ІІМ өкілі Қазақстанда тіркелмеген көліктерге қатысты үндеу жариялады.
Қазақстанда заңдастырылмаған көліктерді уақытша тіркеу басталды
4,153
оқылды

Көлік иесі машинасын 5 жылға уақытша тіркей алады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ішкі істер министрлігі 17 шілдеден бастап бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылмаған немесе шектеулерге байланысты заңдастырылмаған, 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен Қазақстанға әкелінген автокөліктерді бес жылға уақытша тіркеуді бастады. Polisia.kz-тің дерегінше, азаматтарға автокөлігін заңдастыру үшін уақыт беріліп отыр. 

Уақытша тіркеу үшін көлік құралдарының иелері «уақытша тіркеу» тізіміне автокөліктің VIN-кодын енгізу үшін өтінішпен және растайтын құжаттарымен Әкімшілік полиция басқармасының процессингтік орталығына жүгінуі қажет. 

«Уақытша тіркеу» тізіміне енгізгеннен кейін көлік құралының иесі электронды үкімет порталы арқылы көлікті тіркеуге өтінім береді. Содан кейін 10 минут ішінде автоматты түрде тексеру жүзеге асырылады. 

Оң нәтиже болған жағдайда көлік иесінің жеке кабинетіне сәтті тексеру туралы және Мемлекеттік корпорация жанындағы тексеру пунктіне көлік құралын ұсыну қажеттігі туралы хабарлама жіберіледі. 

Тексеру пунктінде криминалист 15 минут ішінде көлік құралының нөмірлік агрегаттарын салыстырып тексереді. Тексеру нәтижелері дұрыс болған кезде көлік иесі электронды кезекпен Мемлекеттік корпорация қызметкеріне автокөлікті тіркеуге құжаттарды тапсыру үшін жолданады. Ол жерде мемлекеттік нөмір (9 660 тг) мен мемлекеттік тіркеу құжаты (4 313 тг) үшін мемлекеттік баж салығын төлеп,  көлік құралын бес жылға тіркеу, сонымен қатар көрсетілген мерзім өткеннен кейін оны кері әкету туралы міндеттемеге қол қояды. 

«Тіркеу құжаттарының түпнұсқалары және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері көлік құралының тіркелген жері бойынша Мемлекеттік корпорация филиалында уақытша тіркеу мерзімі өткенге дейін сақталады», – деді ҚР ІІМ ӘПК басқарма бастығы орынбасарының міндетін атқарушы Алтынбек Жамалиев. 

Тіркеу туралы куәліктің айрықша белгісінде Қазақстаннан тыс жерлерге шығу және иеліктен шығару құқығынсыз деген жазба, тіркеудің қолданылу мерзімі, сондай-ақ автокөліктің бұрынғы шетелдік иесінің деректері көрсетіледі. Уақытша есепке алу мерзімі өткеннен кейін көлік құралына қатысты мемлекеттік тіркеу автоматты түрде тоқтатылады. 

Егер Қазақстан азаматтары аталған автокөліктерді елден тыс жерлерге әкетуге шешім қабылдаса, олар Қазақстанның тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлерін тапсыруға тиіс.

Содан кейін оларға шет мемлекеттің тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлері қайтарылатын болады. Егер автокөліктер бұрынғы тіркелген елінде есептен шығарылса және қазақстандықтар оларды елде тіркеуді жүзеге асыру туралы шешім қабылдаса, онда олар 200 000 теңге бастапқы тіркеу алымын төлеп, утилизациялық алымсыз көлігін заңдастыра алады.