Тарихи тұлғалар жайлы стереотипті өзгерту қиын

Тарихты жасау бір бөлек, оны ұрпаққа сол күйінде жеткізу тағы бір бөлек.

Біз өткенімізді тарихшының еңбегі арқылы білеміз. Түркістан қаласында тұратын алаштанушы, тұлғатанушы Хазретәлі Тұрсын көпшілікке етене таныс. Алаш арыстарын түп-тұқиянына дейін зерттеп жүрген белгілі ғалым Хазретәлі Тұрсын архив қорларынан талай құнды деректерді жарыққа шығарды.

Мен саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпағымын

– Хазретәлі аға, Түркістанды киелі, көне қала деп жатамыз. Оның тарихы мен тарихи тұлғалары туралы айтқанда, алдымен өзіңіз ойға ораласыз. Түркістанға ерекше құрмет көрсететініңізді, бар ықыласыңызды қойып, тұлғаларын зерттейтініңізді білеміз. Жалпы сізді Түркістан тақырыбына жетелеген нендей күш, осыған тоқталып өтесіз бе?

– Түркістан – менің тағдырыма еніп кеткен тақырып. Мен Түркістан қаласына жақын Жаңақорған ауданында өсіп, білім алдым. 1991 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Қазақ-түрік университеті ашылғанда жұмысқа тұруға осында келдім, бірақ мүмкіндік болмады. Ауданда мектепте директор бола жүріп, «Түркістан (Қоқан) автономиясының құрылуы мен күйреуі» деп аталатын кандидаттық дисертациямды қорғау үшін ұзақ дайындалдым. 2000 жылы Түркістан қаласына келіп, университетке кіші ғылыми қызметкер болып орна­лас­тым. 2001 жылы академик Кеңес Нұрпейі­совтың жетекшілігімен кандидаттық дис­сертациямды қорғадым. Зерттеу жұ­мыс­тарын жүргізу барысында Ташкенттің архивтерінде жиі болып, көптеген құнды дүниеге кезіктім. Жинаған материалым көп болды, оны бірден игеру өте қиын. Кандидаттық диссертация шағын көлемде, оған көп материал сыймай қалды. Кан­дидаттығымды қорғаған соң жетекшіммен ақылдасып, «Түркістан ұлттық элита­сының қалыптасуы мен қызметі» атты докторлық тақырыбымды бекіттім. Бұл тақырып аясында мен тұтастай Түркістан өлкесіндегі қазақ саяси элитасы туралы материалдарды жинақтауға кірістім. Докторлық қорғадым, 2 монография шығардым. Біріншісі кандидаттық жұмыс негізінде жазылған «Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы және Түркістан Мұхтарияты» деп аталса, екіншісі «Алаш һәм Түркістан» деп аталды. Ұстазым Кеңес Нүрпейісов «Алаш һәм Алашорда» деген монография шығарып еді. Онда Алаштың оңтүстік қа­наты Түркістан өлкесінде қызмет жасады деген концепциясы бар. Ұстазымның осы концепциясын ғылыми және деректік тұрғыда негіздеп, тұтастай монографиялық зерттеуге айналдырдым. Алаш қозғалысы­ның орталық бөлігі (Семей), батыс бөлігі (Жымпиты, қазіргі Сырым ауданы) деп қалыптасқан ұғымдар бар. Менің «Алаш қозғалысының Түркістан қанаты – Оңтүс­тік қанаты» деп алуымның мәні Алаш қозға­лысын жеке-жеке аймаққа бөлу емес. Бұл тақырыпты жан-жақты тереңдей зерттеу және оның халықаралық сипатын ашу деген мәселеге назар аудару еді. Сонымен бірге, бөлім мен қанаттың айыр­м­ашылығы бар екендігі есте болуы керек. Бөлімдерде үкіметтік құрылымдар болды. Ал Түркістан қанатында ондай сая­си, ресми үкіметтік құрылымдар болған жоқ. Түркістан қанаты жартылай жасы­рын, жар­тылай жария жағдайда ұлттық-территориялық межелеуге дейін қызмет істеді. Біз осы мәселені жан-жақты қарас­тырдық. Алаш қозғалысының Түркістан қанаты бұл жерде қазақтың ауқымынан шығып, Орталық Азиядағы өзбек, қырғыз, түркімен, қарақалпақ халықтарының арасында да кеңінен таралғандығына көз жеткіздік. Алаш қозғалысының идеясы Түркістан өлкесінде аса ықпалды болған­дығы сияқты халықаралық сипаттар ашыл­ды. Мен отандық тарих ғылымына Түркістан тарихының маманы ретінде келдім деп ойлаймын. Бұл тақырып менің ғылыми шығармашылық бағдарымды айқындайды.

