Депутаттар – «әскерде»

Мәжілістің Халықаралық істер, қор­ғаныс және қауіпсіздік коми­те­тінің мүшелері ҚР ҰҚК Шекара ака­демиясы курсанттарына арналған ла­герьде үш күннен бері оқу-жат­тығу жиынына қатысып жатыр.

Мәжіліс депутаттары Максим Ро­жин, Олжас Құспеков, Болат Керімбек жә­не Самат Нұртаза курсанттармен бір­ге апта бойы таудағы лагерьде тұрып, жат­тығады. Содан кейін депутаттар Қы­тай және Қырғызстанмен мемле­кет­тік шекараны қорғайтын болады. 

Депутаттар шекара әскерлері соңғы үл­гідегі техникамен жабдықталып, онда үз­діктердің үздіктері қызмет етуі керек деп есептейді. Өйткені еліміздің қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету бойынша ең күр­делі жауынгерлік міндеттерді күн сайын орындайтын – осы шекарашылар.

– Тәуелсіздік шекарадан басталады. Шекарашыларымыздың дайындығы жоғары, Отан игілігі үшін адал қызмет етуге дайын екенін көріп отырмыз. Биік таудағы шекараны қорғаудың қыр-сы­ры­­мен таныстық. Бұл өте күрделі де на­ғыз ерлерге лайық жұмыс. Лагерь ко­ман­­дада жұмылып жұмыс істеуге үйре­те­ді, – деді депутат Максим Рожин. 

Депутаттар курсанттармен бірге ша­тырларда тұрады. Таулы аймақта ерте тұ­рып, сапқа тұрып, тактикалық тап­сыр­малар мен жауынгерлік дайындықтан өте­ді. Олар тауға көтерілуді, толық қару-жа­рақпен бірнеше шақырымдық марш лақтыруды үйренеді.

– Күндіз ауа температурасы +32, түн­де +4 болатын таулардағы шатырлар­да тұру. Таңертеңгі сағат 6-да ояну, қо­лай­лы жағдайдың жоқтығы – осының бә­рі біздің шекарашылар жағдайы. Бұл са­бырлылыққа, төзімділікке тәр­бие­лей­ді. Әскердегі қызмет – ұлдарымызды ер-аза­мат қылып тәрбиелейтін пат­риот­тық орта. Жауапкершіліктің, тәртіптің не екенін түсінудің жалғыз жолы осы. Мүм­кіндігінше, жастарымыз осыдан өтуі керек, – дейді Олжас Құсбеков.

Жағдай мен тұрмыс-тіршілікті зер­де­леумен қатар, депутаттар әскери қыз­мет­шілермен әңгіме-дүкен құрып, ма­териалдық-техникалық қамтамасыз ету, еңбекақы және басқа да бірқатар жүйелі мәселелерді анықтады.

– Елордаға әр сарбаздың, әр офицер­дің мәселесін жеткіземіз. Күрделі проб­ле­малардың бірі – офицерлердің жала­қы­­­­сының төмендігі, орта есеппен 170-220 мың теңге. Бүгінгі нарықпен бұл өте аз. Тұрғын үй, әлеуметтік қамсыздандыру мә­селелері бар. Әрбір заставада тиісті тех­никалық құралдардың болуы маңыз­ды. Дрондар, заманауи қару-жарақ, кө­лік болуы керек, – дейді Мәжіліс депу­та­ты Самат Нұртаза. 

Жоба барысында депутаттар ұлттық қауіп­сіздік жүйесін жетілдіруге бағыт­тал­ған жаңа заңнамалық бастамалар мен шараларды, жастарды отансүйгіштікке тәр­биелеудегі тәсілдерді, сондай-ақ әс­кер­де қызмет ету жағдайларын жақсарту қажеттілігін зерделеуді көздеп отыр.