Алакөл көлдер жүйесінің өз алдына жеке жатқан, сыры мол бір әлем екенін ел біледі. Ауданға қарасты Үйгентас аймағының да басқалардан артықшылығы жетіп артылады. Тауларында жанға керектінің бәрі бар. Өсімдіктің неше атасы осында өседі. Шыбық шаншысаң, дарақ болып өсетін құнарлы да, шынарлы өңір. Биіктерден ақтарыла ағатын асау өзендер өрнектеген аймақ астықтың да ең сапалы әрі өтімді түрлерін өсіруге аса қолайлы.
Бұл жолы біздің мақалаға осы бір берекелі болуға тиісті аудандағы түсінбестік түрткі болып отыр. Нақтырақ айтқанда, көлдің басты байлығы суға қатысты дау туындап, бұрындары бір үйдің баласындай болған, іс жүзінде басты мақсаттары да ортақ болып саналатын салалардың арасына салқындық кіріп, бұрындары аралас-құралас болған жандардың арасы ашылып кеткен. Барлығына балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған Сасықкөлдің Жетісу және Абай облыстары шекарасы тұсындағы көлшіктердің құрғап, 23 мың гектарлық аймақтағы экожүйенің көз алдымызда жоғалып бара жатқаны себеп.
Журналистік сапарларды айтпағанда, жыл сайын болмаса да жиі ат басын бұратын шығыстағы туған жерге автокөлікпен барғанда, Сасықкөлдің айнадай болып жарқырап, құс базары қайнап жататын үлкенді-кішілі көлшіктермен жалғастырып тұрған көпірге тоқтап, маңайдағы сұлулыққа сұқтанып, су құстарының қиқуына құлақ түріп, шолпылдаған балықтарды қызықтайтынбыз. Талдықорған – Өскемен автотрассасын қайтадан төсеу басталып, жұмыстар сол тұсқа жеткеннен бастап, сол көріністен айырыла бастаған едік. Кейінгі кездері жолдың шығысқа бара жатқандағы сол қапталындағы көлшіктер су алып, сол жақты мекендеген аң мен құс басқа жаққа ауып кетті.
Талдықорған – Өскемен тасжолына таяу орналасқан Сасықкөлге Қаракөл, Тентек және Ай өзендері құяды. Көл суы көпір арқылы тасжолдың келесі бетіндегі батпақты көлдерге баратын. Жергілікті жұрттың айтуына қарағанда, бұл баяғыдан осылай болған және ешқандай дау-дамай туындамаған. 2017 жылы Талдықорған – Қалбатау – Өскемен трассасын қайта жаңғырту қолға алынып, Сасықкөл мен көлшіктер арасын жалғаған арна уақытша жабылады. Жол жөндеушілер арнаны үлкен көлдің дәл сағасынан бір мәрте жауып, көпірдің бетонды тіректерін орналастырады да, көлшіктерге су жіберген соң қайта тоқтатады. Содан бері Сасықкөл мен 23 мың гектарға нәр берген балшықты көлшіктер арасындағы байланыс үзіліп, мұндағы флора мен фауна біртіндеп жойыла бастаған. Жергілікті тұрғындар бағзыдан бар көлшіктердің мүлде құрғап кетуі экологиялық зардаптарға апарады деп алаңдаулы.
– Өткен ғасырдың 80-ші жылдары Сасықкөл көлінде балық инспекторы қызметін атқардым. 1986 жылдан бері көлдің Сағат аумағына жауапты болдым. Үлкен көл мен көлшіктер арасын жалғайтын арна сол кезде бар еді. Инспектор кезімізде үлкен кісілерден бұл арнамен екі жаққа паром қатынағанын да естіген едік. Кейін жол түскен соң бұл маңға бір жолақты көпір салынып, арна тарылады. Құрылысшылар жолды су шаймасын деген жоспармен оны кішірейтеді. Бірақ сол судың өзі көлшіктегі табиғат байлығына жеткілікті болатын. Қазір соған зар болып қалдық, – дейді жылдар бойы осы жақтағы шаруаларға бас-көз болып жүрген Сүлеймен Әбдірахманов.
Оның айтуынша, Ерту аталатын мекендегі көлшіктер балықтардың уылдырық шашуына, майшабақтардың қалыпты өсуіне барынша қолайлы. Батпақты көлшіктегі судың жылы болуы ұсақ шаяндар мен жәндіктердің өсіп-өнуіне де ыңғайлы болған. Одан бөлек, көлшіктерде азықтық қордың мол болуы үйрек, қаз, аққу, аққұтан сынды құстардың осында мекендеуіне ықпал етіп келген. Үйреншікті құстарды айтпағанда, бұйра бірқазан мен жалбағай сияқты «Қызыл кітапқа» енгендер де ұя салып, балапан өрбіткен. Бауырымен жорғалаушыларды айтпағанда, қабан, елік, қоян, түлкі сынды жануарлар да көп болыпты. Кеңес заманында бұл маңда ондатр мен қарабурыл түлкі өсірілген екен. «Алакөл аң шаруашылығы» жұмыс істеп, бағалы тері даярлаған.
Батпақты көлшіктер орналасқан Ерту мен Сасықкөл – Алакөл-Сасықкөл көлдер жүйесінің бір бөлшегі. Бірақ Сасықкөл мемлекеттік инспекция қарауында болса, Ерту аң шаруашылығы ретінде жұмыс істейді. Айналып келгенде екі мекеменің де мақсаты бір. Ол – Алакөлдегі табиғат байлығын, оның ішінде балық шаруашылығында өзіндік маңызы бар Сасықкөлдің ел игілігіне қызмет етуін қамтамасыз ету. Алайда соңғы кездері осы екеуінің арасында қырғи-қабақтық орнап, түсінбестік асқынған. Жоғарыдағы басшылық бір болғанымен, аймақтық деңгейде міндет бөлінісінде былық бар сияқты. Инспекциядағылар көлдің суы мен балығы күре жол астындағы арна арқылы көлшіктерге кетіп жатқанын, соның кесірінен балық қоры азайып, көл қайраңданып бара жатқанын көлденең тартады. Ал аңшылық шаруашылығындағылар көл мен көлшіктер арасындағы су алмасудың еш зияны жоқ. Келген балық уылдырық шашқан соң кері оралады. Сонымен бірге көлшіктерді мекендейтін аң мен құстан тек пайда көре аламыз. Арна жабылған соң көлшіктер құрғап, басқа зиянды айтпағанда, қоршаған ортаға орны толмас зардаптар келеді.
– «Ерту» аңшылық шаруашылығы 2019 жылы Алматы облысы әкімдігінің қаулысы негізінде Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының келісімі бойынша құрылған. Жалпы аумағы 23 мың 70 гектарды құрайды. Келісімшарт 20 жыл мерзімге, яғни 2039 жылға дейін жасалған. Негізінен, көлдер арасындағы аумақтар ауылшаруашылық жұмыстарын жүргізуге жарамсыз. Себебі бұл маң батпақты әрі сортаң. Бірақ су болған кезде мұнда жануарлардың 6 түрі, құстың 19 түрі мекендейтін. Жергілікті қорықшылар оларды күзетіп қана қоймай, есептерін де жүргізетін, – дейді «Ерту» аң шаруашылығының қызметкері Денис Овчинников.
Жол жөндеушілер көпір салу мақсатында арнаны жапқан. Жұмыстар аяқталған соң көлшіктерді нәрлендіріп тұрған су көзі қалпына келтірілуі керек еді. Табиғат жанашырлары арнайы техника жалдап, Сасықкөл тұсындағы сағаны ашпақ болыпты. Бірақ оған «Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің Балқаш – Алакөл бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ Алакөл балық инспекциясы рұқсат бермепті. Өйткені «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-нің 2016 жылғы ағымдық мелиорация бойынша іс-шараларды жүргізудегі биологиялық негіздемесінде Сасықкөлдегі балық қорын сақтау үшін суды Ерту жаққа ағызу негізсіз деп танылған. Негіздемеде соңғы жылдары Сасықкөлдің қайраңданып бара жатқаны, уылдырық шашу кезінде балықтардың сумен бірге көлшіктерге өтіп кетуі және мұндай жағдайдың ала жаздай жалғасатындығының кесірінен көлдің өзінде балық қорының азайып бара жатқаны жазылған. Сондықтан су мен балықты жоғалтуды болдырмау мақсатында арнаны жауып, балық қорғау құрылғысын орнату ұсынылыпты.
– Бұрын 2 табиғи арна болды. Олардағы ағыс баяу еді және балықтар көлшіктерде уылдырық шашқаннан кейін «үлкен суға» қайта оралатын. Кейіннен арналарды қамыс басып, жол бойына және бүкіл аумаққа жайыла бастады. 90-шы жылдары көлден қысқа канал қазылды. Бұл канал бұрынғы арнаға қосылды. Бірақ ондағы судың ағысы қатты әрі жарқабақты еді. Таяз суда уылдырық шашатын балықтар ағысқа қарсы көтеріле алмай қалды. Амалсыз осындай қадамға барып отырмыз. Сасықкөл – балық шаруашылығы мақсатындағы су айдыны. Судың далаға кетуі үлкен көлдің табанын таяздатты. Балық аулаушылар қайығын жағалаудан 200 метр жерде қалдыратын жағдайға жетті, – дейді Алакөл балық инспекциясының басшысы Қалихан Жұманқұлов.
Оның сөзінше, Абай облысына қарасты Сағат ауылы ауызсуды үлкен көлден алатындығы да бұған себеп болып отырған көрінеді. Сасықкөл жағасындағы Сағат ауылына 2020 жылы ауызсу желісі тартылыпты. Алайда өткен қыста электр жарығы өшіп, сорап стансасы істен шығып қалыпты. Алдағы тамызда қайта қалпына келтірілмек. Оған дейін сағаттықтар көлдің суын тұтынады екен.
Жалпы Балқаш – Алакөл балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының деректері бойынша 2022 жылғы 1 шілдеден 2023 жылғы 1 шілдеге дейін Сасықкөлден 459,8 тонна балық және басқа да су жануарларын аулауға рұқсат алынған. Жоспар орындалыпты. Соған қарағанда, көлдегі балық қорына алаңдайтын негіз жоқ.
– Балық шаруашылығы субъектілері балық ресурстарын жасанды көбейту және толықтыру арқылы балық шаруашылығын дамыту жоспарларына сәйкес өздеріне алған міндеттемелерді орындауда. Сасықкөл көліне 45 мың дана бағалы балық түрлері жіберілсе, биылғы күзде олардың қатарына 49 мың сазан, тұқы, ақ амур және күміс тұқы балықтарын қоспақпыз, – дейді Балқаш – Алакөл бассейнаралық инспекциясының балық шаруашылығы бөлімі басшысы Айнұр Қалдаева.
Екі жақты да түсінуге болады. Айналып келгенде, жеке бастың емес, елдің-жердің қамын ойлаудан туындаған әрекеттердің ушықпай шешілгені жөн. Соған сай 23 мың гектар аумақтағы флора мен фаунасы көз алдымызда құрып бара жатқан көлшіктер алабының жайына орай ҚР Ғылым және жоғары білім комитетінің «Зоология институты» ШЖҚ РМК бас директорының міндетін атқарушы М. Чирикова берген түсініктемені басшылыққа алған дұрыс болар еді. Жазбаша түсініктемеде: «Арнаның мәнін бағалау кезінде «Ерту» сулы-батпақты жерлерінің экожүйесін және «Сасықкөл көлі» балық шаруашылығы су айдынының экожүйесін сақтаудың маңыздылығына салыстыру жүргізілмеген. Яғни, биологиялық негіздемені әзірлеген «ҚазОРҒЗИ» ЖШС мәселені балық шаруашылығы су айдынының пайдасына біржақты шешіпті. Сонымен қатар қолдағы деректерге сүйене отырып, сулы-батпақты жерлерді сақтау үшін канал арқылы мезгіл-мезгіл су жіберуді ұсынамыз. Неғұрлым байыпты қорытындыларды алу және тиісті ұсыныстарды әзірлеу үшін біздің институттың мамандары жүргізе алатын ұзақмерзімді далалық экспедициялық зерттеулер қажет», – деп жазылған.
Дастанбек САДЫҚ,
Жетісу облысы