– Хазретәлі Маханұлы, білуімізше, сіз Тәжікстанда тудыңыз. Зерттеулеріңіз негізінен Түркістан тақырыбына арналған. Сізді Түркістанмен не байланыстырады?

– Иә, мен Түркістан тақырыбына неге келдім? Бұл мәселе барынша ауқымды ғой. Мен ауа көшушілердің, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпағымын. Біздің әкелеріміз 1930-32 жылдары Өзбекстан, одан әрі Тәжікстанға ауып көшкен. Өзім 1960 жылы Тәжікстанның Корғантөбе облысында дүниеге келдім. Сонда ар жағында Ауғанстан 18 шақырым жерде болған. Туған жерден үдере көшіп, туған елден жырақта күн кешудің ащы дәмін бесікте жатып сезінгенмін. Ауа көшу та­рихы санама анамның әлдиімен, әкемнің өлең-сөзімен сіңген еді. Жызақ, Самарқан асып, Тәжікстанның Ауғанстанмен шекаралас Пархар ауданына табан тіреген көш 1960 жылы ғана елге бет түзеген. Тәжікстанда бір ғана біз емес, тұтастай буын туып өсті. Маған Орталық Азия тақырыбының өте жақын болуының осындай да себебі бар.

Ендігі мәселе Мемлекет басшысы   Қ.Тоқаевтың саяси қуғын-сүргін құрбан­дарын толық ақтау жөніндегі жарлығы бойынша осы бағытта жан-жақты жұмыстар жүріп жатыр ғой. Комиссияның жұмыс тобы құрылған кезде менде «қай бағытта жұмыс істесем екен» деген ой болды. Барлық бағытта дайындығым бар. Дегенмен, мен сол кеңестік биліктің ықпалынан, қысымынан туған жерін тас­тап көшуге мәжбүр болған ауа көшушілер мен ашаршылық босқындары деген бағыт­ты таңдап алдым. Сол бағыт бойынша жұмыс тобын құрып, жетекшілік жасадым. Осы бағыттағы зерттеу жұмыстарының аясында 2020 жылы Тәжікстанның архивтерін ақтардым. Міне, осындай-осындай мәселелермен бұл Орталық Азия тақырыбы маған өте ыстық. Осы тұста, еске түсіп отырғаны, 2001 жылы кандидат­тығымды қорғағанда, соңғы сөз маған берілді. Жасым 40-тан асқанда кандидат­тық қорғауға мүмкіндік берген ғалымдарға үлкен алғысымды жеткіздім. Сонда академик Манаш Қозыбаев: «Неге олай дей­сің, 41 жас деген – нағыз ғылымға келетін, ғалымның жасы. Оның үстіне, тақырыбың керемет, біздің тарихымыздың жартысы Орта Азияда жатыр. Ташкенттің архивтерінде жатыр, сен ол елдің тілін, ділін, салт-дәстүрін білесің, енді сен осы тақырыпты тереңдеп зертте» дегенде, шынымен ойланып қалдым. Қазіргі кезде өзбекстандық әріптестеріммен етене араласамын. Орталық Азияда қызмет еткен ұлт қайраткерлері туралы зерттеулер жүргіземін. 2020 жылы 60 жылдық мерей­тойыма орай барлығын біріктіріп, арнайы кітап шығардым. Жинақтап қарасам, жазған еңбектерімнің барлығы дерлік Түркістанның дәстүрлі элитасын, саяси эли­тасын қамтиды екен. Сондықтан Түркістан өлкесіне қатысты тарихи тұлға­ларды жинақтап, «Түркістанның текті тұлғалары» деген атпен 30 баспа табақтық ғылыми мақалалар жинағын шығардым. Бұл енді үлкен еңбек болып қалды.


