Қазір балалар бәріне үлгеруге тырысады. Мұны Оқушылар сарайына барғанымда байқадым. Қасымда кезек күтіп отырған 6-сынып оқушысы күн тәртібімен бөлісті. Қайран қалдым. Ол бір аптаның ішінде сабақ оқып, 4 үйірмеге қатысып, қарындасын жүзуге апарып үлгереді. Бірден «ойнауға уақытың бар ма?» деп сұрадым. Жауабын естігенде «бала уақытын ұрлап жүрміз бе?» деген сұрақ ойға оралды.
Бағдаулет таңғы 7-де тұрып, сағат 9-дағы еркін күреске үлгеруге тырысады. Еркін күрестен шыққан соң домбыра үйірмесіне қатысады. Cодан кейін «Артем» базары маңында орналасқан үйіне барып, түскі асын ішер-ішпестен мектепке асығады. Одан қалса, «Абай әлемі» үйірмесі күтіп тұр. Сенбі-жексенбі күні де бос емес. Домбыраны арқалап сарайға келіп, шыныққан соң 17:30-ға дейін қарындасын күтеді. Сол бос уақытында «Жыраулар поэзиясын» жаттайды. Наурыз айында жарысқа қатысуы мүмкін екен. Достарымен ойнауға анда-санда уақыт табады. Бірақ өзіне осындай кесте ұнайды екен.
Қатысып жүрген үйірмелеріне қарап, өз еркімен әлде ата-ананың «ұсынысымен» таңдау жасағанын сұрадым. Домбыра үйірмесіне қатысқанын анасы қалапты. Күреске барамын деп сарайға келгенінде еркін күресте орын болғасын топқа қосылыпты. Қазір екеуіне де дән риза. Күй шертіп, түрлі әдіс-тәсіл меңгергенін мақтаныш көреді. Әзірге күрестен жүлде түспепті.
Бұдан бөлек, тіркеу бөлімінде анасына сурет салуға емес, керамика үйірмесіне барғысы келетінін айтып жыларман болған қызды кездестірдім. Ал анасы болса, екінші қызын қай үйірмеге жазатынын жоспарлап, өзіне қажетін түртіп алды. «Ата-ананың таңдау жасағаны дұрыс па?» деп директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мақпал Кәрібекқызынан сұрағанымда, тіл үйрену курсына келгенде ғана ата-ана баласын мәжбүрлейтінін айтты. Ал былайынша оқушы өз еркімен жазылады. Сонымен қоса мектеп бағдарламасына қатысты курсқа ата-ана ықпал етеді екен. Оның айтуынша, қазір баланы бірдеңеге мәжбүрлеу оңай емес. Бәрібір ол дегенін істеуге тырысады, күш салады. Кеңес уақытындағыдай ата-ана «мұғалім не дәрігер боласың» деп кесіп айтпайды.
БАЛАҒА ТАҢДАУ ҚҰҚЫН БЕРГЕН ДҰРЫС ПА?
Иә, бұл жайында психолог Рауан Нұрғалиқызы да баланың ішкі дүниесін тану маңызды екенін алға тартты. «Біріншіден, балаға таңдау берген дұрыс. Кейде баланың өзіндік инициативасы жоқ болуы мүмкін. Мұндай жағдайда оны кез келген дүниеге қызықтыра білуі керек. Баланың әлі өмірге көзқарасы, түсінігі, пайымы қалыптаспағандықтан, оны дамыту – ата-ананың парызы. Дамыту дегеніміз не? Алдымен жан-жақты таныстыру керек. Әлі қуыршақ театрына барып көрмеген бала театрға қызығушылығы бар екенін білмеуі мүмкін. Сондықтан әуелі баланың қабілетін байқау қажет. Ол нені сүйеді, жақсы көреді, қызығады, байқаған жөн. Не нәрсені көрсеткенде көзі жайнап кетеді, жан сарайы ашылады? Мәселен, ол әуен ырғағына ілесе билеуді ұнататын шығар. Немесе күні бойы ән шырқауды дағдыға айналдырған болар?» дейді ол.
Расымен де, баланың ішкі қалауымен санасқан жөн. Бірақ оның келешегіне жол ашу – ата-ананың жұмысы. Бағыт беру арқылы ішкі талантты оятуға болады-мыс. Батыс психологтары көбінесе баланы 2 бағытта үйірмеге беруді ұсынады. Біріншіден, міндетті түрде спортпен шұғылдануы тиіс. Өйткені жасынан спортты серік еткен бала жерде қалмайды. Екіншіден, өзін қызықтыратын дүниені меңгерту. Мәселен, ол робототехника болуы мүмкін әлде сурет өнері. Маңыздысы – баланың бос уақытын тиімді пайдалануы. Сонда ол болашақта «бос жүргендердің» қатарын толықтырмайды.
ӘДЕТ ПЕН ТӘРТІП
2016 жылы Ким Кардашян қызы Норттың күн тәртібін әлеуметтік желіде жариялады. Қарасаңыз, ол таңғы 6:30-да оянып, кеші 20:00-де ұйқыға жатады. Сондағысы бір күнде ата-анасымен тілдесуге 1 сағатын, демалуға 45 минутын арнайды. Уақытының көп бөлігін тіл үйренуге, кітап оқуға, спортпен айналысуға, дизайнер курсы мен актерлік шеберлік сағатына жұмсайды. Әрине, қуыршақпен ойнауға уақыты бар. Бірақ сіз бен біз ойнағандай емес. Ол осыған бөлінген 30 минут ішінде ойыншығына дизайнерлік киім ойлап табуы керек. Компьютерлік білімге де айрықша назар аударады. Сән блогын қалай жүргізетінін үйретеді. Бір сөзбен айтқанда, Кимнің қызы болашақта «жерде қалмайды».
Нәтижесін уақыт көрсетті. Қазір Норт ағылшын тілінен бөлек, французша жақсы сөйлейді. Анасы сияқты әдемі киініп, ән шырқайды. Ол 2018 жылы модель ретінде подиумда бағын сынады. Әкесімен баскетбол матчынан, түрлі жарыстан қалмайды. Айтпақшы, біз әңгімеге арқау еткен Норт Уэст – 6 жаста.
Баланың әр күнін жоспарлап, келешегіне бал ашқан қаншалықты тиімді? Психолог Рауан Нұрғалиқызының сөзінше, кей жағдайда бала икемі келіп тұрған нәрсені емес, басқа дүниені таңдауы мүмкін екен. Мұндай жасырын талантты аша білу керек. Яғни, ата-ананың баласы үшін ненің жақсы екенін білуі, соны шыңдау жолында күш салуы – қалыпты әрекет. Бірақ өзі бұрын қол жеткізе алмаған жетістікті баладан күту – дұрыс емес. Алайда баланы қалыпты графикке үйретудің де пайдасы бар.
Журналист әрі блогер Алена Водонаева осы тақырыпта жиі блог жазады. Оның ойынша, мектеп оқушысының бос уақыты жоқ болғаны жөн. Сонда ол талапты, ұқыпты әрі жеңімпаз болып өседі. Мәселен, ұлы Богдан таңертең мектепке, түстен кейін репетиторден ағылшын мен математиканы оқып, каллиграфияны меңгереді. Күреске қатысып, суда жүзумен шұғылданады. Сондай-ақ режиссерлік курс пен архитектура және сызу өнеріне барады. Журналистің пікірінше, ұлы аталғандарды меңгере отырып, өзінің өмірлік миссиясын айқындайды-мыс.
Мұндай мысал көп. Мәселен, Андрейдің күнтәртібі анасы Полина Гагаринаныкінен кем емес. Оқу, өнер мен спортты қатар алып жүрген баланың кейде анасымен ой бөлісуге уақыты жоқ екен. Шетелді былай қойғанда, елімізде де «мұрнына су жетпей жүрген» балалар бар.
Бала дамуына жұмсалған қаржы мен уақыт нәтижесі араға жыл салып білінеді. Осындай темір тәртіптің күшімен әлемді мойындатып отырғандар бар. Мәселен, кезінде Элизабет Тұрсынбаеваны ата-анасы мәнерлеп сырғанауға бермегенде, қазір ол төрт сальхов секірер ме еді? Тынымсыз дайындық пен өзін-өзі қадағалаудың арқасында Роналдуға әлем тамсанады. Жеңіске жеткендердің өміріне үңілсеңіз, тәртіп пен еңбектің тандемін байқайсыз. Яғни, 1 пайыз талант, қалғаны еңбек деген – ақиқат. Тек формулаға тәртіп пен әдетті енгізгенде нәтиже айқын көрінеді.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