Осы тұрғыда әр азамат Отанға өз мүмкіндігінше қызмет етуге тиіс. Бұл идеяның түп негізі еліміздің әрбір азаматын отаншыл, жүрегінде ізгілік дәні егілген азат ойшыл, білімді, жаңашыл болуға үндейді.
Мемлекеттің басты капиталы адам болса, әр адамның азамат болып өсіп, қалыптасуының басты баспалдағы – отбасыдан басталатыны рас. 2013 жылдан бастап қыркүйек айының әр жексенбісінде елімізде Отбасы күні атап өтіледі. Бұл да елімізде отбасы құндылығының жойылмағанының көрінісі. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Бұл тұрғыда отбасы құндылықтарының алатын орны ерекше. Отбасы тәрбиесі – бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі. Отбасы – бала бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың қайнар бұлағы, бастауы. Әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастар жүйесін, салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тыйым сөздерді сіңіретін де отбасы. Осы тұрғыдан отбасын ұлттық құндылықтарды қалыптастыратын, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын ұлттық мәдениетті тәрбие арқылы тасымалдаушы орта ретінде қарастыруға болады.
Бүгін елі үшін қазақ өркениетін дамыту, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін, тағы басқа ұлттық құндылықтар аясында кеңейту – өзекті мәселенің бірі. Сондықтан алдымызда тұрған үлкен мақсат – ұлттық мұра құндылықтарын қазіргі таңның мәдени жетістіктерімен үйлестіру. Бұл тұрғыда отбасының беріктігі, ынтымағы мен бірлігінің алатын орны ерекше. Мемлекет саясаты да бұл ұғымға баса назар аударып келеді. Мәселен, 1995 жылы Қазақстан Президенті жанынан Отбасы, әйелдер және демографиялық саясат мәселесі бойынша кеңес құрылды. 1998 жылы бұл ұйым ресми түрде Қазақстан Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер ісі бойынша ұлттық комиссия болып өзгерді. Тиісінше, оның шекарасы мен алар орны кеңейді, құқықтық құзіреті өсті. Қазір комиссияның еліміздегі барлық облыста және Астана, Алматы қалаларында өкілдіктері бар. Ұлттық комиссияның отбасылық саясатты дамыту, ұрпаққа үлгілі тәрбие беру жөніндегі алдағы жылдарға арналған жоспары бекітіліп, өңірлерге таратылған. Соны негізге алып, облыстар өзінің өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып, іс-шаралар жоспарын жасап, тұрақты жұмыс істеуде. Сонымен бірге Қазақстанда Бала құқығы бойынша өкілетті институт құрылып, 2030 жылға дейінгі Отбасылық және гендерлік саясатқа қатысты тұжырымдамасы қабылданды. Ұлттық комиссияның ұлттық отбасыны насихаттау жөніндегі үлкен іс-шарасының бірі – «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы.
Бірақ соңғы жылдары қазақ ұлтының төл тарихында байқалып отырған отбасылық тәрбиедегі олқылықтар мен кемшіліктер ауқымы үлкен ұлттық мәселеге айналуда. Сол мәселердің бірі ретінде тіл тағдыры, ұлттық дәстүрлер мен ұлттық құндылықтарымыздың дұрыс сақталмауы алаңдатады. Мәселен, ана тілін, ата тарихын, мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрлерін білмейтін жастар, тастанды жетім балалар мен «қиын» балалар, отбасын құрмаған немесе ажырасқан жастар, ата-аналардың бала тәрбиесімен айналысуға жағдайы мен уақытының жетіспеуі секілді мәселелер бар.
Ұлттық статистика бюросының мына бір соңғы мәліметіне назар аударсақ, былтырғы қаңтар-желтоқсан айлары аралығында елімізде 128,5 мың жұп шаңырақ көтерсе, 17,7 мың отбасы ажырасқан екен. Қазір елімізде мыңдаған жалғызбасты ана бар екендігі де айтылып жүр. Бұл – алаңдатарлық көрсеткіш. Өткен бір жылда осы мәлімет бойынша 2021 жылдың 12 айымен салыстырғанда заңды некеге тұрғандар саны 8,4 пайызға азайған. Неке коэффициенті 1000 адамға 6,46 пайызды құрайды. Дегенмен ажырасу жағдайы да 2021 жылғы деңгейден 8,1% төмен болыпты. Әрине, отбасындағы ерлі-зайыптылардың ажырасуының азайғаны – қуантарлық жағдай. Бірақ бұл көрсеткіш біздің ел үшін тым көп болып есептеледі. Бұл мәселені шешудің ең тиімді жолы – қазақ халқының отбасындағы бала тәрбиесіндегі ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып тәрбие беру. Тәрбиелі білім – қазына, тәрбиесіз білім – қасірет екендігі баршамызға мәлім. Бұл тұрғыда отбасында ұлттық құндылықтардың жетіспеушілік салдарының барын айта кеткен жөн. Ал ұлттық құндылықтар дегеніміз не? Қарапайым тілмен айтқанда, ұлттық құндылықтар – белгілі бір ұлтқа, ұлт азаматына тән, адами қадір-қасиет, яғни ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтар. Оларға меймандостық, кісілік, сыйластық, имандылық, кішіпейілділік, салауаттылық, қайырымдылық, ізгілік, еркіндік, сыпайылық, мәдениеттілік сынды қасиеттер жатады.
Отбасылық құндылықтарды сақтау мен дамытуды тек қана мемлекеттік бағдарламаларға сүйенбей, ұлттық мүддені биік қоятын әрбір отбасы, әрбір азамат өзінің парызы деп есептеуі қажет. Сонда ғана әрбір отбасында өскен тәрбиелі, білімді ұрпағымыз еліміздің ертеңгі жарқын өмірін өз қолдарымен жасайтын болады.
Наурызбек САРША