Тұрарды тануға жаңа импульс бердім

– Сізді нәзіртанушы деп те жатады. Нәзірді ғана емес, Сұлтанбек Қожановты, Тұрар Рысқұловты да бір кісідей зерттедіңіз. Осынау тұлғалар төңірегінде іздестіру жұ­мыс­тарын жүргізгенде қандай мәселелерге, зерттеулерге ерекше назар аудардыңыз? Нендей тың деректер кезіктірдіңіз?
– Нәзіртанушы, сұлтанбектанушы, тұрартанушы екенім де рас. Бұл жерде жеке айтуға болмас. Тарих ғылымында тұлғатану деген бағыт бар. Тұлғатану – бұл жеке ғылым емес, ғылымның бағыты. Тарихты зерттеудің әдіс-тәсілдері көп қой. Соның бірі – биографиялық тәсіл. Яғни, жеке бір адамның қоғамдық саяси қызметі арқылы сол кезеңнің күрделі проблема­ларын алып шығуға болады. Осы бағытта біраз нәрселерді қарадым, көрдім. Жеке тұлғаларды зерттеулер барысында солар­дың кезеңдерімен байланысты талай дүниемен таныстым.

Иә, Нәзір Төреқұлов – қазақтың біртуар азаматы, ол туралы зерттеушілер көп. Бірақ олардан менің ерекшелігім, мен тікелей архив деректеріне сүйеніп зерт­тедім. Қоғам қайраткерінің 125 жылдығы қарсаңында 4 томдық кітабын шығарып бердім. Шәкіртім Гаухар Батырбекқызы екеуміз монография, оқу құралын, құжаттар жинағын дайындадық. Құжаттар жинағына Мәскеудің архивтерінен бұрын қолжетімсіз болып келген қаншама де­ректерді алып, ғылыми айналымға ұсына алдық. Сұлтанбек Қожановтың да 125 жылдығына етене араластым. Осы кезеңге байланысты Қожановтың архив құжат­тары, шығармалары және материалдар жинағының 5 томдығын дайындаймыз дегенбіз. Соның 1 томдығын ғана шығарып үлгердік. Сосын таңдамалы бір томдық құжаттар жинағын шығарып үлгердік. Сұлтанбек Қожанов туралы Мәскеудің, Ташкенттің архивтерінен көп дүние жинақтадым. Осылардың негізінде қазір менде Қожановтың 5 томдық құжаттар, шығармалар жинағы дайын тұр. Келер жылы – Қожановтың 130 жылдығы. Сонда 5 томдығын шығарсақ, үлкен жұмыс болғалы тұр. Сұлтанбек Қожановқа қа­тысты көптеген дерек әлі де шетелдік архивтерде жатыр. Бірақ қолжетімсіз. Сондықтан Сұлтанбек Қожановтың құжаттарын ғылыми айналымға шығару сұлтанбектануға қосылған жаңалық болады ғой деп ойлаймын. Қазіргі кезде елімізде әлі күнге дейін Қожанов өз бағасын алып үлгерген жоқ. Оның әртүрлі себептері бар.

Енді Тұрарға байланысты айтар бол­сақ, Тұрар туралы маған дейін де жазғандар бар, менен кейін де жазар. Мен енді олардың ешқайсысын қайталағам жоқ. Қай жұмысты алсам да, ғылыми жаңа­лыққа, дерекке негізделгенді дұрыс көремін. Осыған байланысты Тұрардың бұрын ешкімнің көзіне түспеген деректерін негізге алдым. Осы тұста мына нәрсеге назар аударғым келеді. Жалпы, тарихты тарихи тұлғалар жасайды, тарихи оқи­ғаларға себеп болады. Ол тарихқа айналады. Ал тарихи процестің өткен кезеңінің бір сәтін өзгертуге патшаның да, президенттің де дәрмені мен пәрмені жетпейді. Сондықтан да тарих қалай өрбіді – солай қабылдануы керек. Тарихшы тарихи оқиғаға деген пікірді, көзқарасты, тұжырымды ғана өзгертуі мүмкін. Сондықтан тарихи тұлғалар туралы сөз еткенде оның ұлттық мүддеге қаншалықты және қандай қызмет жасағандығы бойын­ша ғылыми тұжырым жасалуы керек. Зерттеулер барысында жаңа көзқарас, жаңа тәсілдер алдан шығады. Жаңа теориялық қағидалар пайда болады. Бірақ тарихи тұлғалар туралы халықтың санасында қалыптасып қалған стереотипті өзгерту, оны ақиқатқа бейімдеу өте қиын. Кезінде ұлттық мүддеге қарсы қызмет жасаған тарихи тұлға емес, ол туралы жазған тарихшының өзі кінәлі болып шыға келеді. Тарихи таным тәжірибесінде осындай қисынға келмейтін дүниелер де кездеседі. Сондықтан тарихшы өмірден өтіп кеткен тұлғаларды айыптамауы керек деген мәселені жеңіл түсінуге болмайды. Тарих ғылымының екі миссиясы бар. Бірі – ақиқатты айту, екіншісі – жаңалық ашу. Ақиқатты айту үшін жаңа теориялық тұжырым керек болса, ғылыми танымды жаңалау үшін тың деректер қажет.

