Былтыр Жамбыл облысында «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы жанданып, жастардың баспаналы болуына жол ашқан еді.
Жамбыл жастарын жарылқайтын жоба
715
оқылды

 Жергілікті бюджет есебінен қаралған 500 миллион теңгеге 40 жас қоныс тойын тойлап, бақытқа кенелген. Бұл – әрине, пилоттық жоба үшін үлкен олжа. Алайда былтыр өтінім берген жастардың барлығы бірдей баспана кілтіне қол жеткізе алмаған. Сондықтан олар биыл жалғасын тапқан жобаға үміт артып отыр.

Жамбыл облысы әкімдігі Жастар сая­саты мәселелері басқармасы берген ақпа­ратқа сүйенсек, былтыр бағдарламаға үш лекте 831 қатысушыдан өтінім келіп түскен екен. 73 азамат өтініштерді қабыл­даудың соңғы күніне дейін өтінімдерін қайтарып алыпты. 21 өтінім қайталанғаны анықталған. 737 жастың өтінімі бағдар­ламаға қатысушылардың өтінімдерін қарау және бағалау жөніндегі комис­сия­ның қарауына ұсынылған. Нәтижесінде, 93 жасқа «Отбасы банк» АҚ-на жолдама берілген. Оның ішінде 40 жас бағдарлама аясында баспаналы болса, 51 үміткер түрлі себептермен төлем қабілеттілігін растай алмаған, бір қатысушының өтінімі банк қарауында жатыр.
Биыл Жамбыл облысы әкімдігі мен «Отбасы банк» АҚ ЖОФ арасында 2023–2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасын іске асыру бойынша тағы келісім жасалған. Осы мәміле негізінде бағдарламаға денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, журналистика және дін саласының қызметкерлері қатысуға мүмкіндік алып отыр. Ал ең бастысы, биыл бағдарламаға 2 миллиард теңге қаражат бөлінген. Оның 1 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен болса, 1 миллиард теңге – «Отбасы банк» АҚ тарапынан. Бұл қаржыға жобамен 140 жасты баспанамен қамту жоспарлануда.

– Былтырмен салыстырғанда биыл бағдарлама талаптарында бірқатар ерекшелік бар. Біріншіден, қарыздың ең жоғары сомасы 13 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге өсті. Екіншіден, еңбек өтілі бойынша биыл балл қойылмайды. Сондай-ақ қатысушының банкке енгізген бастапқы жарнасының сомасы бойынша балл белгіленбейді. Үшіншіден, заңды некеде тіркелген әр жыл үшін бір балл беріледі. Сонымен қатар отбасындағы әр бала үшін 1 балдан қойылады. Тағы бір ерекшелік, төлем қабілеттілігін растау үшін «Отбасы банкке» құжат жинақтау уақыты 10 жұмыс күнінен 20 жұмыс күні­не ұзарды. Бұдан бөлек, төлем қабілет­тілігін растаған күннен бастап бастапқы немесе қайталама нарықта тұрғын үй табу үшін берілетін уақыт 60 күнтізбелік күннен 30 жұмыс күніне өзгертілді, – дейді Жастар саясаты мәселелері басқар­масының басшысы Жомарт Зұлпыхар.

Тағы бір қуанышты хабар, биыл бағдарламаға қатысушылар қосымша сала қызметкерлерімен толығып отыр. Мә­селен, білім саласы бойынша,  жеке­меншік балабақшалардың тәрбиешілері де бағдарламаға қатысуға мүмкіндік алуда. Сондай-ақ былтыр ғылыми-зерт­теу институттарының ғылыми қызмет­кер­лері ғана бағдарламаға өтінім бере алса, биыл жоғары оқу орындарының ғылыми қызметкерлері де бағдарламаға қатыса алады.  

Дін саласына келсек, Діни зерттеу орталықтарының қызметкерлері бағдар­ламаға қосылды. Медицина саласы бо­йын­ша болса, биыл барлық аурухана, емхана, зерттеу, талдау орталықтарының бейінді қызметкерлері бағдарламаға қатысуға мүмкіндік алды. Мәдениет са­ласы бойынша, коммуналдық мемлекет­тік мекемелердің негізгі сала қызметкер­лері тізімге енгізілсе, спорт саласы бо­йын­ша коммуналдық мемлекеттік меке­мелердің жаттықтырушылары бағдар­ламаға қосылып отыр.

Қазір бағдарламаға қатысуға өтінім қабылдау басталып кетті. Өтінімдерді қабылдау e-jambyl.kz платформасы арқылы 10-20 шілде аралығын қамтымақ. Өтініштерді қабылдау аяқталған күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде әкімдік бел­гі­леген тәртіппен бағдарламаға қатысу­шыларды саралауды жүзеге асырады. Одан кейін «Отбасы банк» АҚ ЖОФ-на жолдама береді. Қатысушы банкке ірік­теуден өту үшін құжаттар топтамасын ұсынуға міндетті.
Міне, Әулиеата жастарын биыл осын­дай жағымды жаңалықтар күтіп тұр. «Үйі жоқтың, күйі жоқ» дейді қазақ даналығы. Сондықтан биыл 140 жас баспаналы болады деген үміт зор.


Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы