Елімізде 2019 жылы бастау алған «Жас қазақ» жазғы этнолагері биылғы маусымын да сәтті аяқтады.
Бір үйдің баласындай...
735
оқылды

Жылдан жылға ауқымы кеңейіп, деңгейі жоғарылап келе жатқан жобаның мақсаты – әлемнің түкпір-түкпірінде тарыдай шашылған этникалық қазақ балаларының басын қосып, Атажұртқа әкеліп, тарихымызды, дінімізді, ділімізді һәм рухани құндылықтарымызды дәріптей отырып, табиғат аясында әдемі демалыс сыйлау.

Екі аптаға созылған жазғы этнолагерь табиғаты әсем, ауасы таза Бурабай төріндегі Iqanat High School of Burabay мектебінде өтті. Әлемнің 8 мемлекетінен атап айтсақ, АҚШ, Иран, Беларусь, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Ресейден 200-ге жуық этникалық қазақ баласы келді. Кейбірі шекарадан асып, елге аяқ басқанда қуаныштың көз жасына ерік бергендерін жасырмады. 

Талапты да талантты балалардың қалыптасқан дағдыларын әрі қарай шыңдау мақсатында лагерьдегі сабақ кестесі де соған сай құрылды. Дәлірек айтсақ, асық ойнау, садақ ату, домбыра шерту, алтыбақан тебу, атпен серуен, киіз үй тігу сынды ұлттық ойындардан бөлек, заманауи сала мобилографиядан да сабақ алды. Сондай-ақ нейрондық желі, жасан­ды интеллект бойынша таным көкжиек­терін кеңейтті. 

Лагерьдегі балалар қазақтың тарихына сай ордаларға бөліну арқылы топтасып, әрқайсысы өз ұрандарын шығарды. Орда болып жарысып, түрлі байқаулар ұйым­дастырып, көшбасшылық қабілеттерін шыңдады. «Хор байқауы», «Мақал-мәтел сайысы» мен «Домбыра party» әлеуметтік желіде де қызу талқыланып, көпшіліктің жүрегінен орын тапты. Жарыстар легін «Қазақстан тарихы» жалғастырды. Этно­лагерь қатысушылары Қазақстан тарихы­нан білімдерін тексеріп, тест тапсырма­ларын орындады. 

Этнолагерьдің жабылу салтанатында сөз сөйлеген «Отандастар қоры» КеАҚ пре­зиденті Абзал Сапарбекұлы лагерьге қатысқан барлық оқушыға алғысын білдірді. 

«Міне, екі аптаға созылған жазғы этнолагерь өз мәресіне жетті. Табиғаты таңғажайып Бурабайда өткізген осынау демалыс бәріңе ерекше көңіл күй мен ұмытылмас мол әсер сыйлады деп ойлаймын. Әлемнің 8 мемлекетінен келген қазақтар бір-біріңмен танысып, бір үйдің баласындай болып кеттіңдер. Ең бастысы, әлемнің қай жерінде жүрсеңдер де, барлық қазақтың ұлы Отаны, арқа сүйер Атажұрты – Қазақ елі бар екенін сезіндіңдер деп білемін. Осы «Жас қазақ» жазғы этнолагерін ұйымдастырып отырған «Отандастар қоры» да мемлекет тарапынан осы мақсатта құрылған. Біздің қор осындай жазғы лагерьді үшінші рет ұйымдастырып отыр. Келесі жылы қатарымыз бұдан да көп болады деп ойлаймын», – деді ол өз сөзінде.

Кеш соңы қандас оқушылардың арнайы жабылу салтанатына әзірлеген қорытынды концертіне ұласты. Одан бөлек, Роза Бағланова атындағы «Қазақ­концерт» мемлекеттік ұйымы өнерпаздары әуезді әндері мен күмбірлеген күйлерін тарту етті. Бұдан соң барша бала бірігіп, «Қара жорға» биін биледі.

А.ҚАЗАҚ