2006 жылы докторлық диссертация жазып жүргенде, Мәскеуде бір ай архивте отырдым. Осы аралықта қаншама материалмен таныстым. Соның ішінде Тұрар Рысқұловтың 1924 жылы сәуір-мамыр айларында Сталинге жазған 80 беттік доносын тауып алдым. Донос деген – ол құпия хат. Осы құпияхаттарды қарап отырып, Түркістан өлкесіндегі қазақтың жиырмадан астам саяси қайраткеріне саяси баға беріп, оларды алашордашыл, ұлтшыл, кеңес билігіне қарсы деген мағынада, істегені бар, істемегені бар, солардың бәрін тізіп Сталинге хат жазған. Олардың үйіне тінту жүргізу керек, олардың қолдарында мынандай құпия мәліметтер бар, олар үкіметке мүлдем қарсы деген бағыттағы саяси айыптаулар­лар жазылған. Осы құжаттарды оқып отырып, мен соншалықты құрмет тұтып келген Тұрар Рысқұловты сол кезде өте қатты жек көріп кеттім. Соншалықты көңілім қалып, «ойпырай, адам деген ұлттық мүддеге осыншалықты қарсы жұмыс істейді екен-ау» деген ой болды менде. Құжаттарды алып келіп, жетекшім академик Нұрпейісовке таныстырдым. Ол «Әттең, бұл құжаттар менің қолыма бұрын түскенде ғой, басқаша концепция қалыптасқан болар еді» деген өкінішін білдіріп, «бұл – өте нәзік мәселе, дұрыс тәпсірлесең ел қабылдайды» деп ақыл-кеңесін берді. Мен ары қарай жұмысымды жалғастырып кеттім. Тұрар туралы тың деректерді айналымға шығару арқылы мен Тұрардың жаңа қырын аштым. Оның саяси-психологиялық портретін жасадым десем де болады. Саяси донос жазу деген – кейбір елдерде қуатталатын нәрсе, ал бізде кеңестік тоталитарлық биліктің адамдарды бір-біріне айдап салып, тап күресін өршітудің бір тәсілі болды. Көп адам Тұрар Рысқұлов ол хатты таптық тұрғыда жазды деп ойлайды. Шындығында, оның екі себебі айқын, бірінші себеп – Орталық Комитеттің алдында өзінің репутациясын қалпына келтіру болса, екінші себеп Орталық Азия мемлекеттері дербес мемлекеттерге межеленгенде Қазақстанға бірінші басшы болып келуді көздеді. Бірінші басшы болып келу үшін өзіне балама болатын тұлғаны саяси аренадан ысыру. Осы мансапқорлық пиғыл өзінің қарсыласы деп санаған Сұлтанбек Қожанов бастаған қазақ саяси элитасын «оққа байлатты». Тұрар жалғыз Қожановты емес, соның төңірегіндегі қаншама қазақ зиялыларын саяси айыптауға негіз қалап берді. Қазақта «Қылыш үстінде серт жүрмейді» деген сөз бар. Бірақ дәл осы кезде 1924 жылы Тұрар Рысқұловтың желкесіне ешкім тапанша кезеп тұрған жоқ, аяқ-қолы кісендеулі, тергеудің азабын тартпаған еді. Өз еркімен, өз ықыласымен, өз мақсат-мүддесін көздеп, саналы түрде жазды. Осыны түсінуіміз керек. Ал 37-38 жылдардағы тергеулерде ұрып-соғып қинап, азаптаумен алынған қайраткерлердің жауаптары «қылыш үстінде серт жүрмейді» дегенге келеді. Ал, қамауға алынбаған кезде жасаған әрекеттерді басқаша тәпсірлейтін боламыз. Осылайша мен Тұрар Рысқұлов­ты тануға жаңа импульс бердім деп ойлай­мын.


