Жақында Мемлекет басшысы қол қойған «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң қоғамда әлі де талқыланып жатыр.
«Қаржысынан айырудың өзі – қатал жаза» – Қайрат Балабиев
1,340
оқылды

Азаматтық қо­ғам өкілдері мен заңгерлердің арасында қызу тар­тыс­қа түскен заңның мақсаты мен міндетін заң шығарушы ор­ган өкілдері де біраз түсіндіріп берген болатын. Десе де, қоғам тарапынан сұралып отырған бірқатар сауал­ды Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» пар­тия­сы фракциясының мүшесі Қайрат Балабиевке қойып көрдік. 

– Біздің елде осы уақытқа дейін бай-бағландардың шетел асырған бай­лығын қайтару мәселесі жиі сөз болды. Тіпті, жемқорлыққа қатысты заңдарға толықтырулар мен түзетулер енгізілді. Ал бұл жолғы заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы заңның қандай маңыздылығы болып отыр? 

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Заңсыз иемде­лін­ген активтерді мемлекетке қай­тару туралы» заңға қол қойды. Заң­сыз шығарылған активтерді мем­лекетке қайтару – мәселесі бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Халықты Қазақстанның көптеген байлығын заңсыз иемденіп алғандар қызық­тырып әрі ашындырып жатқаны жасырын емес. 

Заңсыз активтерді қайтаруда не­гізінен азаматтық тәркілеу жүйе­сіне сүйенеді және бұл халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Мұнда ең үздік шетелдік тәжірибе қолда­нылады. Заң жобасын дайындау кезінде АҚШ, Канада, Германия, Ұлыбритания, Аустралия сияқты мемлекеттердің сот шеңберінде мүлікті азаматтық тәркілеу тәсілдері зерттелді. Оның мәнісі мынада: ак­тивтерді тәркілеу үшін заңсыз мүлік иесі өзінің лауазымы мен өкілет­тіктерін пайдаланып, активтерді заңсыз иемденіп алғанын немесе қылмыстық әрекетке қатысы барын дәлелдеуі тиіс. Азаматтық тәркілеу­дің қылмыстық және әкімшілік тәркілеуден айырмашылығы, ол мерзімі өтіп кетсе де қылмыстық жауапқа тартуда ескіру мерзім­дерімен шектелмейді. 

Азаматтық тәркілеу тәсілін Еу­ропаның Адам құқықтары жөніндегі комиссия кінәсіздік презум­пция­сына қайшы келмейтінін, сондай-ақ негізгі мүліктік құқықтарды бұз­байтынын мәлімдеген. Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару Заңы ел үшін игілікті құ­жаттың бірегейі екені анық. 

Заңның өзіне келетін болсақ, Парламент қабырғасында негізінен талқыланып, оны қос палата депу­тат­тары мақұлдады. Заңсыз ием­делінген активтерді мемлекетке қайтару – күрделі процестердің бірі, сондықтан активтерді ерікті немесе мәжбүрлі тәртіппен қайтарудың екі жолы қарастырылған. Біріншісі – заңсыз иемделінген активтерді ерік­ті түрде қайтару, ал екіншісі Рес­публиканың, шет мемлекеттердің сот актілері немесе шет мемлекет­тердің құзыретті органдарының шешімдері негізінде мәжбүрлі түрде жүзеге асырылуы мүмкін. Өз ер­кімен тапсырғандарға заңда белгі­ленген жеңілдіктер қолданылады, ал қаражатты жасыру сияқты заң­сыздықтарға баратын болса, онда барлық құқықбұзушылықтар негізге алынып, тергеу толық жүргізіледі. 

Қайтару тетіктері ірі сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және әкімшілік-билік ресурстары, бай­ланыстары, ықпалы бар адамдармен сыбайлас олигополиялық топтарға қолданылады. Сонымен қатар жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын субъектілерге, мемлекет­тік заңды тұлғаларға, квазимемле­кеттік сектор субъектілеріне, сон­дай-ақ аталған тұлғалармен аффи­лир­ленген субъектілерге қол­данылады. 

– ­Дұрыс қой, дегенмен біздің елде талай жылдан бері талқыланып келе жатқан табыс декларациясын енгізу әлі де шешімін таппай келеді. Бұл орайда олардың табысы қалай анық­талады? 

– Декларацияда субъектілер заң­ды тұлғаның кірістерін, актив­терін, жарғылық капиталына қатысу үлестерін, Қазақстандағы және шетелдегі қарыздарды, активтердің шығу тегі туралы өзге де мәліметтерді көрсетуге тиіс. Егер тұлға активтерді иемденудің заңдылығын растай алмаса, онда мұндай активтер шығу тегі түсініксіз активтер деп таны­лады. Заңсыз шығарылған активтер мониторинг және талдау барысында анықталады. Заңсыз иемденген­дердің тізімі жабық болғанымен, активтерді қайтару процесінің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Ол үшін арнайы комиссия жұмыс істейді. 

Уәкілетті орган тарапынан са­тып алынған активтердің заңды­лығына қатысты орынды күмән туындаса, ол активтерді қайтару жөніндегі Премьер-Министр жа­сақтаған, Парламент депутат­тарынан, қоғам қайраткерлерінен, Үкімет мүшелерінен, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларынан және өзге де тұлғалардан құралған комиссияға осындай субъектілер мен олардың үлестес тұлғаларын тиісті реестрге қосу туралы ұсы­ныстар енгізеді. Өз кезегінде комис­сия тұлғаларды реестрге енгізу туралы шешім қабылдайды. Сондай-ақ әлеуметтік, саяси және экономи­калық тұрақтылықты ескере оты­рып, активтерді қайтару жөніндегі алдағы шаралар туралы шешім қабылдайды. Комиссия адамдарды Реестрге енгізген жағ­дайда, уәкілетті орган бұл туралы оларды хабардар етеді және осы сәттен бастап тұл­ғалар активтерді иемденудің заңды­лығын растай отырып, активтер туралы деклара­цияны бір ай ішінде не 3 ай ішінде тапсыра алады. 

Заңсыз иемденгендердің тізімі жабық болғанымен, активтерді қайтару процесінің ашықтығы қам­тамасыз етіледі. Мемлекет пай­да­сына түскен активтер Қаржы ми­нистрлігіндегі қолма-қол ақшаны бақылау шоты саналатын Арнаулы мемлекеттік қорға беріледі. Қаражат Арнаулы мемлекеттік қордан әлеу­меттік-экономикалық жобаларды қаржыландыруға жұмсалады. Заң жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. 

– Заңсыз сатып алынған актив­терді мемлекетке қайтару туралы заң жобасының мақсаты түсінікті. Бірақ актив дегеннің өзін қарапайым тілмен дұрыстап түсіндіріп беріңізші. Бұл – халықтың табысынан жымқырыл­ған ақша ма, әлде бай-бағландардың елімізде тапқан табысын шетелде жасыруы ма? Заңсыз алынған ак­тивке нені жатқызуға болады?

– Заңсыз шығарылған актив­терге барлығы кіреді. Мүлік пен ақша, акция да бар. ЖШС-тің атына тіркеп, тыққан мүліктер, қаржыны да құқық қорғау органдарының қырағы көзінен құпия сақтау мүмкін емес. Тіпті, жасыру мақсатында өзінің табысын туыс-туғаны мен ағайындарына, әріптестері мен жолдастарына, жолдастарының достары атынан шетелге заңсыз шығарып жіберген барлық дүние-мүлік кіреді. Себебі заңсыз деген сол, оны кезінде олар халықтан да, мемлекеттен де жасырын ұрлап, қызмет бабын пайдаланып, астыға басқан ақша. Қазір прокуратура органдарына заңсыз иемденілген активтерді қайтаруды тапсырып отыр. Олар осы құжаттың норма­сына сәйкес заңсыз шығарылған соманы тексереді, кім көп ақша шығарғанын анықтап шешім қа­был­дайды. Заң ережелерін қолдану үшін заңда белгіленген шекті сомадан – 13 млн АЕК-тен асатын (44 млрд 850 млн теңге немесе шамамен 100 млн АҚШ доллары) активтері болуға тиіс. Активтерді қай­тару жұмыстарын жаңа құры­лымдағы арнаулы уәкілетті орган – Бас прокуратура ведомствосы жүзеге асырады. Егер осы көлемде ақша шығарғаны расталса, олар байлықты қалай тапқанын, тиын-тебеннің, дүние-мүлкінің есебін беруі тиіс. Салық төлегендері мұ­қият зерделенеді. Әрине, бұл қыруар жұмысты талап етеді. Дегенмен заңның әділ әрі жан-жақты жұмыс істеуі үшін құжат депутаттар тара­пынан мұқият талқыланды. 

– Активті қайтару азаматтық және қылмыстық істерге жатады және әдетте олардың ескіру мерзім­дері болады. Ендеше қолданыстағы заңнама активтердің тиімді қайта­рылуын қамтамасыз ете ала ма? 

– Орынды сұрақ қойдыңыз. Дәл осы қылмыстарды қарауда ескіру мерзімі деген болмайды. Осыдан 15-20 жыл бұрын шығарылған мүлік пен ақша болса да осы заң қолда­нылады. Тексеру жұмыстары жүреді. Салық декларациясын тапсырып, ақшаның қалай, қашан тапқанын дәлелдей алмаса, заңсыз табылған болып есептеледі. Бұл тексерістен мемлекетте үлкен қызметте істеген адамдар, квазимемлекеттік сектор­ларда басшылық қызметте істеген­дер, олардың қарапайым қызмет­керлері болса да заңсыз ақшалары болса тексеріледі. 

Ал тергеу жұмыстарын жүргізуде қандай да бір жіберілген кемшіліктер болса әлі де қосымша өзгерістер енгізуге толықтай мүмкіншілік бар. Бұл заң өз мерзімінде қабылданып, қолға алынған шара деп айтуға болады. Себебі халықтың талабын орындау алдыңғы кезекте атқары­луы тиіс шара. Ендігі жерде халық­тың қалтасына қол салғандар жа­уап­кершіліктен жалтарып кете алмайды. Қазақстанның келешегі үшін қабылданып отырған заң бүгін қабылданбаса, халықтың сенімсіз­дігі арта береді. Қайтарылған ақ­шаның барлығы әлеуметтік салаға жұмсалады. Ұрланған ақшаларды халықтың өз пайдасына пайдалану қажет. Осылайша, заңсыз иемденіл­ген активтерді қайтарып, экономи­ка­мыздың жұмыс істеуін алға жыл­жыту маңызды. Әліптің артын бақ­пай, байлықты жасырып қала­мын дейтіндер қатты қателеседі. Кезінде құқық қорғау саласында қызмет істегенім бар. Заң ғылым­дарының докторымын. Сондықтан дәл қазіргі сәтте халықтан жасыр­ғанды, құқық қорғау орган­дарының көзінен жасыру мүмкін емес. Себебі қазіргідей технология дамыған заманда кез келген ұр­лықты ашуға болады. Оның үстіне, қазір про­куратура органдарынан бөлек, тек­серу жұмысын қадағалап отыратын комиссия бар. Ол жерде Үкімет басшысының өзінен бастап депу­таттар мен зиялы қауым өкіл­дері, қоғамдық өкілдер заң дұрыс орын­далуын қадалап отырады.

Қазақстанда кезінде заңсыз ар­занға салынған стратегиялық ме­кемелерді де осы заң аясында қайта қарап, тексеріледі деп ойлаймын. Әсіресе, су, газ, халыққа бірінші қажетті стратегиялық маңызды мекемелердің жұмысын қайта тек­серу қажет. Расында, сенімді қай­тару қиын. Оңайлықпен адамдардың көзқарасын қалыптастыру оңай емес. Дегенмен қабылданған заң халықтың қажеттілігін өтеуге сеп­тігін тигізеді деп сенемін. Сол үшін уақыт ағымына сай заң қабылдаудан күдік іздемеген дұрыс. 

– Қабылданған құжат маңызды екені анық. Бірақ елдегі кейбір заң­герлер мен қоғам өкілдері судьялардың шешіміне күмәнмен қарайды.  Оның үстіне, заң нормалары нақты жазыл­маған, ауқымы тым кең деп санай­тындар бар. Алып-қосарыңыз бар ма? 

– Сот жүйесінде екі тарап бо­лады. Екі тараптың бір жағына оң шешім шығарылғанда, жеңілген екінші тарап соттың әділетсіз екендігін айтады. Бұл заңдылық. Бірақ қазіргі сот саласының қа­былдап жатқан шешімдерінің ара­сында заңсыз деп танылғандары өте аз. Шамамен 98-99 пайызы заңды шешім қабылдап отыр деп есеп­теймін. Сондықтан басқа елдің сот­тарын көтеріп, өзіміздің соттар­ды қаралай беру дұрыс болмайды. Бізде де білімді, әділетті, халық үшін еңбек етіп жүрген, Конституция заңдарын берік сақтайтын, сол жолда адал еңбек етіп жүрген сот, прокурор, құқық қорғау органдары қызметкерлері жетерлік. «Бір құ­малақ бір қарын майды шірітетін» фактілер болып жатыр. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ солай екен деп барлығына топырақ шашу да дұрыс емес. Басқа елдерде болғанда көріп жүрміз. Біздің мамандар, заңгерлер мен құқық қорғау қыз­меткерлері батыс елдеріндегі әріп­тестерден ешбір кем емес. Айлыққа күн көріп отырса да, антына адал­дық танытып, таза еңбек етіп жүрген сот саласының адамдары бар. Қабылданған заңның дұрыс жұмыс істеуіне сондай адал қызметкерлер себепші боларына сенімім мол. 

– Сіз «өз еркімен қайтарса» деп айтып отырсыз. Яғни Қазақстанда мүлікті иесі өз еркімен қайтарса, қылмыстық іс қозғалмайды. Сонда мем­лекет мүлкін заңсыз жолмен алған адам, яғни жемқор жауап­кершіліктен босап кете ме?

– Өзекті сұрақ қойып отырсыз. Алайда шетел асырған ақшасын қайтарып жатса, олар үшін осының өзі қылмыстық жауапкершілікке тартылғанмен бірдей. Себебі ба­рынан, осы уақытқа дейін жиған-тергенін, тыққан мал-мүлкінен, қаржысынан айырылу қатал жаза деп ойлаймын. Бүгінгі мақсат – халықтың әл-ауқатын күшейту, ұрланған ақшаны игілікті іске жұмсау. Ал егер өз еркімен қайтар­маса, сотқа талап-арыз беру арқылы, құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап қайтартуға толық мүм­кіншілік бар. 

Сұхбаттасқан 

Жадыра МҮСІЛІМ