, Ресей, Грузия, Қырғызстан, Түркия, Әзербайжан, Украинаға дозволдар. Дмитрий», «Ресейге, Литваға, Әзербайжанға және т.б. рұқсаттар сатылымда. Салим», «Дозволдар түсті! Алмаз» сияқты хабарландырулар жетерлік.
Министрліктің Көлік комитеті бұл жарнамаларға тексеру жүргізіпті. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитетінің бас сарапшысы Күнайым Камиева соның соңғысының жай-жапсарын айтып берді.
«Көлік комитеті алынған және қайтарылған шетелдік рұқсаттарға талдау жүргізді. Қорытындысында, мысалы, рұқсаттарды қайтармайтын немесе тым аз оралтатын 69 компанияны анықтады. Бұл ретте сол 69 компанияның бәрі бір тұлға атына тіркелген. Яғни, Алмаз Т. деген азамат бүкіл ел бойынша 69 компания ашып алған. Аталған компаниялар 2022 жылы 1 217 рұқсат алды, соның ішінде 55 рұқсатты ғана қайтарды. Компаниялар 11 өңірде ашылған: Түркістан, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларында. Сондай-ақ бірнеше компанияны бір мекенжай бойынша тіркеу фактілері әшкереленді. Мысалы, Шымкентте 7 компанияның заңды мекенжайы бірдей» деген мәлімет келтірді сарапшы.
Оның дерегінше, жыл сайын дозволды сату үшін алатын біркүндік жалған компаниялардың саны өсіп барады. Мысалы, 2021 жылы 1 038 компания болса, 2022 жылы 2 359 компанияға дейін артты.
Олардың біразының тіркелген орны ретінде бірдей мекенжай көрсетілген және олары жалған болып шықты. Мұндай деректер Түркістан, Павлодар, Қостанай, Жетісу, Алматы, Жамбыл облыстарында анықталды.
Көлік комитеті рұқсат беру қағидаларының талаптарын бұзушылықтарды талдау қорытындысында, барлығы 112 компанияның рұқсатын жойды.
Алайда жойылғаннан кейін бұл компаниялар қайта ашылып, заңсыз әрекеттерін жүзеге асыруды жалғастырады екен.
Адал кәсіпкерлер зардап шегуі мүмкін
Алыпсатарлыққа тыйым салу үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына бастамашы болды. Құжат алда Мәжіліске енгізіледі деп күтіліп отыр.
Ол бойынша егер отандық тасымалдаушылар өзі пайдаланбаған шетелдік рұқсаттарды уәкілетті органға қайтармаса, оны жоғалтып алса, сол сияқты шетелдік рұқсаттарды кері қайтару мерзімін бұза отырып, оралтса немесе оларды бүлдірсе, онда 100 АЕК айыппұл салады.
Заң жобасының бастапқы нұсқасында айыппұл мөлшері 1000 АЕК (3 450 000 теңге) көлемінде ұсынылған болатын. Мұны біле сала, көптеген салалық қауымдастықтар мен кәсіпкерлер бұған үдере қарсы шықты.
Содан заң жобасының биылғы маусым айының соңында жарияланған жаңа нұсқасында министрлік айыппұл сомасын 10 есе азайтып, 100 АЕК (345 000 мың теңгеге) дейін төмендетті. Әйткенмен, бизнес бұған да басылмай тұр.
«Весттранслайн Казахстан» ЖШС басшысы Ирина Гетманцеваның айтуынша, бұл норма заңға бағынатын, адал кәсіпкерлерге де залалын тигізеді.
«Біз бұған үзілді-кесілді қарсымыз. Мұндай жаза әлемде бірде бір елде жоқ. Көлік бизнесі – күрделі, жоғары тәуекелді бизнес. Шетелдік рұқсаттар халықаралық сапардың бүкіл бойында, үнемі көліктің салонында, жүргізушінің қоластында жатады. Бір тасымалға 5-6 бланкке дейін талап етілуі мүмкін. Сол себепті артық алуына тура келеді. Алайда пайдаланылмаған дозволдардың жолай жоғалу, ұрлану, бүліну қаупі жоғары. Өйткені көлік жол апатына ұшырауы, тоналуы мүмкін. Өзге мемлекеттің құзырлы органдары тартып алуы ықтимал. Қасақана емес, асығыс кезде дұрыс толтырмаса, қате жіберсе, бланк бүлінген болып саналады», – деді Ирина Гетманцева.
Шетелдік рұқсаттарды кешіктіріп тапсыру да әдейі жасалмауы мүмкін. Оған шекаралардың жабылуы, кедендегі кептелістер мен ұзынсонар кезектер, полицияның не басқа органның мән-жай анықталғанша автокөлікті уақытша ұстап қалуы сияқты объективті факторлар түрткі болып жатады екен.
Ендеше Үкімет жоқ жерде қылмысты іздемегені, кәсіпкерді жазалай бермегені жөн дейді бизнес.
Қазақстанның Автомобильмен тасымалдаушылар және экспедиторлар одағының (САПЭК) басқарма төрағасы Әсел Садықова да бұл норманы енгізуге қарсы екенін жеткізді. Себебі отандық кәсіпкерді жазалаудың тағы бір тетігі пайда болғалы тұр.
«Бұл шара адал жүк тасымалдаушылардың қызметіне де кері әсер етеді және теріс салдарларға соқтырып, әлеуметтік кернеу туғызуы мүмкін. Бұған қоса, шетелдік рұқсаттарды қайтармайтындарға, жоғалтатындарға, кешіктіріп не бүлдіріп қайтаратындарға басқа жаза қарастырылған: олардың келесі бланкілерді алу коээффициенті төмендетіледі. Яғни, әлдеқайда аз бланк берілуі тиіс. Ал дозволды үшінші тұлғаларға табыстау үшін қосарлама жаза көзделеді: 20 АЕК айыппұл түрінде әкімшілік жауапқа тартылады және 6 айға шетелдік рұқсаттарды алу құқығынан айырылады. Сондықтан әкімшілік жазаларды арттыруды басы артық нәрсе деп санаймыз», – деді одақ басшысы.
Сарапшының дерегінше, батыстық санкцияларды айналып өту үшін РФ пен Беларусь жүк тасушылары, көлік компаниялары өз автопарктерін Қазақстан аумағына көшіріп алды. Осы мақсатта олар елімізде көз қылып, жаңа автокәсіпорындарын тіркетіп алған. Солар арқылы одақтастардың бизнесі Қазақстаннан да үлкен көлемде шетелдік рұқсаттарды алып жатыр. Салдарынан, нағыз қазақстандық тасымалдаушылар ол рұқсаттан қағылуда.
Бұлай бара берсе, отандық тасымалдаушылар банкрот болып, өз нарығынан айырылып қалуы мүмкін.
Қалай болғанда да, дауласушы жақтарға «билер», яғни Парламент төреші болмақ. Заңның қандай күйде және қандай талаптармен қабылданатынын солар шешеді. Тек депутаттар Үкіметке бұра тартпай, заң жобасын талқылауға тараптардың бәрін, соның ішінде отандық тасымалдаушылардың өкілдерін шақыруды ұмытып кетпесе болғаны.
Елдос Сенбай