Тұлғаландыратын қайраткерлер әлі де көп


– Сіз осынау танымал тұлғалармен қоса ел аузында аса айтыла бермейтін жандар туралы біраз тұлғаны жарыққа шығардыңыз. Мәселен, Телқожа Атығайұлы, Садықбек Сапарбаев, тағы басқа...

– Телқожа Атығайлы – ұлт-азаттық қозғалысының мықты қайраткерлерінің бірі. Тарихшының тақырып таңдауының өзі ұзақ эксперимент болады. Телқожа Атығайұлын таңдауыма Рахманқұл Бердібайұлы себепкер болды. Сол кісі Үрге­ніш­ке барған сапарында Майлықожа­ның «Үргеніште қалды сүйегі, Телқожа батыр алпының» деген сөзі бар, батырымыз жерленген жерді, сүйегін тауып беріңдер деп өзбекстандық әріптестерге тапсырма берген ғой. Өзбекстандық әріптестермен жұмыс істеп жүргенмін, осы сөз ойымда жүрді. Бірте-бірте тақырыпқа ене бердім. Телқожа батыр Кеңесарының баласы Садықпен бірге Шолақорған, Түркістан, Шымкент, Ташкент қалаларын орыстардан қорғауда белсене араласқаны жөніндегі деректерге тап болдым. Тіпті, сол кездегі орыстілді басылымдарда Телқожаға байланысты материалдар жарияланған. Соларды таптым. Зерттеу барысында Үргенішке, Хиуаға бірнеше рет сапарға барып, көнекөз қариялармен сөйлестім. Телқожаның сол жақтағы ұрпақтарымен кездестім. Осылайша, түркіхалықтарының азаттығы үшін күрес халықаралық деңгейдегі тұлға деген тұжырым жасап, тұлғаландыра алдым. Телқожа сияқты қайраткерлеріміз көп, солардың барлығын ғылыми негізде зерттеп тұлғаландырсақ біздің тарихымыз толыға түсетін болады.

Садықбек Сапарбековтың тұлғасы өте күрделі, оны Алаш қайраткерлерімен салыстыруға келмейді. Бұл – мүлдем жаңа тұрпаттағы саяси элитаның өкілі. Бұларды кеңес үкіметі дүниеге әкелді, тәрбиеледі. Ал, кеңестік билік осындай өзі тәрбиелеп, өзі өсірген кадрларын өзі құрбандыққа шалды. Яғни олар жаңа билікті құрды және сол өздері құрған биліктің құрбан­дарына айналды. Солай дегенмен мұндай типтегі тұлғаларды біржақты халыққа қарсы қызмет жасады деп кеңес үкіметімен бірге теріс бағалауға болмайды. Халықты қиын жағдайлардан алып шығу, дәстүрлі қоғамды модернизациялауда жақсы еңбектері бар. Садықбек Сапарбековтың 110 жылдығына байланысты құжаттары мен материалдарын дайындап жарыққа шығардым. Алдағы уақытта жас толқын келеді, оған берілетін баға сол жас тол­қынның қолында.

– «Атқара алмадым» немесе «әттеген-ай»  дейтін кездеріңіз болды ма? Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз...

– Жоспарлар көп. Жас ұлғайған сайын ақыл-ой кемеліне келіп, бәрі көз алдыңа келіп тұрады екен. Қаншама архивтің деректерін жинадым. Сол деректерді жинақтап, монография, мақала етіп жариялауым керек. Алдағы уақытта осы кезге дейінгі ғылыми шығармашылық жұмыстарымыздың қорытындысы ретінде бірқатар монография, жинақты шығару жоспарымда бар. Жақын арада атқаратын жұмыстарымның бірі – Сұлтанбек Қожа­новтың 5 томдық құжаттар, материалдар, шығармалар жинағын және мо­нографияны аяқтап, баспаға тапсыру. Одан соң ең үлкен жұмыс – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде Түркістан өңірлік комиссияның мүшесі, жұмыс тобының жетекшісі ретінде бірнеше жинақты дайындап, жарыққа шығаруымыз керек. Биыл саяси қуғын-сүргін құрбан­дарын толық ақтау жұмысы аяқталады. Жұмыс қортындысы бойынша Түркістан өңірі бойынша әр бағытта қорытынды есеп дайындауымыз қажет.

– Әңгімеңізге рақмет, алдағы жұмыс­тарыңызға сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы