Құрылысы ұзаққа созылған нысанның пайдалануға берілуін енді «AMANAT» партиясы бақылауға алатын болды.
Үш жыл бұрын «БалхашПромТехстрой» ұйымы құрылысын бастаған мектеп 2022 жылы қолданысқа берілу керек еді. Алайда түрлі кемшіліктер орын алғандықтан конкурс арқылы екінші мердігерге берілді. Бұған ауыл тұрғындары алаңдаушылық білдірді. Алаңдауға себеп жоқ емес. Өйткені балалар жыл бойы ауыл клубының тар бөлмелерінде білім алып келгенді.
Жаңа мердігердің құжат рәсімдеуі ұзаққа созылып кетті. Салдарынан оқу жылының басталуына бір айдан аса ғана уақыт қалды. Енді бұл мәселені «AMANAT» партиясы өз бақылауына алып отыр. Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова, Қарағанды облыстық құрылыс және сәулет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанболат Құрманиязовпен бірге құрылыстың қандай деңгейде екенімен танысуға арнайы барды.
Тұрғындармен, ата-аналармен кездесіп, мәселенің мәнісін біліп қайтқан депутаттар жуық арада мәселенің шешімін табуға бар күш-жігерлерін салатындарын жеткізді. Бұл бағытта бүгіннің өзінде партия тарапынан кезек күттірмейтін жылдам шешімдер қабылдану үстінде.
Ұлытау облысы