Жыл сайын еліміздің батыс облыстары Наурыз мейрамын тойлауды ертерек бастайды. Айтып отырғанымыз – 14 наурызда өтетін Амал мерекесі. Бірі білсе, бірі біле бермейтін атаулы мерекенің түп қазығы қай кезеңде қағылған? Нендей мәні бар? Бұл тақырыпқа үңілуді жөн көрген себебіміз – Амал мерекесі бұдан былай жалпыхалықтық мерекеге айналуы мүмкін.
Дүниенің жаңаруы
Батыс өңірдегі ағайын Амал мерекесін асыға күтеді деп айтсақ артық емес. Амал мерекесі, яғни көрісу күні ілкіде көшпенділер тұрмысында болғаны анық. Қыстағы қалың қардан ағайын-туыстың арасы алыстап, көктем шыға көріскен жұртшылық «бір жасыңызбен» деп төс қағыстырып, құттықтайтын болған-ды. Яғни, Амал мерекесі дүниенің жаңаратын уағы, ұғынықты тілмен айтсақ – қазақтың жаңа жылы.
Әдеттегі Наурыз мейрамынан бөлек, бұл мерекенің маңызы қандай? Бұл тұста жорамал да жетерлік. «Еліміздің батысында ауа райы жылы болғандықтан көктем ерте келеді» деп Амал мерекесінің күнтізбедегі орнын түсіндіруге тырысатындар бар. Алайда Амал мерекесін тойлататын Батыс Қазақстан облысының қысы қатты екенін, сәуір өтпей қар кетпейтінін ескерсек, бұл мерекенің ерте өту себебін ауа райының әсерінен деп топшыласақ, жаңылысқан болар едік.
Маңғыстау жұртшылығының басым бөлігі Амал мерекесін Отпантауда қарсы алады. Мереке қарсаңында «Амалдың алауын» аталас ұлыстар бір-біріне табыстап, ауызбіршіліктің жоралғысына балайды.
– Амал мерекесін көбі көрісу деп атап жатады. Өз басым көрісу деп айта алмас едім. Амал – қазақтың жаңа жылы. Бала кезімізде ақсақалдар бір-бірін «жасыңызбен» деп құттықтап жататын. Осы көрген тәрбиенің нышаны Амал жылдың басы екенін айғақтап тұрғандай. Бастысы – ағайынды бірлікте ұстайтын мереке екенін ұмытпағанымыз жөн. Себебі төс қағыстырып, құттықтап барған адамның өкпе-реніші кешіретін болған, – дейді «Отпан» тарихи-мәдени кешені экскурсия бөлімінің жетекшісі Жомарт Айдарбек.
Маңғыстау мен Атырау облысында Амал мерекесін тегіс атап өтеді. Ал Батыс Қазақстан, Ақтөбе облысының басым бөлігі тойлайтын бұл мерекені көршілес Ресейдің Астрахан, Саратов, Орынбор өлкесіндегі қазақтар және Қарақалпақстанның қазақтар көп қоныстанған өңірлері де тойлайды екен. Амал мерекесі бір күн ғана өтетін той болмаған, 14 наурызда басталған мереке айдың соңына дейін жалғасқан.
Көне заман не дейді?
Ежелде қариялар 22 наурызды «қызылбастың наурызы» деп атаған екен. «Наурыз» сөзі – парсы тілінде «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Қазақ халқы наурыз айын «Амал» деген. Кеңес Одағы кезінде Амал мерекесі еліміздің көптеген аймағында ұмытылған. Әйтпесе, күллі қазақ күні кешеге дейін Амал мерекесін тойлап келген екен. Оған дәлел ретінде Абайдың «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып...» деген өлең жолдарын келтірсек болады. Ол аз десеңіз Шәкәрім қажының баласы Ахаттың естелігінде «14 март – ескіше 1 март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл фарсы тілі, «жаңа күн» деген сөз» дейді. Шығыс елдерінің (шәмси) күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы саналады. Хамал – Тоқты шоқжұлдызының көне парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген кезде Тоқты шоқжұлдызы туады. Ертеде қазақ бұл күнді «наурыз» демей «амал» деген. Бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес болып тұр. «Көрісудің» екінші атауы «Амал» болуының сыры осында сыңайлы. Ал «Көрісу» деп аталып кеткен себебі осы Амал мерекесінде жасалатын басты салт – көптен көрмеген жақын адамдардың кездесіп, көрісуі, өкпе-ренішке байланысты бет көріспей жүрген кісілердің кешірісіп, татуласынан туғанға ұқсайды.
Ал Маңғыстау өңірінде Амал мерекесіне қатысты аңыздар басқаша өрбиді. Адайлар Маңғыстау түбегіндегі қыстауына қонғанда көктем ерте келіп, дәл осы 14 наурыз күні жайлауға қайтып келген екен. Жақсылықтың құрметіне балаған жұртшылық содан бері Амал мерекесін тойлап бастапты. Осы секілді көне әңгімелер легін тізе берсек дастан құрауға тұрарлық. Дегенмен Амал мерекесін ел болып тойлау жайына этнограф мамандардың пікірін сұрауды жөн көрдік.
– Жалпы, Наурыз мейрамы дегенде «Әз Наурыз» сөзінің төркініне үңілгеніміз жөн. «Әз» сөзі қазақта адамға қарата айтылғанда сыйлы, мәртебелі деген мағына береді. Сондай-ақ «Әз амалы» деген сөз де бар. Күн мен түн теңелгенде Әз күні болды дейміз. Батыс өңірлерде 14 наурыз – Әз амалы болып есептеледі. Ежелгі Нұқ пайғамбар заманындағы риуаяттарда 14 наурыз бен 24 наурыз аралығы көктің есігі ашылып, көктем келетіні жазылған. Осы күндер аралығында қазақ халқы әр үйді Қыдыр ата (бақ) аралап жүреді деп иланған. Наурыз көжемізді ол заманда «Тілеу көже» деп атаған. Ауыл адамдары әр үйге қонаққа барып, төс қағыстырып, бір-біріне тілек айтқан. Сондықтан 14 наурызда Амал мерекесін тойлатудың артығы жоқ. Көктем мезгілі қонақтай бастайтын сәт дәл осы күн болып тұр, – деді этнограф Болат Бопайұлы.
Бұл күні ертедегі көшпенділер ескі киім-кешек пен көнерген заттарын өртейтін болған екен. Үй ішін әсемдеп, алдағы мен арттағы, оң жағы мен сол беткейде отырған қырық үйге бас сұққан. Дастарқанға төрт түрлі дәнді дақыл қойылып, ел ырысы тасығанын тілеген. Құдды қазір біз тойлатып жүрген жаңа жыл мейрамы іспетті. Жаңа жыл демекші, этнограф Жамбыл Артықбаев түбі қазақтың жаңа жылы наурыз айында тойлану керегін айтып отыр.
– Наурыз мерекесі неолит дәуірінде, яғни тас дәуірінде, біздің заманымызға дейінгі 7-6 мыңжылдықтардан бері бар. Бұл мереке жайлы қажет десеңіз көне адамзат аңыздарында, Інжілдегі Нұқ пайғамбардың оқиғасында да айтылады. Діни мейрам дегені желеу ғана, Кеңес Одағы заманында ұлттық болмысқа қарсы күрес қатты жүрді. Сол себепті дінді сылтау етіп ұлттық болмыстан айырды. Наурыз – салт-дәстүрді түгендеу емес, тірілту. Бұрын да айтып келдік. Амал мерекесін өз басым құптаймын. Бұл тұста батыс өңірін бөлудің қажеті жоқ. Амал – қазаққа ортақ той. 14 наурыз бен 22 наурыз арасы – көктем қонақтайтын шақ. Яғни, жер дүниенің жаңарар сәті. «Наурыздың келгенін судағы балық та сезеді» деген сөз бар. Самарқанның көк тасы жаңа жылда жібиді деген – осы, – деп тарқатты тарихшы-этнограф.
Түйін: Бірлікке ұйытар мерекенің көптігінен кереге құлап қалмайды. Аңғарғанымыздай, Амал мерекесі мен Наурыз мейрамы – екі бөлек қуаныш, ұйытар игі ісі бір. Алғашқысы, байырғы бабалар иланып, көне аңыз айғақтаған жаңа жыл болса, екіншісі күн мен түн теңескен, жер жібіген киелі шақ. Амал – бүтін елдің ортақ мерекесі.Мадияр ТӨЛЕУ