Бұрын қазақ жастары арман қуып Ұлыбританияға баратын.
Қарға қуған қазақтар
1,728
оқылды

Тұманды альбионда білім алып, абыроймен елге оралатын. Биыл да Ұлыбританияға аттанғандар арасында жастар көп. Бірақ олардың мақсаты – басқа. Бірінің басында берешек қарызы болса, енді бірі көлік алып, баспаналы болуды армандайды. Күнкөріс қамы үшін отанынан жырақта қырыққабат теріп, қарға қууға, құлпынай жинап, саңырауқұлақ тасуға мәжбүр. Біз Ұлыбританиядағы жастармен хабарласып, еңбек күшінің елден кетуінің себебін зерттеп көрдік.

Жақында әлеуметтік желіде Анг­лия­да қарға қуған қазақтың видео жазбасы тарап кетті. Сағатына 6 мың теңге, сон­да бір күнде он екі сағат жұмыс істеп, 72 мың теңге алады екен. «Бәріне қайырлы таң, Англияда сағат таңғы бес жарым. Қолымда мынадай зат бар, бүгін – алғашқы жұмыс күнім. Менің жұмысым – мынау үл­кен алаң, бірақ бұл жерде не өсетінін біл­меймін. Тек осы жердегі қарғаларды қуамын. Сосын сөмкемде жарылғыштар да бар, соларды атып жүремін. 12 сағат жұмыс істеп, сағатына 6 мың теңге аламын. Сонда бір күнде 72 мың теңге табамын. Қарғаларды қуу – күлкілі, бірақ күшті жұмыс», – дейді ер адам.
Оқырмандар ер жігіттің еңбекқор­лы­ғына тәнті болып, Англияға барудың жо­лын сұрап жатты. Қазір Ұлыбританияға ауыл шаруашылығы саласындағы жұмысқа барушылар көбейген. Бұған дейін қазақ жас­тарының біразы Англияда құлпынай теру­мен айналысса, енді олар үлкен алқап­тардағы қарғаларды үркіту жұмысына кіріскен. Желіде көптің назарына іліккен ви­деода қазақ жігіті дәл осындай тәжі­ри­бесімен бөліседі. Біз мақалаға кейіпкер із­деп отырып, телеграмдағы «Англиядағы жұмыс» чатына қосылдық. Чатқа шамамен 10 мыңдай адам жиналыпты. Жартысы тұманды альбионда жұмыс істеп жүрсе, жартысы сол жаққа баруды жоспарлағандар екен. Олар бұл жолды өздері таңдаған. Еш­кім күштеген жоқ. Бәрі жарқын өмірге қол жеткізуді, ел қатарлы жағдайларын жасауды армандайды.

– Англияға келу үшін арнайы агро бағ­дарламаға тапсырдым. Келіп кету жолымды және керек-жарақтарымды өзім алдым. Шы­ғыным шамамен 500 мың теңгедей бол­ды. Мұнда жұмыс істеуге адамдар әр­түрлі себептермен келеді. Фермаға, жұмыс мау­сымына байланысты жалақылар да әр­түрлі. Кейде 12 сағат, ал кейде 6 сағат жұмыс істейміз. Қазақстанда 200 мың теңге айлық ала­тынмын. Жарты жылда қыруар қаржы тап­паймыз. Шамамен 4 миллиондай таза пайда үйге апарамыз. Тек жұмыс істеп қой­май, арасында басқа елдерді де аралап үл­герудеміз. Қарға қуып, тек 1 апта жұмыс іс­теп жүрдік. Негізі, мұнда жұмыс ауыр. Қазір қоймаға ауыстым. Өнімді қораптарға салып отырамын. Жалқау адамдар жұмысқа шыдамайды. Қашып кетіп жатқандар да бар, – дейді Бекболат Садыр.

 

Жұмыс істеу үшін тіл білу маңызды емес


Жалпы, азаматтар Англияға заңды түрде Tier-5 Seasonal worker виза­сы­мен барып, бұған дейін де жұмыс істеп жүрген. Тек биыл Ұлыбританияның ТМД елдерінен еңбек иммигранттарын тартуға бөл­ген квота саны өскен. Себебі елдің Еуро­палық Одақтан шығуына, пандемияға және Украинадағы ахуалға байланысты Шығыс Еуропадан британдық фермаларда жұмыс істейтін маусымдық жұмыскерлер саны едәуір азайған. Сондықтан 2022 жылы жергілікті үкімет басқа елдерден, соның ішін­де ТМД елдерінен Ұлыбритания аума­ғын­да еңбек қызметін жүзеге асыру үшін ең­бек иммигранттарын тартуға 38 мың кво­та бөлген. 2019 жылы – 2 500, 2020 жы­лы – 10 000 және 2021 жылы 30 000 квота бө­лін­ген, сондай-ақ 2023 жылға еңбек им­мигранттарын тартуға 45 мың квота бел­гі­леніпті.

– Ұлыбританияға Tier-5 Seasonal worker визасымен бардым. Бұл виза уақытша 6 айға жұмысқа баруға беріледі. Жұмысқа Concordia, AG Recruitment деген ком­па­ния­лармен бардым. Concordia Англияда 1943 жылдан бері жұмыс істейтін орга­ни­за­ция. Кезінде Англияның жастары фер­ма­ларда практикадан өткен болатын. Қ­а­зір­гі заманда фермаға жұмыскерлерді шет ел­ден алып жатыр. Визаға тапсыру үшін COS – спонсорлық нөмірі керек. Concordia спонсорлық нөмір береді, соның арқасында виза­ға тапсырған кезде банктегі есепшотта қан­ша ақша бар екенін тексермейді. Жұ­мыс­қа орналасу тегін, өйткені бұл мемлекет ар­қылы қаржыландырылған бағдарлама. Өз қалтамнан шығын тек билет пен визаға тө­леуге ғана кетті, – дейді Әсел.
Seasonal Worker visa (Temporary Work) бағ­дарламасы өзге елдің азаматтарына кө­көніс пен баубақша секторында, жалпы жә­не бастапқы өндірістік жұмыс және ба­қы­лау жұмыстарын орындау үшін ұзақтығы 6 айға дейінгі мерзімге дейін баруға мүм­кін­дік береді. Жұмысшылар көбіне өсім­дік­терді күту, жинау, жылыжайларды салу жә­не жинап алу, суару, күтіп ұстау, өсімдік шаруашылығы, жұмыс берушінің аума­ғын­да дақылдарды буып-түю сынды жұмыс­тар­ды атқарады.
– Бұрыннан шетелге шығып жұмыс іс­теп көргім келетін. 2021 жылы осы бағ­дар­­­ла­маны көріп ойланбай тапсырдым. Жұ­мыс­қа кіру үшін әңгімелесуден өту ке­рек. Ауыр жұмысқа төзімділік, ешқандай ау­ру-сырқатыңыз болмауы қажет. 18 жастан бас­тап 48, кейбір агенттіктер 53 жасқа дейін ала­­ды.
Сіз Қазақстаннан кетпей тұрып қандай фер­маға баратыныңызды оқып, келісім­шарт­қа қол қоясыз. Сол фермадан басқа жер­ге істеуге болмайды, ферма жағдайы ұна­маса агентке айтып, басқа фермаға ауы­суға өтініш толтыруға болады. Бірінші жы­лы Қазақстаннан 9 адам болып бардық, біз­ді аэропорттан трансфер, мини автобус кү­тіп алды. Фермаға дейін жеткізді.
Ағылшын тілін білсеңіз өзіңізге жақсы, өйткені трактор жүргізуге немесе супер­вай­зер болуға болады. Ал былайша орыс тілін біл­сеңіз – жеткілікті, – дейді Англияға бір­­неше жыл қатарынан жұмысқа барған Әсел.
Ол бірінші жылы барғанда 1 ай құлпы­най теріпті. Сосын буып-түюмен айналы­са­­тын цехқа ауысады. Аптасына 180-300 мың теңге арасында табыс табады. Сонда 1 айда 700 мыңнан 1 миллионға дейін ай­лық алыпты.
– Мен ақшамды несиелерімді жабуға, ел-жер көруге жұмсадым. Депозитке де жақ­­сы қаржы салдым. Бірақ ол әлі үй алуға жет­кіліксіз. 6 ай виза біткен соң Англияда қа­лып қоятындар да бар. Бірақ маған заң бұз­ған ұнамайды. Мен 6 ай ішінде Қазақ­стан­ға қайтамын, сосын 6 ай өткен соң өзім істеген фермадан тағы да шақырту келеді, солай бұйырса үшінші жыл бара жатырмын. Осы жолы «сапа бақылаушысы» болып жұ­мыс істеймін. Бір кезеңде 10-12 адам жұмыс іс­тейді. Супермаркетке кететін тапсы­рыс­тың сапасын тексеремін, құжаттарын тол­ты­рамын. Ағылшын, орыс тілін білген­дік­тен осылай көтерді, – дейді Әсел.
Тұманды альбионда тер төгіп жұмыс іс­теп жүргендердің бірі – Дулат Жанұзақов. Ол бастапқыда Англияға келу үшін бір агент­тіктің қызметіне жүгінген. Олар көмек бер­гені үшін 220 мың теңге сұрайды.
– Бірақ мен 10 мың теңге ғана беріп, ары қарайғы жұмыстарының барлығын өзім істедім. Негізі, бұл бағдарламамен әр адам өз бетінше келе алады. Ешқандай қиын­дығы жоқ. Арнайы сайттарына кіріп, өті­ніш қалдырып, анкета толтырдым. Анг­лия­да жұмыс істеу туралы ой он бір ай бұ­рын, былтыр тамызда келді. Бір таны­сым­нан осы бағдарлама жайлы естідім. Анг­лия­да жұмыс істеп жүрген достарымнан сұ­рас­тырдым. Өтініш жібергенде қай жерде тұра­тының, қандай жұмыс істейтінің бәрі бел­гілі болады. Ферманың қасында караван де­ген вагон сияқты кішігірім үйлер бар. Төрт адам тұрады. Ішінде барлық жағдайы жа­салған. Бірақ біз караванда емес, үйде тұ­рып жатырмыз. Қазір қырыққабат өсі­ре­тін фермада жұмыс істеп жүрмін. Мұнда Брюс­сель қырыққабаты, түсті орам­жа­пы­рақ, брокколи сияқты неше түрлі қырық­қа­бат түрлері өседі. Соларды егіп, беттерін тор­мен жауып, кейін қайта ашамыз, өнім піс­кенде оларды жинаймыз. Айына орта есеп­пен 700 мың теңге табамыз, – дейді Дулат Жанұзақов.
Оның айтуынша, жұмыс істеу үшін тіл білу міндетті емес. Себебі ферманың жетек­ші­лері орысша біледі.
– Біздің елде айына 700 мың теңге таба­тын жұмыс жоқ. Сондықтан да жастар шет­ел­де жұмыс істеуді таңдайды. 18 жасқа тол­ған кез келген азаматқа Англияға келіп көп табыс табуға болады. Елге барғаннан кейін ипотекаға үй алуға немесе көлік алуға болады. Біреулер үлкен өмірге бастапқы жарна жинау үшін келсе, енді біреулер ел көру үшін келеді. Мен басымдағы несиені жабу үшін Англияда жұмыс істеп жүрмін. Жұмысқа уақытша келетіндер де, осы жақ­та қалып қойып 2-3 жыл жүргендер де бар. Біздің фермада 80-90 адам бар. Соның 75 пайызы – қазақтар. Қазір жұмысшыларға сұраныс жоғары, – дейді Англияда жүрген отандасымыз.


Алаяқ агенттіктер қаптаған

Қазір Tier-5 жұмыс визасын беруге Ұлыб­ританияның кеңейтілген маусымдық жұмысшыларды жалдау схемасы бойынша жұмыс істеу үшін үкімет іріктеген төрт ірі рекрутингтік компания бар. Олар: Concordia, Pro Force Limited, Fruitful Jobs және AG Recruitment and Management Ltd. Бұл ком­паниялар барамын деушілерге тегін қызмет көрсетеді. Бірде-біреуіне ақша төлеудің қа­жеті жоқ. Алайда ақша жүрген жерде алаяқ­тардың да жүретіні – заңды құбылыс. «Анг­лияға жетіп, миллион теңге табыс та­ба­мын» деп жүрген азаматтардың біразы осы алаяқтардың құрбаны болып та үлге­ріп­ті.
– Жұмысқа бару үшін ешкімге 1 мил­лион теңге ақша төлеп керек еместігін айт­қым келеді. Қазақстанда делдалдар мен алаяқ­тар қаптап кетті. Тегін сайттарға кіріп, әр адам өзі өтініш қалдыра алады. Ал дел­далдар тура сол сайтқа өтініш тастап, ауа­дан 1 млн теңге тауып отыр. Сонда жұмысқа барған адам 1-1,5 ай тегін жұмыс істейді. Өзің тапсырып барсаң шығын 500-700 мың теңге ғана кетеді. Билетке, визаға 150 мың тең­ге, алғашқы уақытқа ұстағанға – 100 мың теңге. Оған қосып алаяқтар мен дел­дал­дарға 1 млн төлеп жатқандар да бар. Тіп­ті, кейбірі не жұмысқа бара алмай, не ақ­шасын қайтара алмай жүр, – дейді Әсел.
Самал Мырзабай да агенттік-дел­дал­дар көмегіне жүгінудің қажеті жоқ екенін айтты. Ол бұл бағдарлама жайлы 2020 жы­лы алғаш рет біліпті.
– Алдын ала келісімшарт бойынша фер­мада құлпынай теріп жүрмін. Айлығы – әркелкі. Егістік болғанына қарай. Орташа 500-800 мың теңге арасында. Орыс тілін білу міндетті. Ағылшын тілін білсеңіз де кө­­­мек­теседі. Қарға қуып жүрген жігітке кел­сек, 6 ай бойы қарға қуумен айналыс­пай­ды. Ол жігіт бір оңай жұмысты түсіріп қал­ған. Негізі, жұмыс өте қиын және пси­хологиялық, физикалық табандылықты та­лап етеді. Біріншіден жастар лайықты та­быс тапқысы келеді, екіншіден ел-жер көр­гісі келеді. Қазір Ұлыбританияда фер­ма­ларда тек жастар емес, 40-50-дегі аға-апа­ларымыз да жеткілікті. Агенттіктерге ал­данып қалғандар өте көп. 700 мыңдап ақ­шасын қайтара алмай жүргендер бар. Мем­лекет тарапынан, ІІМ тарапынан агент­тіктерге қарсы бақылаушы керек деп ой­лаймын, – дейді Самал Мырзабай.
Айта кету керек, Англияда жұмыс істеп ұзақ уақытқа қалып, заңды бұзатындар да, фермадағы жұмыстың қиындығына төзбей, егіс алқабынан қашып кететіндер де бар екен. Олар осы арқылы Қазақстанның имид­­­жіне кір келтіреді. Себебі қазақстан­дықтар фермадан қашып кеткені үшін кейбір ресми рекрутменттер Қазақстаннан жұмысшы алудан бас тартыпты.


