Қызылордалық кәсіпкер кәдімгі құрт өнімін түрлі қоспалар арқылы түрлендіріп, өзгеше күйде тұтынушыларға ұсынып жүр. Ұлттық тағамды ұлықтап, тың кәсіптің көзін тапқан іскер жанның бұл өнімдері халықтың қызығушылығын арттырып, үлкен сұранысқа ие болуда.
Кәсібін бастамас бұрын ұзақ ізденіп, ұлттық тағамды ерекше дәмдеуіштер арқылы тұтынушыларға ұсынудың тың тәсілдерін ойластырады. Осылайша, құрт тағамын шоколадпен араластыра отырып, ерекше өнім дайындауға кіріседі. Бүгінде арнайы цех жұмысын жолға қойып, тың әдіспен жасаған өнімдерін QURTELLA атауымен ел игілігіне ұсынып келеді.
«Біздің өнім – сырты шоколадпен қапталған сүттен жасалған табиғи құрт. Бұл кәсіпті өткен жылдан бері ойластырдым. Әлемдік тәжірибеге зер салсам, көптеген елдер өздерінің ұлттық тағамдарын заман талабына сай түрлендіре әзірлеп жүр. Осыдан кейін өзіміздің ұлттық тағамдарымызды да өзгеше етіп дайындау жоспарын ойлай бастадым. Бұл ұзақ уақыт ізденісті қажет етті. Шоколад пен құрттан бір-біріне үйлесім табатын ерекше дәмді ас дайындауды мақсат тұттым. Нәтижесінде, 2022 жылдың қараша айынан алғашқы өнімімді шығара бастадым», – дейді ерекше кәсіптің иесі.
Негізінен, сүттен 35 түрлі тағам дайындалады екен. Соның ішінде құрттың адам ағзасына пайдасы орасан. Мамандардың пайымдауынша, құрттың құрамы түрлі минералдар мен дәрумендерге бай көрінеді. Сонымен қатар оны ұзақ уақыт сақтауға болады.
Кәсіпкер өзгеше дәмдеуіштер арқылы дайындаған өнімі алғаш сатылымға шыққаннан бастап халыққа ұнай бастағанын айтады. Арнайы қаптамада дайындалған ерекше дәмге деген сұраныс толастаған да емес. Соның нәтижесінде өнім көлемі артып, көл-көсір табысқа кенеліп отырғанын жасырмады.
«Бүгінде құрт өнімін алты түрлі дәммен дайындаймыз. Атап айтқанда, ақ шоколад, банан, алма, құлпынай секілді ерекше дәм татитын құрт шығарамыз. Бәрі де табиғи құрт дәмімен ерекше үйлесім тапқан. Осы орайда, бұл бизнес жоспарым небары 15 мың теңгемен басталғанын айта кеткім келеді. Мемлекеттен қолдау алған емеспін. Бәрін өз күшіммен жүргіздім десем болады. Кәсібімді жолға қою оңай болған. Қазір Қызылорда облысымен қатар, Маңғыстау, Алматы, Шымкент қалаларына да өнімімізді сатылымға жіберіп отырмыз. Алдағы уақытта мемлекеттен қолдау алып, кәсібімізді бұдан әрі кеңейтсек деген ниетіміз бар», – деп алдағы жоспарымен бөлісті.
Қазір кәсіпкер дайын құртты шаруалардан сатып алып, оны ерекше әдіспен қайта дайындап жүргенін алға тартты. Кәсіпкер 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырғанын да айта кету керек.
Дерекке сәйкес, көршілес Өзбекстан мемлекеті біздің ел үшін жылына тонналаған құрт жасап шығаратын көрінеді. Соған орай кәсіпкер алдағы уақытта құрт өндірісін де өзімізде жолға қоюды мақсат тұтып отырғанын жеткізді.
Ерекше кәсіптің ебін тапқан Нұрсұлтан өз жобасын заң шеңберінде патенттеп алғанын мәлімдеді. Осылайша, жоба авторы ретінде арнайы сертификатқа қол жеткізіпті.
Кәсібін өркендету жолында аянбай еңбек етіп жүрген ол келешекте отандық өніммен еліміздің барлық аумағын қамтамасыз етуді көздеп отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы