Жасанды интеллект күнделікті өмірге жылдам енуде. Көпшілікке қолжетімді ең қуатты ЖИ-дің бірі ChatGPT зор тілдік мүмкіндіктерін көрсетіп, жақсарып келеді.
Дегенмен бұндай модельдер тек пайдалы дегенмен келіспейтіндер де бар. Slash Gear технологиялық сайтында жарияланған мақалада жұмыс берушілер қызметкерлердің жұмыс орнында ChatGPT-ді қолдануға рұқсат бермейтіндерін жазады. Aikyn.kz мұндай тыйымның себептерін кибер-қауіпсіздік мәселелерімен және деректердің бұзылуымен қаншалықты байланысты екенін талдайды.
Фото Shutterstock агенттігінен алынды. Авторы: Juicy September
АҚШ Конгресі ChatGPT жасанды интеллектін қолдануды шектеді. Өкілдер палатасының қызметкерлеріне нейрондық чат-ботты құпия емес деректермен жұмыс істегенде ғана қолдануға кеңес берілген.
Сәуір айында Италияның деректерді қорғау органы жеке деректердің құпиялылығы бұзылған фактілер анықтап, ChatGPT қызметіне тыйым салды. Қытай, Ресей, Иран және Куба да қауіпсіздік мәселелеріне байланысты чат-ботты қолдануды шектеген.
АҚШ Конгресінің мүшелеріне таратылған директива мемлекеттік қызметкерлерге арналған алғашқы ресми құжат болса, ірі технологиялық компаниялары да сақтық шараларын қабылдауда. Мысалы, Apple компаниясы қызметкерлерге ChatGPT және басқа да жасанды интеллект бағдарламаларын пайдалануға тыйым салды, себебі ол құпия ақпараттың сыртқа ағып кетуіне жол ашады. JPMorgan Chase, Verizon және Amazon да ChatGPT-ге сенбейтін компаниялардың тізімінде. Мына видео-роликті қараңыз:
АҚШ-тың Федералды Сауда Комиссиясы (FTC) тұтынушыларға зиян келтіреді деген алаңдаушылыққа байланысты ChatGPT-дің қызметін тергеуді бастады. Комиссияның мұндай шешімін чат-ботты жасаушы OpenAI компаниясының зертханасы түсіністікпен қабылдаған.
FTC платформаның жеке деректерді өңдеу кезінде тұтынушыларға зиян келтіретінін және компанияның боттың жалған ақпарат беруіне жол бермеу үшін қажетті шараларды қолданып жатқанын тексереді. Жеке деректердің қауіпсіз өңделетінін, қолданатынын тексеретін болады.
Фото Shutterstock агенттігінен алынды. Авторы: Mundissima
The Washington Post хабарлағандай, FTC OpenAI-ге 20 беттік хабарлама жіберген. Құжатта тергеудің мәні «деректердің құпиялылығын немесе қауіпсіздігін қорғау әдістерін тексеру», «тұтынушыларға зиян келтіру, жеке тұлғаның беделіне нұқсан келтіру тәуекелдерімен байланысты оқиғаларды» анықтау деп жазылған.
Фото Shutterstock агенттігінен алынды. Авторы: JRdes
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңдарды бұзғанын анықтау үшін зерттеп жатқан оқиғалардың бірі – наурыз айында OpenAI жүйесіндегі қате себеп болған. Сол қатенің салдарынан кейбір пайдаланушылар бір-бірінің деректерін көретін мүмкіндік алған. OpenAI чат-ботты қолданушылдардың тек 1,2%-ына бұл қате әсер еткенін мәлімдеген.
Егер Федералды Сауда Комиссиясы OpenAI тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңдарды бұзғанын анықтаса, онда компанияның өз деректерін қалай өңдейтінін бақылауға мүмкіндік беретін келісім туралы жарлық шығарады.
OpenAI тергеуге әлі ашық жауап берген жоқ. Сарапшылар аталған тергеудің нәтижелері болашақта ЖИ-дің дамуына үлкен әсер етуі мүмкін екенін айтуда.