Шаһар тұрғындары көшелер мен аулаларда, терезелерде қандаланың қаптап кеткені жайлы айтып, дабыл қаққан еді. Әлеуметтік желі арқылы жанайқайын жеткізген жұрт қандала пайда болғалы бері тыныш ұйқыдан қалғанын айтады. Мәселен, қала тұрғыны Ольга Колесникованың сөзінше, қаладағы Абай мен Саин көшелері қиылысының аумағында орналасқан үйлерге қандала москитті торлар арқылы кірген. Ал тағы бірі қандаланың түнгі уақытта қаптағанын, тіпті иісінен дем ала алмайтын халге жеткенін айтып шағымданады. Олар қауіпті жәндікпен күресудің бірнеше тәсілін қолданып көрсе де, нәтиже болмаған. Яғни, үйге жүргізілген тазалық жұмыстары, арнайы препараттар, терезедегі москитті торлар қандаланың таралуына тосқауыл бола алмаған. Тұрғындардың ойынша, бұл мәселе ағаштарға дұрыс күтім жасалмағаннан ушығып жатыр.
Айта кетейік, аталған паразиттің 40 мыңнан аса түрі бар. Саны жылдам көбейетін жәндіктің ересегі бір мезетте 300-500 жұмыртқа шығарып, олар 40 күн ішінде өсіп-жетіледі. Қандала үшін ең жайлы орын – жылы үй. Мамандар үй жайлы болса, қыс пен жазға қарамастан, маусым бойы белсенді болатынын ескертеді. Көбіне түнде, адам ұйқыға батқан кезде «жорыққа» шығады. Ағаштан жасалған жиһаздарда, төсек-орындарда, киімдерде, тіпті еден астында да жиі кездеседі.
Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының өсімдікті биологиялық қорғау бөлімінің басшысы Нұржан Мұхамадиевтің сөзінше, Алматыда қаптаған жәндік қарағаш қандаласы екен.
– Бұл қандаланың кең таралған түрі – Arocatus melanocephalus. Қарағаш қандаласы деп те аталады. Шамамен осыдан 4-5 жыл бұрын көбейген, сосын қайта азайды. Қарағаш қандаласы адам өмірі үшін қауіпті емес. Шақпайды. Бірақ адамнан шошыған кезде қорғаныш ретінде өзінен жағымсыз иіс бөледі. Сол арқылы адамға қолайсыз жағдай тудырады. Қарағаштың тұқымдарымен қоректенеді. Жақында олар қыстауға кетеді. Ағаш қандалаларының ошақтары көбіне жеке аулаларда қалыптасады. Уақытылы тазалық жұмыстары жүргізілмеген, ластанған орындар, ескі ағаштар – қандаланың шоғырлануына негізгі себеп, – дейді маман.
Н. Мұхамадиев қалада жеке аулалардың ағаштарын өңдеу кезінде проблемалар бар екенін жасырмады:
– Кейбір тұрғындар жәндікпен күресуге келген қызметкерлерді ауласына кіргізбейді. Бір тұрғын ауласын дәрілеп беру үшін мамандар шақырса, екіншісі қарсы шығады. Пәтер тұрғындарының бір-бірімен дұрыс келісе алмауынан қандаланың ошақтары қалып қояды. Ескі, дұрыс күтім жасалмаған ағаштар – қандалалар үшін қолайлы орын. Қазір әкімдік мұндай ағаштарды кесуді жоспарлап отыр. Ал ағаш әктеу эстетикалық көрініс ретінде әсер береді. Ағашқа күтім жасауда тек әкті қолдану жеткіліксіз. Бұдан жәндіктер жойылып кетпейді. Әкке тотияйын қосып, ағашты әктесе, жәндіктермен күресуде пайдалы. Олар қыстап жатқан дернәсілдер мен патогенді микроорганизмдерді күйдіріп жібереді, – дейді ол.
Сондай-ақ энтомолог маман ағаш қандаласымен күресудің жолдарын атап өтті. Оның айтуынша, дуст, ДДТ құралдар бірнеше жылдан бері қолдануға рұқсат етілмеген дәрілер тізімінде екен.
– Жәндіктерді жоюға арналған улы дәрілер, аты айтып тұрғандай, қауіпті. Сондықтан санитарлық, техникалық қауіпсіздікті басты назарға алуы тиіс. Одан бөлек, өсімдік қорғау ережесін де есте сақтаған жөн. Сіз қолданған препараттан үйіңіздегі бір адамның аллергиясы болуы мүмкін. Адамдар дезинфекцияны өздігінен орындамай, арнайы мамандардың көмегіне жүгінгені дұрыс. Терезедегі москитті торларға эвкалипт немесе самырсын майын жағып қойса, жәндік иістен қашады. Ағаш қандаласымен күресуде халық емін қолданып көруге болады. Мысалы, кірсабын, сарымсақ, пияз ерітіндісін езіп, терезенің айналасына сепсе, адам денсаулығы үшін де қауіпсіз. Дүкеннен дуст препараттарын байқап қалдым. Негізінде бұл қолданыста рұқсат етілмеген. Себебі олардың қалдықтары өте қауіпті. Әсері топырақта 100 жылға дейін сақталады. Адамзат үшін қауіпті ауруларды тудырады. Өсімдік қорғау саласында бұл дәрілер он жылдан бері тізімнен алынып тасталған, – дейді Н. Мұхамадиев.
Қала тұрғындарының мәселесін шешуде қандай шаралар қолға алынды? Бұл жөнінде Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасының бас маманы Нұркен Ақмырзадан сұрап білдік:
– Басқарма биыл жасыл желектерді зиянкестерден төрт рет өңдейді. Қазіргі уақытта үшінші кезең бойынша жұмыстар басталды. Сарапшылардың пікірінше, ағаш қандаласының көбеюіне осы жылғы ауа райы, атап айтсақ, көктемнің жаңбырлы болуы, одан кейін күннің бірден жылынуы өте қолайлы болған, – дейді басқарма өкілі.
Айта кетейік, қандала қаптайтын мұндай жағдай бес жылда бір қайталанып отырады екен.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы
© коллаж: Елдар Қаба