Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті. Онымен күрес жүргізіліп жатыр. Бұл іс нәтижесін бергенімен, бұл індет азаяр емес. Оны біз 2019 жылды қорытындылаған Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің есебінен аңғарғандаймыз. Бұл жылы да алғашқы орындарды Ішкі істер, Қорғаныс, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ауыл шаруашылығы министрлігі өзара бөліскен. Бұл нені білдіреді? Әлде, бізде себебімен емес, тек салдарымен күрес жүргізіле ме?
2019 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңесте Мемлекет басшысы елімізде жемқорлықтың дендеп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, мұның қоғамға қауіпті дерт екенін айтқан болатын.
– Жыл сайын Қазақстанда орташа есеппен 2 мыңнан астам сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс тіркеледі. Мыңнан аса адам жауапқа тартылады. Бұл – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын кесел. Осы ауруды қазір шұғыл түрде емдемесек, ертең кеш болуы мүмкін, – деді Қазақстан Президенті. Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықтың ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің болашағына нұқсан келтіреді, сондықтан оның тамырына балта шауып, түбегейлі жою қажет. Бұл дертпен «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», бірлесіп күресу керек екеніне де тоқтала кетті.
Иә, дерт қауламау үшін түбірімен шабу керек. Әйтпесе, ол асқынып кетеді. Өткен жылғы көрсеткіш 2018 жылға қарағанда азайған. Бірақ алдыңғы жылдары да алғашқы лекте жүрген министрліктер бұл жолы да өз орындарын алмастырып қана қойған секілді.
Статистика не дейді?
Құқықтық статистиканың деректері бойынша, 2019 жылдың 12 айында сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталғандар саны 1 002 адамға жеткен. Бұл 2018 жылдың деңгейінен 7%-ға төмен (1079).
Бір жылда сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін орталық мемлекеттік органдарының мекемелері мен ұйымдарының 515 қызметшісі, жергілікті атқарушы органдарының мекемелері мен ұйымдарының 261, 37 квазимемлекеттік және басқа қызметтің 189 тұлғасының ісі сотта қаралды. Орталық мемлекеттік органдардың арасында сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін ішкі істер органдарының (297), Қаржы (49), Қорғаныс (28), Индустрия және инфрақұрылымдық даму (21), Ауыл шаруашылығы министрліктерінің
(19) қызметкері сотталды.
Қай министрлік қай орында?
Ішкі істер министрлігі. Алғашқы орында көрінген Ішкі істер министрлігінің қызметінде: полиция – 252, қылмыстық-атқару жүйесі – 27, ТЖ бөлімшелері – 13, Ұлттық ұланның 5 қызметкері жемқорлық жасаған. Пара алу – 140, қызмет бабын пайдалану – 82, өкілеттігін теріс пайдалану – 34, билік пен лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану – 16, пара беру – 8, қызметтік жалғандық – 8, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету – 4, парақорлыққа делдал болу – 2, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру – 2, қызметтегі әрекетсіздік – 1.
Ішкі істер органдарының тергеушілері – қорқытып алушылық және қылмыстық жауаптылыққа тартпағаны, учаскелік инспекторлар – бұрын сотталған адамдарды әкімшілік жауапкершілікке тартпау және пробациялық бақылауды жеңілдету, жол-патрульдік полиция инспекторлары – жол қозғалысы ережелерін бұзған жағдайда, әкімшілік жауаптылықтан босатқаны, пенитенциарлық жүйенің қызметкерлері – сотталғандарды ұстаудың «жеңілдетілген» жағдайларын қамтамасыз еткені үшін (телефон кіргізу, жұмысқа орналастыру, тыйым салынған заттарды алып өту), облыс аумағынан тыс жерлерге шығу үшін пробациялық бақылауда тұрған адамдардың құжаттарын жедел ресімдегені, төтенше жағдай бөлімшелерінің қызметкерлері – жұмысқа орналасу кезінде жалпы қамқорлығы үшін, шара қолданбағаны үшін (өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін ұйымдардың, өндірістердің, өндірістік учаскелердің қызметін тоқтата тұру) пара алу қылмыстарын жасаған.
Қаржы министрлігі. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны бойынша орталық мемлекеттік органдар арасында Қаржы министрлігі екінші орында тұр. Мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды тұлғалары жасаған сыбайлас жемқорлық қылмыстарын зерделеуден, олардың басым бөлігінің Алматы қаласы – 10, Алматы облысы – 9, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарына – 5-тен, Шымкент қаласы, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарына – 4-тен, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарына – 3-тен, Павлодар және Қарағанды облыстарына 1-ден тиесілі екеніне көз жеткіздік.
Қылмыс түрлерінің бөлінісінде пара алу фактісі басым. Салық органдарының 15 қызметкері пара алған, 8-і – алаяқтық жасаған, 2-еуі – қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланғаны, 1-еуі – қызметтік жалғандық жасағаны үшін сотталған. Кедендік бақылау қызметкерлерінің 9-ы – пара алған, 3-еуі – алаяқ, 2-еуі – экономикалық контрабанда үшін сотталған. Экономикалық тергеу қызметі қызметкерлерінің 3-еуі – пара алғандары, 2-еуі – лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланғаны, 1-еуі – алаяқтық үшін сотталған. Ішкі мемлекеттік аудит қызметкерлерінің 2-еуі – пара алғандары, 1-еуі – парақорлыққа делдалдығы үшін ісі сотта қаралды.
Қорғаныс министрлігі. Бұл жылы үшінші орыннан көрінген Қорғаныс министрлігінің 28 лауазымды тұлғасы мен әскери қызметшісі сотталған. Көп жағдайда, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын басшы құрам жасаған – 28-дің ішінен 22-сі (78%). Әскери құрамалардың әскери қызметшілері – 16, қорғаныс істері жөніндегі аумақтық бөлімшелерге – 12-ден (Жамбыл – 5, Павлодар – 2, Алматы – 2, Қостанай – 1, Ақмола – 1 және Түркістан облыстарына – 1) тиесілі. Бұл жолы да негізінен қалалық және аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқармалардың әскери қызметшілері мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдырғаны үшін әскерге шақырылғандардан пара бопсалаған. Әскери бөлімдердің әскери қызметшілері жасаған сыбайлас жемқорлық, жалған іссапар мен жеке құрамға сыйақы беру арқылы игерілмеген бюджет қаражатын жымқырумен, сондай-ақ есептен шығарудың жалған актілерін жасау арқылы әскери киім-кешекті, жанар-жағармай мен басқа да мүлікті ұрлауға байланысты болғандығы әшкере болды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі. Орталық мемлекеттік органдар арасында жасалған сыбайлас жемқорлық қылмыстар саны бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі төртінші орынды иеленді. Құқықтық статистика органдарының мәліметтері бойынша осы салада сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін 2019 жылы 21 адам сотталған. Жауапкершілікке тартылғандардың ішінде басшылар жиі кездеседі – 12 адам (57%). Сыбайлас жемқорлық қылмыстар Көліктік бақылау инспекциясында, министрліктің Құрылыс істері жөніндегі комитетінде және ведомствоға бағынысты ұйымдарында жасалған екен. Көп жағдайда ведомствоға қарамағындағы ұйымдардың басшылары автомобиль жолдарын жөндеу, қайта жаңарту бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін пара алған.
Ауыл шаруашылығы министрлігі. Ауыл шаруашылығы саласындағы сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталғандар саны – 19 адам. Сотталғандар арасында, көбінесе басшылар болған. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының едәуір бөлігін министрліктің ведомствоға бағынышты ұйымдардың қызметкерлері: Ақмола – 4, Шығыс Қазақстан облысы және Шымкент қаласы – 3-тен, Батыс Қазақстан және Ақтөбе – 2-ден, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды мен Қызылорда облыстарында және Алматы қаласы 1-ден жасаған.
Көп жағдайда, ұйым басшылары өздерінің бағыныштыларынан әртүрлі іссапарға жібергені үшін, сондай-ақ жалған жұмысқа орналастырғаны үшін пара алған. Бюджет қаражатын жымқыру жалған іссапарларды ресімдеу жолымен жүзеге асырылған.
Бұл – 2019 жылдың қорытындысы. Жемқорлардың бестігінен көріну қай салаға болса да жараспайтыны анық. «Жемқорлық – індет, аластау – міндет». Осыны ұмытпаған абзал.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