– Осы аралықта біз барлық ұйымдастыру іс-шараларын шешіп, қысқа, орта, ұзақмерзімді бағдарламаларды орындау үшін құжаттар әзірледік. Облысты дамытудың кешенді бағдарламасы қабылданды. Алайда осы бағдарламаға кірмей қалған жоспарлар еліміздің Премьер-министрі облысқа келгенде қолдау тапты, – деді Н. Ұранхаев.
Бірінші жартыжылдықта облысқа 230 миллиард теңге инвестиция тартылған. Оның ішінде Бородулиха ауданына 15 миллиард теңге тиесілі. Сонымен қатар облыс әкімі ауылшаруашылық өнеркәсібі туралы да тілге тиек етті. Биыл алғашқы алты айда ауылшаруашылық саласының ішкі өнімі 22 пайызға өскен. Сонымен қатар ірі қара саны артқан.
Аймақ басшысы дамудың негізгі бағыттары – экологиялық және жағажай туризмін Шүлбі су қоймасында, Үбі, Михайловские және Жерновка көлдерінде дамытудың әлеуеті жоғары екендігін атап өтті.
Сондай-ақ облыс әкімі су жүйелерін жаңғырту жұмыстарына да тоқталды.
– 2026 жылы облыс бойынша 96 су құбырының құрылысы және жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр, оның 66-сы – ауылдық елді мекендерде, – деді өңір басшысы.
Ауыл тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету үшін көпқабатты үйлер салынуда. Осы жылдың алғашқы жартыжылдығында 130 мың шаршы метр баспана, оның ішінде 1 084 шаршы метр баспана Бородулиха ауданында салынған.
Әкімнің айтуынша, жұмыссыздық мәселесі де жоспарлы түрде шешіледі. Бірінші жартыжылдықта өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыз болған. Биыл аймақта 24 926 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Есептік кездесуден кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, тиісті мекемелерге нақты тапсырма берді.
А.ҚАЗАҚ