Елде ауылды аймақтарды дамыту халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында «AMANAT» партиясы қолға алған бірнеше бағдарлама Ақмола облысында сәтті жүзеге асып келеді.
Сәтті жүзеге асқан жобалар
1,129
оқылды

Әсіресе, «Ауыл Аманаты» бағдар­ла­масы бойынша ауылдағы ағайын­ның табысын арттыру мақса­тында өңірде 1,2 млрд теңге сомасында қар­жы бөлінген. Бұл қаржыға өңірдің ауыл­ды аймақтарында жаңа бизнес-жо­баларды ашу және қолда бар бизнесті кеңейту үшін 250-ге жуық кәсіп ашуға бел буған азаматқа қарыз беру және жаңа­дан 265 жаңа жұмыс орнын ашу көз­деліпті. Әрбір адамға берілетін қарыз со­масы шамамен 4,8 миллион теңге кө­ле­мінде болмақ. 

Бұл мақсатта осыған дейін бірнеше бағ­дарламаның жүзеге асырылуына мұрындық болған KOKSHE әлеу­мет­тік-кәсіпкерлік корпорациясы таңдап алын­ған. Бағдарламаларды ұйымдас­тыру­шылардың мәліметінше, жылдық пайы­зы 2,5 пайыздан аспайтын шағын не­сие беру мерзімі 5 жылға, егер мал шаруа­шылығы саласында болса 7 жылға берілмек. Шағын несиенің ең жоғары кө­лемі 2,5 мың айлық есептік көрсеткіш­ке дейін, яғни 8,6 миллион теңгеге дейін болмақ. 

Ауылды аймақта кәсіп ашуға ниет­тен­ген азаматтар үшін шағын несиелеу етті және сүтті мал шаруашылығы, жыл­қы және қой өсіру кәсібін дамыту, кө­кө­ніс егу сияқты ауыл шаруашылығының бар­лық түрлері қамтылмақ. Бағдар­ла­ма­ның тиімді жүзеге асырылуын қамта­ма­сыз ету үшін облыстың әр ауданында құра­мына аудан әкімінің орынбасарлары ауылдық округ әкімдері, «AMANAT» пар­­тиясы, ауыл шаруашылығы, жер қа­ты­настары, кәсіпкерлер палатасы, сәу­лет және қала құрылысы, «Азаматтарға ар­­налған үкімет» мемлекеттік корпо­ра­ция­сының өкілдерінен құралған жұмыс топтары құрылған. 

«Ауыл Аманаты» партиялық жо­ба­сының жүзеге асырылу сапасын ба­қы­лау мақсатында бағдарламаның орын­далуы «AMANAT» партиясының «Ха­лық­пен бірге» сайлауалды бағдарлама­сы­ның Жол картасына кірген. Жалпы, өңір­де 2023-2027 жылдар аралығында атал­ған бағдарлама бойынша 9,3 мил­лард теңге сомасында қаржы бөліп, 1 147 шағын несие беру және 1 216 жаңа жұ­мыс орнын құру жоспарланыпты. 

Облыста партияның «Құқықтық кө­мек» жобасы бойынша да жүйе­лі жұмыс жүр­гізілгені байқалады. Тек осы жылдың ал­ғаш­қы жарты жыл­ды­ғында ғана пар­тияның қоғамдық қа­былдауына 1 459 өтініш түсіп, оның 57 пайы­зы оң шешімін тапқан. Қалған 41 пайы­зы бойынша түсіндіру жұмыстары жүр­гізілсе, 2 пайызының орындалуы пар­тия­ның тікелей бақылауына алынған. 

Партия филиалының мәліме­тін­ше, түскен арыз-шағымдардың ба­сым бөлігі, яғни 38 пайызы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәсе­ле­лері бойынша болған. Мұнымен қоса, тұр­ғындарды электрмен қамту, ауызсу, елді мекендерді абаттандыру, жылумен қамту мәселелері алаңдатады. Әлеумет­тік қамту, материалдық көмек беру, мү­ге­дектігі бойынша жәрдемақы алу сияқ­ты өтініштер де көбейген. Аталған өті­ніш­­тердің 75 пайызы оң шешімін тауып­ты.

Халықтың құқықтық көмек беру мақ­­сатында тақырыптық қабылдаулар ұйым­дастырылып, апта сайын заңгерлер, нотариустар мен адвокаттардың қатысуы­мен қабылдаулар өткізілген. Жалпы, «Заңгерлік көмек» жобасы аясында 53 қабылдау өткізіліп, нәтижесінде 99 аза­мат­қа консультативтік көмек көрсетіл­ген. Сондай-ақ жоба шеңберінде 95 рет көшпелі қоғамдық қабылдау өт­кізіліп, 175 адам қабылданған. Партия филиалының қоғамдық қабылдауының же­текшісі тұрғындар тарапынан түсін­беушіліктердің де болып жататынын жасырмады. 

– Мемлекеттік тұрғын үй қорынан аза­маттарды тұрғын үймен қамту небәрі 8 пайызды ғана құрайды. Адамдарға пар­тияның заң аясында ғана жұмыс іс­тей­т­інін түсіндіру қиынға соғады. Сон­дық­тан уақытша шараларды іздеуге ты­рысамыз. Өңірдің әр ауданында қо­ғамдық қабылдаулар қызмет етеді. Біздің негізгі міндетіміз - азаматтардың өті­ніш­теріне дереу үн қатып, мәселенің ше­шілуіне көмектесу. Қа­зір өтініштерді бақылаудың электрон­ды жүйесі де жұмыс істеп тұр. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан аза­мат­тардың құқықтары бұзылып, қағаз­бас­ты­лыққа жол берілсе, мәселе партияның ба­қылау комиссиясына тапсырылып, олар оқиға орнына барып,  партиялық жауап­кершілік туралы шешім қабыл­дай­ды. Ешқандай өтініштер қараусыз қал­ды­рылған жоқ. Өтініштер онлайн және оф­лайн түрде де қабылданады, – дейді «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық фи­лиалының қоғамдық қабылдау мең­геру­шісі Ақманат Әлімбетова. 

Партияның қоғамдық қабылдауына түскен арыз-шағымдардың бірқатары де­меушілердің көмегі есебінен шеші­ліп жататыны да анықталды. Мәселен, Бұланды ауданы партиялық филиалы­ның қоғамдық қабылдауына келген Воро­бьевка селосының тұрғыны Татьяна Шев­ченконың айтуынша, 60-қа жуық бала тұратын ауылда бірде-бір спорт жә­не балалар ойын алаңы жоқ. Партия фи­лиалының төрағасы Раушан Хожа­бай­дың ықпалымен ABU-Agro ЖШС-ның басшысы Өміржан Байғалиев өз есе­бінен 20 миллион теңге сомасына ба­лалар ойынын және спорт алаңын ор­на­тып берген. Жылдар бойы қорда­лан­ған мәселелері шешімін тапқан аза­маттар партия қатарына өтуге де ниет­терін білдіріп, 75 адам партия қатарына мү­шелікке қабылданған. 

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсетуге бағыт­талған «Кедергісіз келешек» партиялық жобасының орындалуында да бірталай маңызды істердің басы қайырылған. 

Партия филиалының мәліметінше, ерек­ше қажеттіліктері бар адамдарды то­лықтай бейімдеуді қамтамасыз ету үшін 192 әлеуметтік инфрақұрылымда жұ­мыс жүргізу жоспарланған. 1 маусым­да партияның «Халықпен бірге» сай­лауал­ды бағдарламасы шеңберінде көру, есту, тірек-қимыл жүйесі бұзылған кем­бағал балаларға қайырымдылық шара ұйымдастырылған. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасымен Сарыарқа ша­ғынауданында республикалық бюд­жет есебінен 150 орындық мүгедектерді оңал­ту орталығының құрылысына жоба­лық-сметалық құжаттама әзірленіпті. Бұған қоса, әлеуметтік және көліктік инф­рақұрылымның 94 нысаны бейім­дел­гені анықталды. 

Жалпы, партиялық жобалардың жү­зе­ге асырылуы өңірдің әлеуметтік-эко­но­микалық дамуына да тың серпін бер­­­гені байқалады. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы