Кие қонған ақбөкендер де қазақ даласына ерекше бауыр басқан. Сондықтан болар әлемдегі киіктердің 90 пайыздан астамы – қазақ даласында. Қазақстан киіктері әдетте Бетпақдала, Үстірт және Орал популяциясы болып бөлінгенімен, елдегі ақбөкеннің 90 пайыздайы Батыс Қазақстан облысының оңтүстік өңірін мекендейді. Алайда бұл жануар соңғы үш жылдан бері Батыс жұртының «бас ауруына» айналып келеді. Осы жылғы соңғы дерек бойынша, киік популяциясы 2 миллионға дейін өскен. Бұл былтырмен салыстырғанда 45,3 пайызға көп. Осы мәселемен айналысатын Батыс Қазақстан облысы ғалымдарының қорытындысы бойынша Орал өңіріндегі шаруа қожалықтарына және киік популяциясын сақтауға оңтайлы киіктер саны 450-500 мың бастан аспауы керек. Бұл дегеніміз – 2023 жылы 2 млн басқа жететін киік саны ғалымдар көрсеткен саннан 4 есе артық деген сөз.
Киіктер санының өсуі, олардың шаруа қожалықтарының егіндіктеріне, шабындық және жайылымдық жерлеріне жайылуы, малға күні қараған ауыл тұрғындарының қысқа қамданып шөп жинай алмауына, егін еккен шаруаларға егінін жинауға және көктемде егіс егуге алған несиелерін өтей алмауына себеп болып отыр. Киік санын азайтуға халық қауқарсыз. Өйткені Қазақстан 2006 жылғы киіктерді сақтау, қалпына келтіру және орнықты пайдалану мәселелері жөніндегі өзара түсіністік туралы Меморандум мен 1973 жылғы 3 наурыздағы «құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы Конвенция» (СИТЕС) сияқты халықаралық уағдаластыққа қол қойған. Осыған байланысты киіктің «жойылып бара жатқан жануар» деген мәртебесін «коммерциялық пайдалануға жататын жануар» түріне ауыстыру мәселесі қарастырылғанымен қандай да бір нақты іс-шаралар әлі қолға алынбай келеді.
Мал ашуы – жан ашуы
Қазығын батысқа қаққан қараша халықтың азығын төрт түлік малдан тапқаны баршаға мәлім. Міне, осы ауылдың ырыс-берекесі, күн көріп отырған тірлігі – мал болса, сол малды асырай алмайтындай күйде қалған шаруалар күйігі – киік болғалы 3 жылдан асып келеді. Көптігі қыр қайыстырған қалың киік шабындыққа шалғы салғанша танаптарды таптап, түк қалдырмайтын түрі бар. Шаруалар соңғы 2-3 жылдан бері дабыл қағып, мал өсіруге мүмкіндік қалмай бара жатқанына шағымданып келсе де, күрмеуі қиын мәселенің шешілер түрі көрінер емес.
Қазталов ауданының Қараоба ауылдық округіндегі «Қошпан» шаруа қожалығының жетекшісі Айдын Сүндетов – өзінің фейсбук желісіндегі парақшасында осы мәселені жиі көтеріп жүрген шаруаның бірі. Ол әлеуметтік желідегі «киікті атпау керек», «бөкендердің төрт түліктің жайылымына зияны жоқ» деген пікірлерге: «Шаруаларды залым, қатыгез қып көрсетудің қажеті қанша? Шаруалар: «атып қырып тастаңдар» деп жатқан жоқ қой. Олар: «санын реттеңдер, не болмаса басқа өңірлерге бөліңдер. Қалай болғанда да жұмыс істеуге мүмкіндік беріңдер деп отыр» деп жауап берген. Сонымен қатар ол өзінің жеке парақшасына киіктер тіпті, жолға шауып шығып, көліктерге авариялық жағдайлар туғызып жатқан видеолар жүктеп апатты жағдайларды бөліскен.
Жаңақазан ауылдық округі әкімі Сәдуақас Губашев болса, «Жаңақазан ауылдық округі бойынша 70-тен астам шаруа қожалық бар болса, соның 90 пайыздан астамы киіктен зардап шегіп отыр», – дейді.
– Биыл шөптің шығымы шамалы, қуаңшылыққа таяу. Бұрындары киіктер біздің аумаққа қазан айларында келе бастайтын. Оған дейін шаруа қожалықтар шөптерін жинап, қысқы қамдарын жасап алатын. Ал биыл көктем соңынан бастап киіктер маңайымызда күнде өріп жүретін болды. Шығымы аз шабындығымызға түскен киіктер бар шөбімізді отап тастады десек болады. Бұрындары шаруа қожалықтар өз шабындықтарынан 150-160 орам шөп жинаса, қазір оның саны 40 орамға дейін түсіп кетті. Ауылдың қазіргі басты мәселесі шаруа қожалықтарды шөппен қамтамасыз ету болып отыр. Қазір екі күннің бірінде шаруа қожалықтардан шағым түсіп жатады. Кеше ғана осы шөп мәселесімен қырлардағы шаруа қожалықтарды аралап қайтқанымда, шаруалардың шөппен қоса судың да тапшылығын сезіне бастағанын байқадым. Көктем кезінде жиналатын мал ішетін сулардың денін киіктер таяздап жатқанын көрдім. Биыл 2 млн-нан асқан киіктердің мәселесін шешпесе, келесі жылы егіздеп төлдейтін түз жануары екі есеге көбейіп кетпесіне кім кепіл, – дейді ауыл әкімі.
«Президенттен көмек сұраймыз»
Ал «ҚР Ауыл шаруашылығы ардагерлер ұйымы» РҚБ «БҚО ауыл шаруашылығы ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестік төрағасы Лавр Хайретдинов бүгінде осы мәселеге жіті назар аудартып, мәселе көтеріп жүрген белсенділердің бірі. Ол қарызға батқан, берешегі шаш етектен шаруалардың банкрот болуы жақын екенін, осылай бола берсе, шаруалар бұл жерден қаша бастайтын шығар деген күмәнін жасырмады. «Зардап шеккен шаруаларға ешбір банк төмен пайызбен несие бермейді, техниканы арзанға ұсынбайды. Шөпті сатып алдың-ау, оны тасымалдауға ақшаң кетті-ау деп несиесі кешірілмейді, кешірмек түгілі пролонгация жасалмайды. Кейбір шаруалар жайылымын қорғау үшін биыл миллиондаған қаржы жұмсап, металл бағаналар сатып алған. Осы жанайқайымыз жоғарыға, Мемлекет басшысына жетсе екен дейміз», – деген Лавр Рашидұлы Мемлекет басшысына шаруалар атынан хат жолдағанын айтты. Хатқа 253 шаруа қожалық жетекшісі қол қойған. «Жалға жер алдық, салығын төлеп отырмыз. Оны киік жеп, отап кетеді. Сонда бізге не пайда?!» – деп күйінеді шаруалар.
Үкімет үнімізді ести ме?!
Киік мәселесінде халық қалаулылары да үнсіз қалып отырған жоқ. Жуырда Парламент Мәжілісінің бірмандатты депутаты А.Құспан, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері С.Имашева, Ү.Шапақ, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы фракциясының мүшелері С.Егізбаев, А.Зейнуллин Премьер-министрге және Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеевке киік мәселесі жөнінде «КИІК МӘСЕЛЕСІ – КҮЙІП ТҰРҒАН МӘСЕЛЕ» деген тақырыппен депутаттық сауал жолдады. «Киік санының шамадан тыс еселеп өсіп кетуі, бірнеше жылдан бері батысқазақстандық шаруа қожалықтарына үлкен материалдық шығындар әкелуде. Биыл бұл жағдай өзінің критикалық ең соңғы нүктесіне дейін жеткелі отыр. Арифметика тілімен сөйлесек, жазғы мезгілде әрбір киік күніне 6-7 кг шөпті азық қылады, яғни екі миллион киік көктем-күз кезінде 100 мыңдай тонна шөпті жеп жояды. Сонда шаруа қожалықтарының малына не қалады?! Және мәселе тек шөппен шектелмейді, орташа есеппен әр киік күніне 5 литрге дейін су ішеді, сонда әр тәулік сайын 10 мың тонна су тұтынатын 2 миллион киік көктем-күз аралығында жергілікті су ресурстарын 2,4 млн тоннаға сарқиды деген сөз. Бұл ауадан алынған сандар емес, батысқазақстандық ауылшаруашылығы мамандарының өзара бірлесіп атқарған жұмысының нәтижесіндегі нақты есеп.
Қазір қоянның жазы қуаңшылықпен басталып жатыр. Осы онсыз да аз шөпті киік жеп бітіруге жақын, сондықтан биыл БҚО оңтүстік бағытында орналасқан 5 ауданның қожалықтары мен мал иелері жарытып шөп шауып, қысқа мал азығын жеткілікті дайындай алмайтыны анық. Олар: Жәнібек, Бөкей ордасы, Жаңақала, Казталов және Ақжайық аудандары. Сондықтан алдағы қоянның қысында (2023 жылдың желтоқсаны – 2024 жылдың ақпаны) малға берер дымы жоқ болғандықтан, Үкіметтен көмек болмаса жұт қаупі төніп тұр», – деген сауал жолдаған халық қалаулылары мәселе оң шешімін таппаған жағдайда Батыс Қазақстан облысы үлкен толқулардың ошағына айналу қаупі барын да ескертті.
Тұйықтан шығар жол қайсы?
Киік мәселесін зерттеп жүргендердің бірі – ғалым, экономист Айтуған Мұқашев. Ол тіпті, киіктерді қолға үйретуді қолға алып, 70 бас ақбөкеннің лағын жеке қожалықта өсіріп те бастаған болатын. «Киік мәселесі бүгін туындап отырған мәселе емес. Үш жыл бойы шаруалар зар қақсап келді. Оған құлақ асқан ешкім болмады. Ақыры, міне, жағдай күрделеніп кетті. Біздің елімізде киік мәселесі ғылыми тұрғыда қарастырылмаған. Бізде тек мүйізі үшін қаншама киік босқа қырылады. Сол кезде маған неге біз тек киіктің мүйізін кесіп алып, денесін қоқысқа тастаймыз, неге киіктің еті мен терісін дұрыс пайдаланбасқа деген ой келді. Қазіргі таңда киікті союға рұқсат жоқ. Сондай-ақ киікті басқа елге шығаруға да болмайды. Мысалы шет елдердің зообақтарында киіктерді мүлдем көрмейсіз. Біз неге сол шетел зообақтарына киіктерді сатпаймыз. Біздің еліміздің бренд киіктері әлемнің үлкен зообақтарында тұрса қандай жақсы? Біз неге киіктердің еті мен терісін ғылыми тұрғыда пайдаға асырмаймыз?», – дейді Мұқашев.
Сонымен қатар ол «Құзырлы мекемелер киіктерді біресе «ату керек» десе, біресе «атпау керек» деп жатады. Егер ататын болса, онда осы уақытқа дейін киіктерді атып сотталған, киіктерді қорғаймын деп қаза болған қанша адамдар бар? Ендеше, оларға моральдық өтемақы болуы керек қой? Көрдіңіз бе, бізде бірізділік жоқ», – деп атап өтті ол.
Наурызбек САРША