Эмиграцияға итермелейтін фактор – жалақының аздығы

Жалпы, жұмыс күшінің шетелге кету мә­селесі бұрыннан бар құбылыс. Еңбек миг­­рациясы – мемлекеттің инвестициялық ахуалына, халықаралық аренадағы рейтин­гіне кері әсерін тигізетін нәрсе. Мемле­кет­тен жұмыс күші неғұрлым көбірек сыртқа ағыл­са немесе білікті кадрлар басқа мем­лекетке барып жұмыс істейтін болса, ол мем­лекеттің ішкі жұмыс күштерін қамтама­сыз етуге мүмкіндігі жоқ дегенді білдіреді. Әрине, Өзбекстан мен Қырғызстанға қара­ғанда біздің жағдайымыз әлдеқайда жақсы, бірақ кейінгі уақытта Оңтүстік Кореяға, Түркияға, Ұлыбританияға кетіп жатқан жұмыс күшінің көбеюі біздің мемлекет үшін қуанарлық тенденция емес. Мемлекет ішкі еңбек ресурстарын өзінде қалдырып, өз экономикасына жұмсауға мүмкіндігі бол­са, онда, ол жақсы көрсеткіш болып есеп­­теледі. Әлеуметтанушылардың пікірі­н­ше, бұл мемлекеттік деңгейде қаралуы ке­рек мәселе.
– Өкінішке қарай, қазір Қазақстаннан көп­шілік жастар мүмкіндік тауып шетелге уақытша қоныс аударып, жұмыс істеп жүр. Бұл еліміздегі жалақы мөлшерінің төмен еке­нін көрсетеді. Инфляцияға байланысты жа­лақы мөлшерін қанша өсірсе де, мем­лекет тарапынан жасалып жатқан шаралар да эффектісінің төмен екенін көрсетті. Қазір қарапайым халық табысының 60 пайы­зын азық-түлік алғанға жұмсайды. Қал­ған 40 пайызын жүріп-тұрғанға, бала­ларының оқуына жаратады. Сол кезде ха­лықтың ақша жинауға, ары қарай бір мүлік сатып алуға жағдайы жетпейді. Сондықтан да жастар жаппай шетелге жұмысқа кетіп жатыр, – дейді әлеуметтанушы Шыңғыс Төрез.
Оның айтуынша, тек осы мүмкіндікті байқап, пайдаланғандар ғана Анг­лияда жұмыс істеп жүр. Біреуі барып келеді, сөй­тіп екіншісіне айтады. Ал Оңтүстік Ко­рея­ға барып жұмыс істейтін арнайы виза біз­де қарастырылмаған. Сонда да жастар Оң­түстік Кореяға барып, ұсталғанша жұ­мыс істеп келеді. Жинаған ақшаларына кө­лік, үй алады.
– Жастардың шетелге кетуіне инфляция әсер етіп отыр. Соның салдарынан азамат­тар­дың шығындары екі есе артты. Табыс табу үшін шетелге қара жұмыс істеуге бара­ды. Бұл қуантарлық жағдай емес. Бизнес тарапынан, үкімет тарапынан ұсынылып жатқан жұмыстың өтемақысы өте төмен. Еңбек нарығында ұсынылып отырған жұ­мыс көп. Бірақ жалақысы аз. Сол жала­қы­ны арттыру үшін жастар шетелге кетіп жа­тыр. Бұл – негізгі әсер етуші фактор. Жас­тардың шетелге жұмысқа кетуіне басқа факторлар да әсер етуі мүмкін. Бірақ бізге не­гізгісімен жұмыс істеу керек, – дейді әлеу­меттанушы.
Мұны Англияда жұмыс істеп жүрген Әсел де растады. Ол ағылшын тілі пәнінің мұ­ғалімі болса да, Қазақстанда жұмыс істе­гісі келмейді.
– Қазақстанда еңбек ресурсы бағалан­байды, жастар тек қана Англия емес Оңтүс­тік Корея, Еуропаға да кетіп жатыр. Былай айт­қанда, жұмыс күшінен айырылып жа­тыр­мыз. Англияда таңертең жұмыс бас­талып, кешке біткенде сағатты қарайды, ай­­лық алғанда минут, секундына дейін есептеп береді. Қазіргі курспен алғанда сағатына 6 000 теңге төлейді. Қазақстанда бір ауысым 12-14 сағат жұмыс істеп, күніне 10 мың теңге аласың. Жұмысқа ерте кел дейді, кеш қайтарады. Сол кездегі артық істеген минуттарды ешкім есептемейді. 6 ай келісімшартпен жұмыс істеп бітірген соң, елге қайтарда маған айлықтан бөлек 1100 фунт стерлинг демалыс төлемі түсті. Ол – 620 мың теңге. Қазақстанда ешқашан демалыс үшін төлем алып көрмеппін, – дейді Әсел.
Ұлыбританияның Ішкі істер министр­лі­гінің ақпаратына сәйкес, 2022 жылдың қаңтар-маусым аралығында Қазақстанның 1 655 азаматы маусымдық жұмысшы ре­тінде тартылған. Қазір бұл көрсеткіш арт­па­са, кеміген жоқ. Жұмысшыларға апта­сы­на кемінде 30 сағат жұмыс істеуге болады жә­не сағатына 10,1 фунт стерлинг төлене­ді. Бұл 2023 жылғы 15 шілдесіндегі Ұлттық банктің бағамы бойынша 5 835 теңге.
Айтпақшы, біз Сыртқы істер министр­лігіне хабарласып, Англиядағы қарға қуып жүрген қазақтарға қатысты пікір сұрадық. Бірақ министрлік өкілі бұл видеоның Анг­лияда түсірілгеніне күмәнмен қарады.
– Тура осылай біздің елде немесе басқа ел­де видео жазып шығаруға мүмкіншілік бар. Адамның түрі көрсетілмеген, – деді Сырт­қы істер министрлігінің ресми өкілі Ай­бек Смадияров.
Бір кезде ұлы даланы дүрліктіріп, қыран ұста­ған қазақтар қазір Ұлыбританияның ал­қабында қарға қуып жүр. Еріккеннен емес, күйбең тірліктен баз кешкендіктен. Жақ­сы жалақы тауып, жарқын өмірге ұм­тыл­ғысы келеді.
Қарға қуса да, қаражат тапқан қазаққа кінә арта аламыз ба?!.

Көктем Қарқын