Жүн өңдеу фабрикасы тоқтап тұр

Атырауда кезінде индустриялан­дыру картасы аясында ашылған Жүн өңдеу фабрикасы наурыз айынан бері тоқтап тұр.

Кезінде жарнамасы жер жарған фабриканың расымен де Қазақстанда баламасы жоқ. Жылына 200 мың табиғи көрпені нарыққа шығаруды жоспарлаған кәсіпорын 2019 жылдан бері азды-көпті тапсы­рыс­қа жұмыс істеп келді. Түрлі қиын­дықтарды бастан өткерген фабрика­да қазір құрылғылар ғана қалған. Жұмысшылар әлдеқашан жөнімен кеткен.

Біз мәселенің мән-жайын Caspiy Lana Atyrau жүн өңдеу фабрикасы директоры Назгүл Есмаханованың өзінен анықтап көрдік.

 
«Осыдан 8 жыл бұрын ашылған фабрикада тоқырау проблемасы 2019 жылдан басталды. Қазіргі уақытта зауыт мемлекет тарапынан кепілдендірілген  тапсырыстың болмауынан және шикізат жетіспеушілігінен тоқырап тұр. Одан басқа да проблемалар бар», – дейді фаб­рика директоры Назгүл Есмаханова.


Статистика бойынша Атырауда 30 мың бас, Ақтауда 60 мың бас түйе бар. Кезінде Атыраудағы фабрика ашыларда 90 мың түйе малынан жылына 150 тонна жүн жиналады деген болжам болған. Бірақ нақты іске келгенде ондай көлемдегі жүн жиналмаған.
«Кеңес Үкіметі құлағаннан кейін Қазақ­­станда малдың жүні жинаусыз қал­ғаны ащы да болса шындық. Іс жүзінде түйені қырқып, жүнін жинау үшін де адам керек. Түйе үнемі далада жайылып жүретін мал болғандықтан, қырықтықты  ұйымдас­тыру белгілі бір уақытты қажет етеді. Фаб­риканың қырықтық маусымын ұйымдас­тыратын мүмкіндігі жоқ. Ал шағын қожа­лықтар қолда бар жүнді Қытайға сатып жіберіп отыр. Себебі Қытайдан келетін тауар алушылар жүнді қолма-қол ақшаға сатып алады. Мен фабрика бас­шысы ре­тінде келісімшарт жасап, қара­жатты есеп­шотқа аударамын. Қожалықтар қосымша табыстан салық төлегісі келмейді. Қойдың жүніне қатысты да біраз мәселе бар. Қойдың өзі етті және жүнді бағыттағы болып, екіге бөлінетіні белгілі. Атырауда негізінен еділбай тұқымдас қойлар өсіріледі. Мұндай қойлардан алынатын биязы жүн көрпе-жамылғы жасауға жарам­сыз. Осы мәселелерді ке­зінде Үкі­метке де, министрлерге де жеткіздім. Тіпті, фабрикаға жүн тапсырған қожалықтарға субсидия бөлуді де ұсындым. Бірақ нәтиже болмай тұр.
Зауыт тоқырағалы бері 10 адаммен жұ­мыс істеп келдім. Тапсырыс болса, шикі­затты әзірге көршілес елдерден алдырып-ақ, жұмысты ұйымдастыруға болатын еді. Мен мемлекеттен қаржы сұрамаймын. Бізге Қазақстандағы бала­масы жоқ жалғыз зауыт ретінде кепілден­дірілген тапсырыс керек. Кезінде әскер, ауруханалар, лагерь, балабақшаларды табиғи жүннен жасалған көрпе-жамыл­ғы­лармен қамтамасыз етеміз деген мақсатпен ашылған фабрика қазір ішкі тендерлерге де қатыса алмай отыр», –  дейді зауыт директоры Назгүл Есмахан­ова.
Кезінде жарнамасы жер жарып, қазіргі уақытта тұралап тұрған фабриканың жайымен Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрі Марат Қарабаев таныс болып шықты.
Атырау облысына жұмыс сапары кезінде министр Жүн өңдеу фабрикасының жұмысын қайта жандандыру мақсатында ең төмен пайызбен несие беру мәселесін қарастыруға мемлекеттің дайын екенін де айтты.
 «Жүн өңдеу фабрикасы ашылар алдында «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан қарыз алды.  Бірақ жұмысын жүргізе алмады. Егер оны қайта жан­дандырамын десе, мемлекет әртарап­тан қолдауға дайын. Өйткені елімізде 40 мың тоннаға жуық жүн жиналады. Оның көбі жойылады немесе қоқысқа тасталады. Осындай жағдайды болдырмас үшін өнеркәсіпті қолдау қоры жүнді өңдеу және тоқыма бұйымдарын жасау үшін 3 пайыз несие береді. Басқа жаңа жобаларға 7 пайыз қарастырылған. Осылайша, жеңіл өнеркәсіпке осындай мүмкіндік беріп отырмыз. Бұл – мемлекет тарапынан көр­сетілетін базалық көмек», – деді министр Марат Қарабаев.
 «Атырау әлеуметтік-кәсіпкерлік корпор­ациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Қаппазовтың айтуын­ша, қазір тұралап тұрған фабриканы жан­дандыру мақсатында әлеуетті инвестор іздестірілуде.
 «Фабрика соңғы уақытта жұмыс істе­генімен, шығындарын жаба алмады. Ши­кізат өнімінің Атырауда тапшы болуына байланысты жүнді өзге өңірлерден және Ресейден тасымалдауға мәжбүр болды. Себебі аталған қондырғыларда өңделетін жүн меринос қойының биязы жүні болу керек. Түйе жүнін қырқудың өзіндік құны қымбат болғандықтан да, фабрика өңдел­ген түйе жүнін басқа өңірлерден сатып алып келді. Кәсіпорынның қазіргі уақытта тұралауының басты себебі – айналым қа­ра­жатының болмауы салдарынан, шыға­рылған өнім көлемі кәсіпорын шығыны­ның аз бөлігін жапты», – деді Н.Қаппазов.
  Сонмен қатар Нұрлан Қаппазов нарықта халық тарапынан Қытай мен Өзбекстаннан әкелінетін синтетика аралас көрпелерге сұраныс көптігін және осыған байланысты фабрика бәсекелестікке төтеп бере алмағанын айтты. Сол себепті, Caspiy Lana Atyrau ЖШС өндіретін табиғи өнімді ішкі нарыққа да шығаратын, шетелге де экспорттауға  қарым-қабілеті жететін кәсіпкер керек.
 Еске сала кетейік, кезінде 3 млрд теңге жұмсалған  Жүн өңдеу фабрикасы  биылғы жылдың наурызына дейін қой мен түйе жүнін жуып, оның түбітінен жіп иіріп, көрпе мен жамылғы тігіп келді. Тіпті, 2018 жылы республикалық «Алтын сапа» конкурсында «Ең үздік тауар» атанды. 2017 жылы өткен халықаралық ЕХРО көрмесіне келген шетелдік меймандарға осы зауыттан шығарылған жамылғылар сыйлыққа берілді. Еуропа, ТМД елдерінен де сұраныстар түсті. Бірақ бұл жетістіктердің бәрі әзірге жай ғана тарихқа енген дерек болып қалып отыр.
Фабрика нақты қашан қайта іске қосылады? Қай уақытта толық қуатында жұмыс істейді? Инвестор қашан келеді? Әзірге бұл сұрақтар басы ашық күйінде қалып отыр.


Баян Жанұзақова,
Атырау облысы