Бүгінде көл жағасынан жағажай қызметі қалыптасып, жаз мезгілінде таптырмас демалыс орнына айналып отыр.
Дерекке сүйенсек, Қамбаш көлі Арал теңізінен 2000 жыл бұрын пайда болғаны айтылады. Сырдария алабындағы ірі көл күре жолдың бойында орналасқан. Яғни, бүгінде көл маңынан «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» халықаралық автожолы өтеді. Осы арқылы көл жағажайын туристік аймаққа айналдыруға мүмкіндік зор.
Көл ежелден атакәсіптің желкенін керіп, балық шаруашылығын өрістетуге қолайлы болған деседі. Байырғы балықшылардың айтуынша, мұнда сазан, шортан, алабұға, тіпті алып жайын балығы да кездесіп жатады. Көл суының тұздылығы, одан ауланған балықтарға деген сұранысты арттыра түседі. Себебі көлден ауланған су маржаны дәмділігімен ерекшеленеді.
Көнекөздердің көл төңірегінде айтқан аңыз әңгімелері өз алдына бір төбе. Ауыл аумағында ХІХ ғасырдың басында ұсталар Жанқожа батырдың сарбаздарына арнап қару-жарақ дайындағаны жайында айтылады.
«Ел басына күн туған жаугершілік заманда халқын найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған хас батырлар аз болмаған. Соның ішінде Хиуа хандығына қарсы жорықта Сыр қазақтарының басын қосып, жер үшін шайқаста жанкештілік танытқан Жанқоша бабамыздың ерлігі ерен. Сол заманда ауыл маңындағы төбешікте ұсталар батырдың сарбаздарына арнап соғыс құралдарын дайындағаны жайында аңыз әңгіме бар. Бүгінде ол орынды Темірші төбесі деп атайды. Негізінен, 1904 жылы Қамыстыбас ауылы Темірші деп аталғаны жөнінде тарихи дерек кездеседі. Ал ұсталар дайындаған қару-жарақтар кейіннен орыс отаршылдарына пайдаланылса керек», – деп ел аузынан тараған есті әңгімесімен бөлісті ауыл тұрғыны Ермекқара Дабылов.
Тарих парақтарына үңілсек, 1904–1905 жылдары орыс отаршылдары Орынбор–Ташкент теміржолының ашылуына байланысты іргесіндегі ауылды Қамыстыбас деп атап кеткені де айтылады. Сол заманда көлдің берекесі тасып, елдің ырзық-несібесі артқан екен.
Сонымен қатар Қамбаш көлінде ертеректе алып жайын балығы тіршілік еткен көрінеді. Бұл туралы Арал аумағын зерттеуде көп еңбек сіңірген ғалым Л.Бергтің жазбаларынан кезіктіруге болады. Сондай мәліметтің біріне тоқталар болсақ, бір кездері Сырдарияның төменгі ағысы мен Әмударияның Зарафшанға дейінгі аумағында жайын балығының көптеп кездескені жазылған. Жайындар ірілі-ұсақты балықтар мен жәндіктерді жұту үшін Арал теңізінің құяр сағасында қаз-қатар тізбектеліп жататын болған. Жыртқыш балықтар тіпті адамды жұтып жіберуден де тайсалмайтын құдіретке ие болыпты-мыс.
«Ел аузынан тараған әңгімеде ертеде Сыр өңірін жолбарыстар мекендегені жайында жиі айтылады. Бірде Қамбаш көлі жағасынан жолбарыстың күшігін алып жайын жұтып қойыпты. Аналық жолбарыс баласының кегін қайтару үшін ұзақ уақыт көл жағасын торуылдап жүрген екен. Сол заманда көлдің жағасына ну қамыс өсіп тұрады. Ақыры, бірде жолбарыс осы қамыстың арасында жасырынып жатып, жағаға жақындаған жайынға бас салып, құйрығынан тістеп өлтіріп, бойын кернеген кегін қайтарыпты деген аңыз әңгіме бар. Ал көлде жайын балығының тіршілік еткенін күні кешеге дейін өз көзімізбен көрдік. Көлден бір түйеге жүк боларлық алып жайындар талай ауланды», – деп еске алады бұл жайында Арал өңірінің тұрғыны Тағыберген Жалғасбаев.
Қазір жағажай қызметі қалыптасқан Қамбаш көліне елімізбен қатар, көршілес Ресейден келетін туристер қатары аз емес. Дейтұрғанмен, ауыл халқы соңғы жылдары көлдің бірнеше мәрте тартылып, қайта қалпына келгенін айтып отыр. Ең өкініштісі, көлдегі су маржанының саны жыл санап кеміп бара жатқанын алға тартады.
«Көлде соңғы жылдары балық тұқымы азайып барады. Балықшылар қауымы көлден нәпақасын таппай, Кіші Аралға барып, ау салып жүр. Себебі бұрынғыдай балықтың өсіп, жетілуіне ешқандай жағдай жасалмай келеді. Уылдырық шашатын кезеңде де еш тосқауыл жоқ. Соның салдарынан заңсыз балық ауланып, майда шабақтарға дейін сүзіп алып жатыр. Көлде әлі күнге дейін жайындар мекендейді. Бірақ ертеректе ел аузында ай ылған алып жыртқыш балықты кезіктірмейсің. Бәрі майдаланып кеткен», – деп мұңын шағады Ермекқара ақсақал.
Ауыл тұрғындарының Қамбаш көлі жайында осы секілді аңыз әңгімелері мен қызықты деректері аз емес. Ырыс-берекесі артқан құтты мекенжайында тарихи мәліметтер облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен Арал музейінде де көптеп кездеседі.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы